Жанармай тапшылығы қолдан жасалып отыр ма?

Oinet.kz 10-08-2019 1013

Screenshot_5.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының жанармай құю бекеттерінде дизель тапшы. Сұйық отынның осы түрімен қозғалатын көліктердің көбісі барар жеріне жете алмауда. Олардың арасында жолаушы тасымалдаумен айналысатын автобустар да бар. Әлеуметтік желілерде куәгерлер көтерген мәселе күнделікті өмірде орын алып жатқанымен облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев жанармай тапшылығын жоққа шығарды. Ол бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.  

Сапарбек Құрақбайұлына сенсек, облыста жанармай тапшылығы да, проблема да жоқ. Бірақ, оны бір кәсіпкердің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ауыл шаруашылығы саласына арнайы бөлінген арзандатылған дизель отынын ала алмағаны туралы шағымдануы брифинг беруге мәжбүр етіпті. Бұл әрекеті біз үшін түсіндіруден гөрі ақталуға көбірек ұқсаңқырады.   

– Арыс қаласында бір шаруаның арзатылған жанар май ала алмай қалдым деген шағымы көрсетілді. Бұл мәселе бойынша толық зерделеу жұмыстарын жүргізіп анықтадық. Алайда ол жанармай алу үшін аудандық әкімдікке, я болмаса арзандатылған жанармай құю бекетіне бармаған. Оны өзі де мойындап отыр. Осы брифингке де шақырған болатынбыз. Бірақ ол отбасылық жағдайына байланысты келуден бас тартты. Бұдан басқа Арыс қаласында арзандатылған жанар майдың көлемін тексеру жүргізілді. Жанармай жеткілікті. Егер шалғайдағы шаруаларға қажет болған жағдайда тапсырыс берсе, бекітілген операторлар жеткізіп беруге дайын. Яғни, ауыл шаруашылығына арналған жанармайда ешқандай проблема жоқ. Ал егер қандай да қиыншылықтар туындап жатса, кез келген шаруаның облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласуына болады, – деді брифинг беруші. 

Облыс әкімі  орынбасарының айтуынша, жалған мәлімдеме таратты делінген кәсіпкер өзінің жерін жалға алып отырған ірі фермердің жанармайға қатысты шу шығару туралы өтінішін орындаған. Егін шаруашылығымен айналыспайтын ол бұл әрекеті үшін міндетті түрде жауапқа тартылады.  

Биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша егін ору науқанын жүргізу үшін Үкіметтен облысқа 39 мың тонна жанармай бөлінген. Оның 13 мың тоннасы шілде айына, 12 мың тоннасы тамыз айы үшін қаралған. Ал 14 мың тонна сұйық отынды қыркүйек айында тарату жоспарланған. Қазіргі таңда шілдеге бөлінген жанармайдың 3,2 мың тоннасы толық таратылып берілсе, қалған 8,3 мың тоннасына қаражат төленіп, барлық аудандардың ауылдарындағы қоймаларға жеткізіліпті. «Арзандатылған жанармай алғысы келген кез келген шаруа алдымен өзі тұратын аудандағы әкімдікке барып, талон алып, жерінің көлеміне сәйкес қажет отынды ала алады.  Егер шаруа қоймадан өзі келіп алып кететін болса, 83 теңгеден, ал жанармай бекетінен алатын болса 85 теңгеден босатылады. Ал, оның нарықтағы бағасы – 99 теңге. Арзандатылған сұйық отынды жеткізіп берумен облыста 17 оператор айналысады. Әр ауданда бір-бір оператордан. Сарыағаш пен Мақтарал ауданында екі оператордан бекітілген. Олар облыс бойынша 56 жанармай құю бекетін қамтып отыр. Операторлардың тасымалдайтын 70 көлігі бар. Сұраныс түскен жағдайда жеткізіп бере алады», дейді ол.

С.Тұяқбаевтың сөзіне сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығына бөлінген жанармай ғана емес, сонымен қатар жанармайдың өзге түрлерінде де тапшылық болмауы тиіс. Өйткені бұл мақсатта шілде айына қосымша 58 мың 670 тонна жанармай берілген. Оның ішінде дизель – 30 мың тоннаға жуық, АИ-92 маркалы бензині – 24 мың тонна, АИ-80 – 5450 тонна. Оың 26 мың тоннасы «Гелиос», «Қазмұнайгаз», «Синойл» және «Газпромнефть» сияқты ірі операторлардың иелігіндегі 75 бекет арқылы, ал 23 мың тоннасы облыстағы  39 опеартордың 439 бекеті арқылы босатылуда. 

«Қазіргі таңда бұрынғы жүйе жаңарып, шаруалар жаңадан қалыптасқан жүйе бойынша жанар-жағармай алуда. Бізде бұл жұмыстарға қосымша, облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірлесу арқылы, облыстық жанар-жағармай қауымдастығымен және облыстық кәсіпкерлік палатасымен арнайы мониторинг жүргізіліп жатыр. Егер қандай да бір олқылық орын алған жағдайда арнайы құрылған жұмысшы тобымен тиісті шаралар қабылдайтын боламыз», - деді С.Тұяқбаев.

Дегенмен облыста дизель отыны тапшы, жанармай құю бекеттерінде жоқ десе де болады. Оның себебін С.Тұяқбаев көрші Ресей мен Қырғызстанда осы маркадағы  сұйық отын бағасының біршама өскенімен байланыстырады. Қоңсы мемлекеттерде дизель 150 теңгеден сатылуда. Алыпсатарлар сол елдерге өткізіп, көбірек пайда тапқысы келеді. 

– Біз операторларға жанармайды өте көп көлемде сатпауды өтіндік. Өйткені олар алыпсатарлар болуы мүмкін. Шекарадан жанармай өткізуді бақылауды күшейттік. Бұған полиция қызметі де жұмылдырылды. Әзірге Қырғызстанға ірі көлемде өткізіп жатқан дерек тіркелген жоқ. Дегенмен бізде де баға өседі деген оймен облыстағы бекеттер де сатпай отыруы мүмкін. Егер сондай жағдайларды кездестірсеңіздер, кәсіпкерлік басқармасына хабарласыңыздар. Біз қоймасында жанар май бар бола тұрып сатпай қойғандарды операторлықтан шығарып тастаймыз. Бұл олар үшін өте үлкен жаза! – деді Сапарбек Құрақбайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары солай дегенімен арада үш-төрт күн өтсе де жазаланғандар туралы ешкім ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Соған қарағанда ешкім жауапқа тартылмаған секілді. Ал, жанармай бекеттеріндегі тапшылық жойылар емес. Әлде операторлар С.Тұяқбаевтың ескертпесін естімеді ме, кім білсін...

Мұрағаттан, 2016 ж

Отпен ойнағанның ақыры...
Шұрайлы жерлерді шенеуніктердің туыстары жекешелендіріп алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу