Монополистер халықты қанап отыр - Тарифті көтеру кімге тиімді?

Oinet.kz 17-05-2023 584

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Президенттің былтыр Жолдауында жария етілген «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына қатысты мәлімдеме жасап, премьер-министр Ә.Смайыловқа, Антикордың төрағасы А. Жұмағалиге хат жолдады. 

Screenshot_7.jpg

- Биыл қыста орын алған белгілі оқиғалардан кейін Үкімет «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасының қайтарылатынын жариялап, оны энергетика саласындағы негізгі проблемалардың емі ретінде көрсетті. Алайда, біз осы тектес бағдарламаны үкімет 2009-2015 жылдары да жүзеге асырғанын және сол кезде-ақ алға қойылған міндеттерді шеше алмай, энергетикалық кәсіпорындар мен желілердің жаңаруын қамтамасыз етпегенін, есесіне монополистер мен олигархтардың қыруар пайда тауып, жаңа миллиардтарды шетелге шығаруға мүмкіндік бергенін айтуымыз керек,- деп басталады хат. 

«Ақжолдықтардың» айтуынша, елдегі коммуналдық компанияларға бұған дейін де инвестициялар берілген. Алайда монополистер оны тиімді пайдаланбаған. Қателіктің тағы да қайталану қаупі бар.   

Мәселен, «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ халық пен бизнестен инвестициялық мөлшерлеме бойынша ақша жинап алғанымен, 1,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық міндеттемелерін орындамаған. «AES Өскемен ГЭС» ЖШС инвестициялық тарифтен түскен 2,2 миллиард теңгені активтерді кеңейту мен қайта құруға пайдаланудың орнына құрылтайшыларына дивиденд ретінде төлеген. «АЭС Шульбинская ГЭС» ЖШС құрал-жабдықтарға инвестиция салудың орнына, дәл солай акционерлерге 2,7 млрд теңге төлеумен шектелген.

Сонымен қатар, «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасын сылтау етіп, бірқатар монополистер ешқандай инвестициялық міндеттемелерсіз, біржақты тәртіпте тарифтерді өсіргені анықталды; ал монополияға қарсы органдар мұндай өсімдерді үнсіз мақұлдаған. Тарифтердің негізділігі өз алдына бөлек мәселе. Мәселен, БАҚ энергия өндіруші компаниялардан монополистік жолмен электр энергиясын 7-8 теңгеден сатып алып, оны халық пен кәсіпорындарға 4 еседен 20 есеге дейін қымбатқа сататын ондаған ірі делдалдық фирмалар туралы ақпарат таратуда. Оған қоса, бұл делдалдар ешқандай техникалық рөл атқармай, тек қаржылық ағындарды есепке алумен ғана айналысуда, яғни, шын мәнінде еліміздің энергетикалық жүйесіне кенедей жабысып, 6-10 миллион теңге көлемінде орташа жалақы алып отыр. Бұл компаниялар ескі Қазақстанның олигархтарымен байланысы бар және әлі күнге дейін әрбір кәсіпкерден, әрбір қазақ отбасынан алым жинап келеді.

Үкімет сайтында хабарланғандай, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын енгізу салаға 400 миллиард теңге қосымша қаражат әкеледі екен. Бірақ, зерттеуші-журналистердің есептеуі бойынша, біздің азаматтарымыз бен барлық түрдегі ұйымдарымыз бүгінде ешқандай бағдарламасыз олигополияларға жылына екі триллион теңгеге дейін электр энергиясы үшін артық төлейді. Яғни, шын мәнінде, біздің қоғам мен мемлекет энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалған инвестиция үшін қазіргі тарифтердің өзінде үкімет іздегеннен 5 есе көп ақша төлеуде. Бірақ бұл ақша талан-таражға түсіп, энергетикалық кәсіпорындарға жетпеуде, біркүндік фирмалар құзырлы органдардың біртүрлі бей-жайлығымен қаржыны аударуда. Мұндай олигополияларды жоймаса, тарифтердің кез-келген өсімі олигархтар үшін елге жаңа салық салуға себеп ғана болмақ,-деген «ақжолдықтар»  знергетика саласындағы барлық делдал компанияларды жоюды, монополистер мен үкімет арасындағы инвестициялық келісімдерде бекітілген нақты инвестициялық міндеттемелерсіз тарифтерді көтеруге тыйым салуды талап етіп отыр. Сонымен бірге инвестициялық тарифтік қорларды пайдалануда қоғамның қатысуын және толық ашықтығын қамтамасыз ету қажет. 

Мәсімовтың құпиясы ашылмайды
Шымкентте енді аудандық соттар болмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу