Жол салу маусымы басталды
Мердігер, жобалаушы, техникалық қадағалаушы және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы». Осы төртеу түгел болса, жол саласы мығым болады. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Ролан Ибрагимов осы төрт тараптың басын қосып, мәжіліс өткізді. Мақсат – жол салудағы кемшіліктер мен кедергілерді айқындап алу, себебін саралау, осы жылға межеленген жол құрылыстарын мерзімінде бітіру.
Биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 45,4 млрд.теңге бөлінген. Оған жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын 592 нысан (жол және көше) салынады. Бөлінген ақшаның 63 пайызы (28,7 млрд т) елдімекен көшелеріне жұмсалады екен. Нақтырақ айтсақ, 1 мың шақырамнан астам 524 көше, 26 аяқ жол жөнделеді.
-Осыншама ауқымды жұмысты абыроймен атқарайық,- деді Р.Ибрагимов. -Ұлттық сапа орталығы инженерлері әр істің басы-қасында болады. Жұмыстың әр сатысында зертханалық сынақтар жүргізеді. Құрылыс материалдарынан бастап, жол төсемінің әр қабатының жобалау-сметалық құжатқа сай ма, жоқ па, тексереді. Ал жобалаушылар сметалық құжаттамаларды әзірлеу кезінде жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескергені жөн,-деді облыстың бас жолшысы.