Аюповтың ісі сотқа өтті, ал Әбдірахымовты әшкерелеуге құзырлы органдар құлықсыз
Уақтысында Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, одан кейін Түркістан қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, Кентау қаласының әкімі қызметтерін атқарған, карьерасы осылайша сәтімен өрбіп, аяғында күрт үзілген Рашид Аюповтың ісі сотқа өтті.
Оның былтыр қазан айынан бері Астанадағы абақтыда отырғанын «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Қызмет барысында өзін заманауи шенеунік, креативті маман, жаңа заманның тілін білетін басшы ретінде танытқан Аюповтың түбіне «Жаңа Қазақстан» жеткен сыңайлы. Ол да Шөкеев пен Әбдірахымов сияқты ескі Қазақстанда қалып кетті. Қалып кеткені былай тұрсын, ұзақ жылға сотталып кетуі қаупі туып тұр... Тағдыр тәлкегі деген осы. Иә, қаңтар оқиғасынан кейін ескі режим тақтан тайып, Тоқаевтың жариялаған «Әділетті Қазақстаны» біраз адамның көкейіне үміт отын ұялатқаны рас. Иә, елде осындай бір өзгеріс, сілкініс жасалғандықтан, мемлекеттің өңшең майлы мекемелерін жеке бизнесіне айналдырып алған Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды сотталып кетті. Рейдерлікпен айналысып, біраз бизнесменді қан қақсатқан оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды да абақтыға жабылды. Рашид Аюповтың да ақиқаттан қашып құтыла алмағаны «Әділетті Қазақстанның» арқасы екендігін мойындау керек шығар. Өткен аптада антикор экс-әкімнің ісіне алғаш рет кеңірек түсінік берді. Бәрі бұған дейін айтылған әңгімелердің қисынына келіп тұр. — 2013 жылы ол премьер-министр кеңсесінің қызметкері бола отырып, ірі жеке меншік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірді. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берді. Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратқан ресми мәліметінде. Осы жерде қысқаша мән-жайға тоқтала кетейік. Бұған дейін Мәсімов-Әбдірахымов-Аюпов үштігіне қатысты қылмыстық іс туралы «Время» газетінің тілшісі М.Козачков жария еткен болатын. Былтыр Forbes Kazakhstan басылымының тұжырымы бойынша елдегі ең бақуатты деген елу бизнесменнің тізіміне енген Сайдулла Қожабаев құзырлы органдарға арызданған. Оның мәлімдеуінше, 2013 жылы бизнесменді әлдебір азаматтар қорқытып, 20 миллион доллар талап еткен. Осы кездері Қожабаевқа сол кезде Премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал, Мәсімовтың бұл уақытта Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдірген. Тағы бірде Аюпов Әбдірахымов пен Мәсімовтың атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлерімен ақылдаса келе, оларға 3,5 миллион доллар бергенге ұқсайды. Мінекей, былтыр, яғни арада 9 жыл өткенде, Қожабаев осы жөнінде құзырлы органдарға арызданған. Алғашқыда Аюпов ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында, әлеуметтік желідегі жазбаларында мұның бәрін жоққа шығарды. Былтыр маусымда «Рейтинг» газетінің тілшісі онымен байланысып, мәселеге түсінік беруді сұранған болатын. Ол өзіне ешкімнің хабарласпағанын, ал Қожабаевты тек Кентаудан шыққан бизнесмен ретінде танитынын мәлім еткен еді. Тамызда Аюпов Кентау қаласының әкімі қызметінен босатылды. Кетер кезде ол халыққа бейнеүндеу жариялап, жұмыстан босауына қылмыстық істің қатысы жоқтығын, барлық мәселенің облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен келісілгенін, өзінің оқуға кетіп бара жатқанын мәлімдеді. Алайда, Аюповтың мұнысы жай ғана елді алдарқату болып шықты. Оның былтыр қазан айынан бері Астанадағы тергеу абақтысында отырғанын жуырда Қылмыстық атқару жүйесі комитеті хабарлаған болатын. Ең қызығы, антикордың ресми мәлімдемесінде Мәсімовтің де, Әбдірахымовтың да аты-жөні аталған жоқ. Неге? Рашид Аюповтың жалғыз өзі елге белгілі бизнесменнен 3,5 миллион доллар алуы, Қазақстанға белгілі зауыт акциясының 50 пайызын талап етіп, тендер мәселесін шешуі мүмкін бе? Жоғарыдағы қолдаушылары болмаса, премьер-министр кеңсесінің қарапайым қызметкерінің қолынан осындай ірі көлемде бопсалау келе ме? Уақтысында Әбдірахымов пен Аюпов мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, бұдан кейін премьер-министрдің кеңсесінде бірге жұмыс істеген. 2015 жылы ол екеуі Шымкент қалалық әкімдігіне де жұптары жазылмай келді. Әбдірахымов әкім болған жылдары Аюпов әкім аппаратының басшысы лауазымын атқарды. Бұдан кейін «Нұр Отанда» бірге жұмыс істеді. Артынша Шымкентке қайта оралды. Егер қисынға салсақ, Әбдірахымов-Аюпов тандемі жауапкершілік жүгін де бірлесіп көтеруі тиіс еді. Алайда олай емес сияқты. Былтыр Ғабидолла Әбдірахымовтың ісін Алматы қаласының Полиция департаментінің жүргізіп жатқаны айтылды. Биыл қаңтарда оның ісінің антикорға өткені белгілі болды. Бірақ бір жылға созылған тергеу амалдарынан кейін Әбдірахымов бұл істен «сүттен ақ, судан таза» шыққан сыңайлы. Бұл нені білдіреді? Әбдірахымовқа қатысты әңгімелердің шынында да негізсіз болғанын ба? Әлде Аюповтың бар айыпты жалғыз арқалауға шешім қабылдағанын ба? Биыл ақпарат құралдарында арызданушы-бизнесмен Қожабаевтың адвокаты жазған хаттар жарияланды. Адвокат Әбдірахымовтың қылмысын әшкерелеуге келгенде құзырлы органдардың құлықсыз екендігіне шағымданған. Алайда, антикордың бұл шағымға да құлақ аспағаны байқалады. Айтпақшы, адвокатының мәлімдеуінше, Аюпов та кінәсін мойындамаған. Ол өзіне тағылған айыптаулардың бәрінің қолдан жасалғанын мәлімдеген көрінеді. Тергеу амалдарының бір жылға созылуы да бұл істің күрделі екендігін айғақтап тұрғандай. Әрине, істің ақ-қарасын анықтап, таразылайтын сот. Ал, жуырда ауыр айыптаулармен ұзақ жылға сотталып кеткен Кәрім Мәсімовті бұл істің төңірегінен іздеп жатқан ешкім жоқ.