Қанат Естек, «Бақытты отбасы» кітабының авторы: «​20 жылдан бері анасын таппай жүрміз»

Oinet.kz 28-03-2024 271

- Қанат Ғалымжанұлы, қазір Астана қаласы мәслихаты VIII сайланымының депутатысыз. Оның алдыңғы сайлауларға да түскен екенсіз. Бұған дейін бірнеше лауазымды қызметтерді атқардыңыз, табысты кәсіпкерсіз. Жалпы депутат болудағы мақсатының қандай болды?

Screenshot_3.jpg

- Мен Астана қаласы мәслихатының VII шақырылымына да қатысқан болатынмын. Бірақ өте алмадым. Сөйтіп осы жолы өттім. Негізі қоғамдық жұмыстармен айналысып жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Ал депутаттық мандат осы қоғамдық жұмыстарымды жеңілдету үшін қажет болды. Халықтың өтініші, елдің мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай оны орындау үшін депутаттық қызметтің әрине көмегі тиюде. Мен фейсбук секілді барлық әлеуметтік желілерде белсендімін, әрдайым ашықпын. 

- Көпшілік сізді кәсіпкер, депутаттан гөрі «Бақытты отбасы» кітабының авторы ретінде кеңінен таныды. 2020 жылы оқырманға жол тартқан кітабыңыздың желісі бойынша «Хабар» телеарнасы «Бозторғай» телехикаясын түсірді. Білуімізше сериалдан кейін кітапқа сұраныс артыпты. Осыған орай кітабыңыздың тиражын көбейту керек деп есептемейсіз бе?

- «Бақытты отбасы» кітабы менің әпкем Қарлыға мен жездем Нұрланның өмірбаянына құрылған туынды. Олар 1992 жылы Арқалықтағы балалар үйінен 10 баланы асырап, өсіріп жетілдірген. Кітап 2000 дана тиражбен шыққан болатын. Телесериал көрерменге көрсетілгеннен кейін кітапқа сұраныстың артқаны рас. Таппай жүрген оқырмандар маған көп хабарласады. Сұранысқа сай алдағы уақытта кітаптың тағы екі мың данасын шығару жоспарымда бар. Осы орайда көрерменнің көңілінен шыққан «Бозторғай» телесериалының екі маусымының жарық көруіне мұрындық болып, қолдаған «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли мырзаға алғыс айтқым келеді. 

- Сұхбаттарыңызда асырап алынған 10 баланың кенжесі Ермектің анасын іздестіріп жатқаныңызды айтып едіңіз. Нәтиже бар ма? Жалпы сізден ата-анасын іздестіруге көмектесуін сұрап, хабарласатындар көп секілді?

- Балалар 13 жасынан бастап өздерін асырап алғаны туралы біле бастады. Бәлкім оған дейін іштей сезген болар. Бірақ туған аналары туралы әңгімені 18 жасында ашық айттық. Әрқайсысынан «туған анаңды көргің келе ме?» деп сұрадым. Әр¬түр¬лі реакция болды. Ал Ермек туған анасын көргісі келетінін айт¬қан алғашқы бала. Оған берген уәдем бар. Сол үшін тырысып жүр¬мін. Ермектің анасын іздеп жүргенімізге жалпы 20 жылдай болды. Уақыт өтіп бара жатыр. Ал нәтиже әлі жоқ. Анасы туралы құжаттағы мәліметті зерттеп көр¬сек, шындыққа жанаспайды. Мекемелерге барсақ, елімізде аты-жөні мұндай адам жоғын айтады. Білуімше, бұрын баланы өткізу туралы құжат тапсырғанда өтірік есім мен мекенжай жазып берген сыңайлы. Кейіннен басқа балалар¬дың да құжатынан сәйкессіздік байқадық. Іздеу нәтижесінде сол жылы, сол уақытта Арқалықтағы перзентханада босанған өзге келіншектерді, қызметкерлерді де тапқан болатынбыз. Ешкім танымайды екен. Оның үстіне арада көп жылдар өтіп кеткендіктен біраз нәрсе ұмытылып кеткен. Оның анасын телеарналар арқылы да іздеп жатырмыз. Негізінен «Бақытты отбасы» кітабын жазуыма да осы Ермектің тағдыры түрткі болды десем болады. Әрине бірінші кезекте әпкем мен жездемнің өмірін баяндағым келді. Дей тұрғанмен осы туынды арқылы Ермектің анасы табылып қалар деген үмітімнің де болғаны рас. «Бозторғай» телесериалы да оның анасын іздеуге септігін тигізетін болар дегенбіз. Іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Әлі іздеп жатырмын. Бір айта кетерлігі осы жұмыстардың арасында өзге балалардың аналары табылды. «Кезінде мен де баламды тастап кетіп едім. Енді баламды тапқым келеді. Көмектесіңізші» деп маған хабарласқан әйелдер болды. Іздедік, біразын таптық. Одан бөлек «анамды тауып беріңізші» деп сұранған қыз-жігіттердің де өтінішін жерге қалдырмадым. Олардың кейбірі аналарымен қауышты. Бірақ бұл жеке бастың құпиясы болғандықтан барлығын ашық жариялап айта алмаймын. Жалпы тастандылардың аналарын, туыстарын іздеу өте нәзік әрі күрделі жағдай. Себебі ол аналардың көбісі бүгінде отбасылы, балалы-шағалы болғандықтан ашық түрде іздей алмайсың. Оның отбасы бұл құпияны қалай қабылдайтынын білмейсің ғой. Сол себепті біреудің шаңырағын шайқалтып аламын ба деген қауіп болады. 

- Нұрлан мен Қарлыға балаларды асырап алған Арқалықтағы сәбилер үйі әлі бар ма?

- Арқалықтағы сәбилер үйі қазір жоқ. Екі-үш жылдай болды-ау деймін ол мекеме толықтай жабылды. 

- Кезінде жетімдер үйіне балаларын тастап кеткен аналарды 90 жылдары елімізде жағдай ауыр болды деп ақтап жатамыз. Алайда егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да әлі тірі жетімдер азаяр емес. Қоқыстан, әжетханадан табылып жатқан сәбилер көп. Бұл дегеніміз Қазақстанның әлеуметтік жағдайының әлі де нашарлығын білдіре ме әлде өзге де себептері бар ма?

- 90 жылдарға оралатын болсақ сол кезде балаларын тастап кеткен жас қыздар, аналар көп болды. Алайда сол кезде де және қазір де мен олар туралы жаман айтқан емеспін және айта алмаймын. Мен ол аналарды әлі де қорғаймын. «Дүниеде ең қымбат ана деген, анадан артық адам бар ма екен?!» деген қағидамды әрқашан жоғары ұстаймын. Себебі бұл аналардың ешқандай кінәсі жоқ. Ия, рас олар балаларын тастады. Қателесті. Алайда сол заман қиын болды. Жалғыз басты ана түгілі толық отбасылар жалғыз баласын асырау мұңға айналған қиын қыстау кезең болды. Ия, барлығы оларды «туған баласын тастап кетті» деп айыптайды. Бірақ мен оларды нағыз батыр аналар деп айтар едім. Өйткені олар ата-ана, туыс, таныстарынан жасырынып, қашып-пысып, тоғыз ай он күн балаларын жүрегінің астында өсіріп, перзентханаға барып босанды. Ұл-қызын мына жарық әлемге әкелді. Қанша қиын болса да дәретханаға тастаған жоқ. Өлтірмеді! Олар балаларын үкіметке тапсырды. Ал егер босанып, перзентін үйіне апарғанда жағдайдың қалай боларын кім білсін?! Қара басын асырай алмай отырғанда баласын аштан өлтіріп алар ма еді деген қауіп төнер еді. Сондықтан мен оларды нағыз батыр деп айтамын. Менің жеке пікірім осындай.

Қазіргі жағдайды баяндайтын болсақ әрине жетімдер үйінің аты ауысқанымен заты ауысқан жоқ. Елімізде балалар, сәбилер үйі әлі де бар. Қазақ халқында ғана «жетімін жылатпаған» деген сөз бар. Өкінішке қарай бұл қағидамызды бүгінде іспен дәлелдей алмай отырмыз. Жетімдер, тастанды балалар бұрынғы жылдармен салыстырғанда азайғанымен әлі бар. Ал шетелде мұндай мекемелер жоқ. Қазір балалар үйін азайту, жабу мәселесі мәжілісте де қаралып жатыр. Арнайы бағдарламаның нәтижесінде алдағы 3-4 жылда мұндай мекемелер жойылады деген жоспар бар. Яғни бала асырап алушыларға қомақты қаражат беру секілді көптеген көмек көрсету көзделіп отыр. 

- Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздік жылдарында шамамен 10 мыңдай қазақстандық баланы шетелдіктер асырап алды. 2012 жылдан бері АҚШ азаматтарының бізден бала асырап алуына тыйым салынды. Ресми ақпараттар бойынша қазір шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап ала алмайды. Сұхбаттарыңызда 90-92 жылдары бала асырап алудың қиын болғанын айтыпсыз. Ал қазір ше? Бала асырап алудың машақаты әлі де көп пе?

- Кезінде қазақтың қаншама қарадомалақ ұлдары, қаракөз қыздары мұхит асып кеткені бәрімізге аян. Америка, Еуропа, тіпті Израильге де жібердік. Дені сауына, денсаулығы жоқтығына да қарамадық. Бәрі кетті. (Сол кезде шетел асқан балалар бүгінде туған ата-аналарын шырқырап іздеп жүр. Олардың біразын білемін.) Оның бірден бір себебі Қазақстаннан шетелдіктерге бала асырап алу жеңіл болды. Баланы кімдер асырап алуға болады деген шешімді жеке меншік, лицензиясы бар мекемелер қабылдады. Олар қазақтарға өзіміздің ұл-қызымызды оңайлықпен асырап алуға бермеді. Талаптары тым жоғары болғандықтан балаларды қазақ отбасыларының асырап алуы сирек еді. Сол себепті балалардың дені шетелдік отбасыларға берілді. 2017 жылдардан бастап елімізде балаларды асырап алу едәуір жеңілдеді. Қазір де оңай. Асырап аламын дейтін азаматтарға барлық ақпарат ашық, жол көрсетілген. Асырап алуға болатын балаларды арнайы сайттан көруге болады. Ол жерде бала туралы бүкіл ақпарат пен суреті жарияланған. Кейбірінің тіпті руына дейін жазылған. Сол балалардың бірін асырап алғыңыз келсе жергілікті органдарға жүгінесіз. Қазір асырап алушыға бұрынғыдай қатаң талаптар қойылмайды. Тұрмыс жағдайы түзу , бұрын сотталмаған, денсаулыңында кінәрат болмауы керек. Егер асырап алушының өз баспанасы болмай жалдамалы пәтерде тұрса немесе туысының үйінде тұрса да баланы асырап алуға құқылы. Тағы бір мәселе қазір тіпті жалғыз басты әйелдер де бала асырап ала алады. Асырап алушыларды арнайы курстан өткізеді. Яғни ана-аналарды психологиялық жағынан да дайындайды. Бала асырап алу жөнінде мамандар тегін кеңес те беріп жатыр. Ең бастысы олардың ниеті болса болды. Дәл қазір «Ойбай бала асырап ала алмай жүрмін, әуресі көп» дейтіндерге өз басым сенбеймін. Қазір бала асырап алуға елімізде ешқандай кедергі жоқ, керісінше барлық жағдай жеңілдетілген. 

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай

Тұрғымбаевтың қолдаушысы: Экс-министр қазір қайда жүр?
«Күтіңіз! Мен келемін!». Мақсұт Исахов түрмеден хат жазды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу