Сапарбаев - Сайрамға, Мамытбеков - Ордабасыға, Телғараев - Қазығұртқа

Oinet.kz 25-06-2019 974

Screenshot_7.jpg

Мәжіліске депутат болып кеткен аудан әкімі Уәлихан Қайназаровтың орнына, яғни сансыз баптардың мекені Сайрамға Самат Сапарбаев әкім болып барды.

Халқының саны көп, облыс түгілі республикадағы ірі ауданның бірі саналатын Сайрамға көбіне тәжірибесі мол қызметкер жіберіледі. Сондықтан да шығар, Қайназаровтың орны Атамқұловтың орынбасаларының біріне бұйырады деген әңгімелер шығып еді.  Алайда Сайрамның тізгіні соңғы үш жылда Ордабасы ауданының әкімі болып келген Самат Сапарбаевқа тиді. Біздіңше сәтті таңдау болған сияқты. 

Сайрам Самат Сапарбаевтың туған жері. Шенеуніктік карьерасын осы ауданда комсомолдан бастаған.  1992 жылы   жастар ісі бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, аумақты дамыту және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Сайрам ауданы Қарасу ауыл округінің әкімі, Сайрам ауданы әкімі аппаратының басшысы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған. Алайда билікке жергілікті жерден шыққан кадр келсе, жұмыстың  бәрін шырқ үйіріп әкетеді деген сөз емес бұл. Сапарбаев Ордабасының басқарған алғашқы жылдары жұмысындағы кемшілігі үшін облыс басшылығы тарапынан біраз қатаңдау ескертулер естігені рас. Үш жылда ол қаншалықты тәжірибе жинай алды? Сапарбаевтың сыналатын кезі енді келген сияқты. 

Ал Ордабасы ауданының әкімі болып бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Алмасбек Мамытбеков тағайындалды.

Алмасбек Мамытбеков мемлекеттік қызметте жолы болғыш азамат десек мұнымыз артық айтқандық емес шығар. Ол кезінде небір ығайлар мен сығайлар, мықтылар таласып ала алмаған қызметтерге у-шусыз тағайындалып кетті. «Нұр Отанда», Ішкі саясат басқармасында солай болды. Бәлкім жолының болғыштығы тәжірибесінің молдығымен де байланысты болуы мүмкін.  Өйткені Мамытбековтың расында да  еңбек жолы бай. Шенеуніктік карьерасын Шымкент қалалық жастар ісі, туризм және спорт басқармасының маманы болып бастаған. 2005-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, «Нұр-Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. Биыл ол қайта құрылған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған болатын. 

Кеше түс қайта Қазығұрт ауданының әкімі де жаңарды. Қазығұртты бұған дейін басқарып келген Болатбек Қыстауовтың қандай қызметке ауысқаны әзірге белгісіз болып тұр. Ал оның орнына    Төлеген Телғараев тағайындалды. 1973 жылы туылған азаматтың  мамандығы – инженер-механик, экономист-қаржыгер. Еңбек жолында облыстық  қаржы департаменті мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті еңбек рыногы және квоталау бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарған. 2008 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етіп келді. Бір орында сегіз жыл табан аудармай отырған азаматқа енді аудан әкімінің міндеті сеніп тапсырылды.

Облыста әлі Шардара ауданы әкімінің, екі бірдей басқарма басшысының  орны бос тұр. Әкімдер арасындағы ауыс-түйіс әлі жалғасады. Облыс әкімінің аппараты басшысының  орынтағы да кімге бұйырар екен? 

Мұрағаттан, 2016 ж

Мырзахметов пен Мамытбеков көзін таппаған тірлікті Атамқұлов таба ала ма?
Мақсат Исаев: «Мал шаруашылығын дамытсақ үш нәрседен ұтамыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу