Мырзахметов пен Мамытбеков көзін таппаған тірлікті Атамқұлов таба ала ма?
Облыстың тізгінін Бейбіт Атамқұлов алғалы Шымкентке шетелдің инвесторлары жиі ат шалдыратын болып жүр. Шетелдіктер шай ішіп кету үшін келіп жүрген жоқ, осында капитал әкелсек, зауыт, фабрика салсақ, кәсіп қылсақ деген ниетпен келіп жатыр. Әрине, бұл жақсы жаңалық. Инвесторлардың, зауыт саламыз деген шетелдіктердің көбейгені әкімнің негізгі мамандығының металлург екендігімен байланысты ма, әлде біраз жыл бизнесте жүргенінің септігі ме, Бейбіт Бәкірұлының экономика ғылымдарының кандидаты екендігі тағы бар, уақтысында елшілік қызмет атқарғанын да білеміз... енді ол жағын қалай болжаймын десеңіз де өз еркіңізде, бірақ әкімнің соңғы кездері инвесторлармен жақсы тіл табысып жүргені рас. Шетелдіктер Шымкентте кәсіпорын салса, өзімізде шығатын отандық өнім көбейеді, салық түсімі артады, екі қолға бір жұмыс таппай отырғандардың саны азаяды. Тек әйтеуір, айтылған уәде уәде күйінде қалмай нақты іске асса екен дейсің.
Хош, сонымен жуырда Б.Атамқұлов Қытайдан келген инвесторларды қабылдады. Әңгіме барысында аспан асты елінің кәсіпкерлері Оңтүстікте томат зауытын салу туралы ұсыныс білдірген. Томат зауыты..Осы томат зауыты дегенде шымкенттік шенеуніктердің жүректерінің зырқ ете қалатыны бар. Бұған сәл кейінірек тоқтала жатармыз. Томат зауытын салсақ деп құлшынып отырған «COFCO» деп аталатын компанияның өкілдері. Осы жерде айта кетейік, қытайлар Қазақстанда жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, үш томат пастасын өндіретін зауыт салатыны ақпарат құралдарында ақпан айында айтылған болатын. Алайда үш зауыт Батыс Қазақстан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында салынады деген еді. Ақтық кезеңде бұл тізімге Оңтүстік Қазақстан облысы да еніп кеткен тәрізді. Қытайлар қысы қысқа, жазы ыстық Оңтүстікті айналып өте алмаса керек.
Cofco – 1952 жылы құрылған көп функционалды мемлекеттiк ұйым. Негiзiнен астықты терең өңдеп, томат пастасы, қант, ет өнiмдерi мен күрiш, сондай-ақ, майлы дақылдар шығарумен айналысатын компания Қытайда көшбасшы кәсiпорын ретiнде танымал. Жылдық табысы 35 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Компанияның құрамында 9 еншiлес кәсiпорын бар. Солардың бiрi «Cofco Tunhe» компаниясы томат пастасы мен қант шығарумен айналысады. Оның ішінде томат өндiрiсi мен қызанақ өсiру бойынша әлемде екiншi орында тұр. Аспан асты еліндегі томат пастасының үштен бірін өндіреді. Осы өніммен Ресейді де жаулаған. Облыс әкімі баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда кездесу барысында қытайлар томат пастасын шығаратын зауытты неге Қазақстанда салғалы жатқандарын түсіндіріп берген. Қытайда өндірілген өнімді шекарадан алып өту қосымша шығынды қажет етеді. Егер зауытты Қазақстанда салса, баж салығын төлемейді, тасымал шығыны азаяды. Оның үстіне өнімді Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейге де оңай жеткізуге болады. Инвесторлар зауытқа жалпы көлемі 65 миллион доллар қаржы құймақ. Қытайлықтарға Қазақстан тарапынан «BN Orda» компаниясы серiктес болады... Осылайша уақтысында бір томат зауытын алаулатып, жалаулатып ашып, артынша тұралатқан шенеуніктер енді тағы бір томат зауытын салуға кірісіп кетті.
Иә, Арыс қаласына қарасты аумақта 2009 жылы ашылған, кезінде президенттің өзі келіп көріп, жоғары бағасын берген «Жаңа Ақдала агрофиомасына» қарасты томат зауытының тағдыры туралы «Рейтинг» газеті бір емес бірнеше мақала жазды. Басынан бұлт кетпеген фирма қызметкерлерінің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке арнап жазған хатын да жариялағанбыз. Хатта қызметкерлер кәсіпорынның құрылтайшысы «ҚазАгро» холдингі «Жаңа Ақдала» агрофирмасын «полигонға» айналдырып жіберген жазған. Директорлар дембіл-дембіл ауысқан. Алғашқы директор Қайрат Тәжітаев 3 жылдай қызмет етеді. Бұл кезде зауыттың түтіні түзу ұшып, қалыпты жүріп тұрған. Одан бергі аралықта 10 басшы ауысқан. Бірқатар басшылардың директорлық дәуірі үш-төрт айдан аспаған. Олардың арасында директордың міндетін атқарушы болып 1 күн отырғандар да бар. Ал агрофирманың директорлығына министр А.Мамытбековтың ұсынысымен келген кәсіпкер Ғалымжан Шерімқұлов зауытты қайта аяғынан тұрғыза бастаған кезде күтпеген жерден орнынан босатылған.
- Мен бұлардың жоспарын енді түсіне бастаған сияқтымын. Мұның алдында Көкшетауда бидай егетін, Қапшағайда пияз егетін шаруашылықтардың басшыларының үстінен ілік тауып, қылмыстық іс қозғалды. Артынша дайынға тап болған. Осы жағдай енді «Жаңа Ақдала» агрофирмасында қайталанбақ. Үстімнен бір ілік тапқысы келетін сияқты. Кезінде зауытқа директор болған Қарабеков деген азамат та жұмысты енді бастай берген кезде осындай айқаймен кетіп қалған. Зауытқа қыруар қаржы салдық. Мен ақымақ адам емеспін. Мұндай әділетсіздікке төзіп отыра алмаймын. Қазір жұмысыма қайта орналасу үшін Арыс қалалық сотына арыз бердім,--деген еді «Рейтингке» берген сұхбатында Ғалымжан Шерімқұлов. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда Астанадағы басшылардың уәдесіне сеніп қалған Шерімқұлов сотта жеңіп шыққанымен, зауытқа салған шығындарын өндіріп ала алмай, шерменде болып қалған. Ал зауыт...
2014 жылдың мамырында Шымкентке келген сапарында Елбасы томат зауытының тоқтап қалғанына қынжылыс білдіріп, Асқар Мырзахметовтың командасына кәсіпорынды қайта жүргізіңдер деген тапсырма берген болатын. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев көпшіліктің көзінше зауытты 3-4 айдың көлемінде іске қосамыз деген уәде берді. Облыс әкімдігі «Жаңа Ақдала агрофирмасын» сол жылдың қазанында іске қостық деген есеп берді. Бірақ ол көзбояушылық болып шықты. Былтыр күзде Сапарбек Тұяқбаев облыс әкімдігінде өткен брифингте қарызға белшесінен батқан зауыттың сатылуға қойылғанын мәлім етті. Томат зауытының одан кейінгі тағдыры белгісіз...
Бәлкім, Қытайлар осы томат зауытын сатып алғалы жатыр ма? Бұл жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Бір жағы мойнында миллиардттаған қарызы бар, басы дау-дамайдан ажырамаған кәсіпорынды кім сатып алу кімге тиімді деп ойлайсың. «Жаңа Ақдала агрофирмасы» Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың дәуіріндегі ақтаңдақтардың бірі болып қалды. Осыдан сабақ алсақ игі.
...Өзіңнің қолынан келмеген соң... е,е,ее епсіз қазақ томат өндіруді енді Қытайдан үйрен.
Бақытжан Әбдірашұлы,
Мұрағатан, 2016 ж