Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Қаржы полициясының орнын басқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының қарқыны қатты. Соңғы айларда Ұлттық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаменті тап бір аңшылардай, сыбайластарды маусымдық науқанға қарай аулауға кірісті. Дәл қазір студент қабылдау, оқу орындары арасында грантқа таласу науқаны қызып тұр. Антикоррупциялық қызметтің өкілдері осы науқан кезінде іс-қимыл жасап қалғысы келетін сияқты.
Осыдан екі-үш апта бұрын Шымкент қалалық мәслихатының бір депутатын, қаладағы колледж директорын парамен ұстаған. Оның артынша облыстағы білдей бір жоғары оқу орны ректорының үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарының басталғанын жария етті. Енді, міне, облыстағы орта арнаулы оқу орны директорының парамен қолға түскені белгілі болып отыр. Ұсталған колледж директоры Амангелді Сопбеков облыстық мәслихаттың депутаты. Бұл соңғы айларға қолына кісен салынған үшінші депутат.
Анықталғандай, А.Сопбеков делдал арқылы,яғни аталған мекеменің қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімнің басшысы арқылы Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының лауазымды тұлғасына 3 миллион теңге пара берген. Пара колледжге мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін гранттардың санын көбейту мақсатында ұсынылған көрінеді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған. Әзірге таратылған ресми ақпарат осы ғана.
Біздің білетініміз, Амангелді Сопбеков экономика ғылымының докторы.Білім саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етеді. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қайырымдылық істерімен көзге түскен азамат. Сарыағаш ауданындағы туған ауылына мешіт салып берген. Жетімдер үйіне, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып тұрады. 2007 жылы Сарыағаш ауданындағы елді мекендерді тасқын су алған кезде Амангелді Сопбеков зардап шегушілерге ұн, нан сияқты өнімдерді жеткізіп беріп, оның бұл азаматтығы облыс басшылығы тарапынан да аталып өткен болатын. Ел арасында оның 2015 жылы тәжік азаматының қолынан қастандықпен қаза тапқан азаматтың отбасына көмектескені, тіпті түрмеде жатқан әйелдердің өтініші бойынша олардың намаз оқитын бөлмелерін жөндетіп бергені туралы жақсы пікірлер айтылады. Депутаттың қалай, қандай айғақтармен ұсталғаны әзірге белгісіз. Түсініксіз жайттар көп. Амангелді Сопбеков колледждің директоры қызметіне дейін облыстық білім басқармасында жұмыс істеген. Яғни, мекемедегі жағдайды бес саусағындай біледі десек қаталеспейтін шығармыз. Политехникалық колледж оның жекеменшігі емес. Егер грант көптеп бөлінсе ол директордың емес, колледждің игілігіне бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Ал ақшаны игеру басшының бұйрығына сәйкес жүзеге асады. Жылда грант бөлінетін уақытта колледж бен басқарма арасында дорба қатынастың болып тұруы баяғыдан бар үрдіс пе, әлде басқарманың жаңа басшысының тұсында жандана түсті ме? Бұл туралы алдағы уақытта зерттеу жүргізе жатармыз. 3 миллион теңге білім басқармасындағылардың бұрыннан алып жүрген сыбағалары болуы мүмкін. Бірақ бұл жылы жағдай күрт өзгерген. Басқармадағылар осы жолы Сопбековты құрулы қақпанға апарып түсірген сияқты. Не үшін? Бәлкім, бәрі Ұлттық бюроның алдын ала жасаған сценарийі бойынша жасалды ма екен?
Амангелді Сопбеков облыстық мәслихаттың үш шақырылымына депутат болып сайланды. Жасыратыны жоқ, облыстық мәслихаттағы ең белсенді депутаттың бірі еді. Биылғы сайлауға ол әдеттегіше Сарыағаш ауданынан түскен жоқ. Ел арасында айтылып жүрген әңгімелер рас болса, биыл облыста өте ықпалды бір кәсіпкер сол Сарыағаштағы Сопбековтың округінен сайлауға түсті. Сыйлас ағасымен үзеңгі қағыстырғанды өзіне ар көрді ме, әйтеуір Сопбеков бұл жолы Шардара ауданынан бақ сынаған. «Ақ жол» партиясының атынан. Сайлау барысында жоғарыдағыларға қолайсыз кандидаттарды саяси науқанға жеткізбей, түрлі сылтаулармен шығарып тастау биыл сұмдық болды. Сопбеков те сайлаудан сырт қалуы тиіс кандидаттардың бірі болуы керек еді. Алайда ол ешкім күтпеген мінез танытты.
Додаға ат қосқандар мәреге жақындағанда кезде сайлау комиссиясының мүшелері жиналып, әдеттегідей қолайсыз кандидаттың декларациясына қатысты мәселені қарауды енді қарай бастаған кезде ішке Сопбеков баса-көктеп кірген. Үстіне белгісіз сұйықтықты құйып, өз-өзін өртеймін деп қорқытқан. Сопбеков шамасы жасалғалы тұрған әділетсіздікті сезген, оған жол бермеу үшін осындай шалыс қадамға барған. Әрине, бұл құптарлық тірлік емес. Бірақ осы бір оқиға оның кандидатурасын сақтап қалды. Сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіру фактісі бойынша тергеу амалдары басталады.
Сайлауда А.Сопбеков «Нұр Отан» партиясынан түскен қарсыласын басым дауыспен жеңіп шықты. Өз-өзін өртемек болған әрекеті бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу амалдарын бастады. Сәуірде оның қысқартылғаны белгілі болды. Енді міне, бәрі қалыпқа түсе бастаған кезде Сопбеков пара берді деген күдікпен қамауға алынып отыр. Кездейсоқтық па? Әзірге пәлен-түген деп айту артықтау. Бірақ билікке қарсы келгеннің қай-қайсы да оңбайда деп басқаларға сес көрсетіп қою ма?.. Міне, саған отпен ойнағанның ақыры...
P.S.Мұның алдында Ұлттық бюроның қызметкерлері медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің ОҚО бойынша департаменті директорының орынбасарын және бөлім басшысын ұстады. Пара алғандары үшін. Медициналық қызметке ақы төлеу үшін де жоғарыдағыларға бірдеңе беруің керек екен. Ұстау операциясы кезінде аталған мекеме басшысының орынбасары Бибі Қалыбекованың сөмкесінен 793 мың теңге мен 1000 доллар шыққан. Ұсталған азаматша теңгелей параны бөлім басшысы Жұмақовтан, ал 1000 долларды «Дау-мед» клиникасынан алғанын ашық айтқан. Тінту барысында одан Шымкенттегі №8 емхананың бас есепшісінен алынған 500 доллар, Түркістандағы клинкалық-диагностикалық орталықтың бухгалтерінен алынған 300 мың теңге табылған. Ал Жұмақов тергеу кезінде 67 медициналық мекемеден 10-30 мың теңгеден ақша жинағанын, одан түскен 993 мың теңгенің 793 мың теңгесін бастығы Қалыбековаға бергенін, 200 мың теңгені өзінің қажетіне жұмсағанын айтыпты.
Ұлттық бюро қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда Бибі Қалыбекова қарамағындағы бөлім басшысымен сыбайласып, медициналық мекемелерден ақша жинауды жүйелі түрде жасап отырған. Соңғы мәліметтерге қарағанда Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының үстінен медицина мекемелерінен заңсыз сыйақы, ақша алу фактілеріне қатысты тексеру жүріп жатқаны белгілі болып отыр.
Мұрағаттан, 2016 ж, шілде