«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіге үңілген заман-ай десеңізші. Баяғыда жұрт классикалық дүние іздесе, қазір бір-бірінің фейсбукке не ішіп, не жегенін жазған туындыларын оқып шаттанатын болған. Әйтеуір, базардағы қу дүние қымбаттап, рухани дүние арзандаған уақыт болып тұр ғой, қазір.
Осы жұрт не айтып жатыр екен, деп фейсбукке көз салып қоятын әдет бізде де бар. Адамға ой салатын мына бір дүниені белгілі ақын-жазушы, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде білдей шенеуніктің папкісін ұстап жүрген Ақберен Елгезек бауырымыз жазыпты: «Құстың сықылығын, иттің үргенін, тіпті адамның сөйлегенін ұқсатып үн шығаратын піл әлемде тек Қазақ елінде болған. Қазір Кореяда бар дейді. Дегенмен әлемнің назарына ілінген сөйлегіш піл - қазақтың пілі еді. Оның аты Батыр болатын. Қарағанды хайуанаттар бағының тұрғыны болған әлгі піл сұмдық талантты болыпты. Естіген дыбысты айнытпай салу қабілеті арқылы Батыр 1977 жылы дүниенің күллі зоологтарын елең еткізген. Батырдың феномені -жануарлардың сөйлеу қабілеті болуы мүмкін деген теорияның пайда болуына әсер етіпті. Батыр 1969 жылы туып, 1993 жылы өледі. 24 жылдық ғұмырында ол әлемдегі ең атақты піл болған. Кезінде Батырдың суреті сомдалған пошталық марка да шыққанын айта кету керек. Меніңше осы Батырға бір ескерткіш қойсақ, артық етпес. Қазақтың атын шығарған піл ғой».
Иә, піл, әңгіменің өзегі кәдімгі піл. Үнділер үсті-басын әшекейлеп, ат сияқты көшеде мініп жүре беретін хайуан. Сояудай тісі бар, Африканың ну жынысты орманында жүрген тағы. Ал Ақбереннің айтып отырғаны қазақтың пілі. Дәлірегі хайуанаттар бағында, темір қоршаудың ішінде өмір сүрген, әлдеқашан өлген, бәлкім сүйегі де қурап кеткен піл. Ақберен бауырымыз оны 23 жылдан кейін жоқтап, ескерткіш қойсақ деп еміреніп отыр.
Шымкентте батырларымыздың тақымындағы аттардың ескерткішін күнде көріп жүрміз ғой. Ал енді пілдің ескерткішін көрсек, бәлкім ол қызықтау болар ма еді? Осы жазбаны оқыған кезде Шымкентте Елбасыға алтыннан ескерткіш қоямын деп, дүрлігіп, ақпарат құралдарын шулатып, бірақ ақыр аяғында діттеген мақсатына жете алмаған бір ағамыздың тірлігі еске түсті. Былтыр дәл осы уақытта қазақтың алыптары Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың дайын ескерткішін тұғырына қоя алмай пүшайман жеген бір жігіт есімізге түсті. Қазақтың осындай марқасқаларына бір ескерткішті қия алмай жүргенде Ақберен бауырымыздың тілегі қабыл болып, Шымкентте, бәлкім Қарағандыда немесе Алматы мен Астанада қазақтың атын шығарған пілге ескерткіш орнатылса... Онда не ұтар едік?
Әжептәуір абырой жинаған болар едік. Алдымен қазақтар пілге ескерткіш орнатты деп, шетелдің қызыққұмар ақпарат құралдары шулап қоя берер еді. Бәлкім, біздің жақтың жануарын құрмет тұттыңдар деп, үнділер қонаққа шақырар ма еді? Облыстың, қаланың тізгінін ұстаған әкімдер осы шақыруға елпең ете қалып жетіп барса... сол жақтағы әріптестерімен байланыс орнатылса... инвестор тартылса... кейінгі кездері онсыз да қыз берісіп жүрген Үндістанмен ара қатынасымыз тереңдей түседі емес пе? Инвестор келсе, зауыт салынса, бюджеттің бүйірі тоқ болады әрі жұмыссыз жүрген қазаққа нәпақа тауып береді ғой. Міне, сізге пайда қайда жатыр? ...Бірақ денесі бүкшиген, еңзеңгердей жануардың ескерткішін көрген жұрт не дер еді? Шеттен келген қонақ не дер еді? Сіз не дер едіңіз?
Ақберен бауырымызды піл туралы жазды деп, соншама жазғырып жатқан жайымыз жоқ. Мәселе пілде емес, піл жарықтықтың тақырыпқа тек тамызық болып тұрғанын өзіңіз де сезген шығарсыз...
Кейінгі кезде Оңтүстіктің идеология саласының тізгіні шеттен, Алматы, Астанадан келгендердің қолына тиіп жүргені рас. Бұған қуанбасақ, ренжіп жүрген біз жоқ. Білген адамға Шымкенттің шын мәнінде мегаполиске айнала бастағанын білдіретін өзгеріс бұл. Оның үстіне жаңа идеологтарымыз жайшылықта шақырып келтіре алмайтын Берік Уәли, Ақберен Елгезек сияқты қазақ әдебиетінің көшін жалғап жүрген, көсемсөз айтып, топтан озған, күнде теледидардан түспейтін, аузына ел қараған ақын-жазушы, журналист, ең бастысы қазақшыл, алашшыл азаматтар болса неге қуанбаймыз?! Бірақ сол ел көп үміт күткен марғасқаларымыз сенімді ақтады ма, жоқ па?
Мойындау керек, Мырзахметовтың идеология жөніндегі орынбасары деген ресми атағы болмаса да осы саладағы жұмыстарға басшылық жасаған Берік Уәли айналдырған екі-үш жылдың көлемінде бірқатар шаруаларды тындырды. Беріктің бастамасымен Оңтүстікте Наурызды тоғыз күн тойлайтын дәстүр қалыптасты. Шымкентте Алаш қайраткерлеріне арнап конференция ұйымдастырғаны да есте. Ішкі саясат басқармасына басшы болған тұста ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесі ерекшелеу тойланды. Берік Уәли Астанаға кетіп, Атамқұловтың командасынан Ақберен Елгезек бауырымыз көрінгенде кәдімгідей қуанғанымызды да жасыра алмаймыз. Алғашқыда әлеуметтік желіде оның облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалғаны жазылып, жұрт жаппай құттықтаған. Алайда баспасөз хатшылығының креслосы А.Елгезекке қолайсыздау болып шықты ма, әйтеуір, біраз уақыттан кейін оның облыс әкімі аппаратының басшысының орынбасары лауазымына тағайындалғаны жөнінде ресми ақпарат таратылды. Бірақ білетіндер «Ақ үйдегі» идеология саласындағы тірліктің бәрін осы тірлігіне пысық Ақберен Елгезек үйлестіреді дейді. Өзінің қызметіне ғана өлшеніп сызылған шеңберінен жиі шығып кете беріп, «басқалардың бақшасына түсетінін» тілге тиек ететіндерді өзара түсінбеушілігі шығар дейтінбіз. Сөйткен идеологымыздың пілдің сықылықтағанын, ит болып үргенін қызық көріп, соған ескерткіш орнатайық деп отырғаны мынау. Біздіңше қызара бөртіп руханият жайлы қызу әңгіме қозғауға құмар Ақберен Елгезек дәл осы жолы елес қуып жүр. Әйтпесе пілге ескерткіш қоюдан басқа проблема жоқ па?
Ақыр ескерткіш туралы әңгіме болған соң біраз жайтты еске түсіргеннің реті келген сияқты. Кезінде Шымкентте Алаштың алыбы Сұлтанбек Қожановқа бір ескерткіш орнатсақ дегенді облыстық мәслихаттың депутаттары көтерген. Алайда осы бастаманы ары қарай алып кете алатын азамат табылмай тұр. Шығыстың Сұлтанбегі уақтысында бодандықтың бұғауын киіп, патша заманынан бері киргиз аталып кеткен халыққа қазақ деген тарихи атауын қайтарып берген тұлға. Бүкіл әлемді «қазақ», «Қазақстан» деп сөйлеткен Сұлтанбек Қожанов құстың тілінде сықылықтаумен қазақтың атын шығарған «Батырдан» кем бе еді, Ақберен-ау!? Онда «неге Сұлтекең-е бір ескерткіш орнатсақ артық болмас па еді» демейсің.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақ хандығының ордасы атанған өлке. Түркістан, Сайрам, Отырар, Сауран, Созақ қай-қайсысы да Қазақ хандығының тірегі болған қалалар. Бірақ осы өңірде қазақтың хандарына қойылған ескерткіш кемде-кем. Ал Шымкентті мың айналсаңыз да бір қазақтың ханын таппайсыз. Неге? Әр тайпа, әр ру өз батырын ұлықтап жатқан кезде идеология саласына басшылық жасап жүрген азаматтардың айтқан сөздерінің сиқы, міне осындай боп тұр.
P.S. Біздің ойымызша, дүниедегі ең жақсы піл өз тілінде сөйлеген піл болса керек. Құс болып ұшып кете алмаған соң құстың тілінде сөйлегеннен, ит болып үргеннен не қайыр? Ұзынқұлақтан естуімізше, кейінгі кездері облыс әкімдігіндегілер де басқа тілде сөйлеуге тым әуес болып кеткенге ұқсайды. Бұл да идеология саласындағы жұмыстардың әлсіздігінен, осы саладағы азаматтардың ұлттық мүддеге деген жанашырлығының төмендігінен шығар, бәлкім.
Жәнібек Тархан,
Мұрағаттан, 2016 ж