Шымкентте бір топ шенеунікке сот үкімі шықты
Шымкентте Қазақстан темір жолы компаниясында жұмыс істейтін бір топ шенеунікке сот үкімі шықты. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин хабарлады.
-ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшылығы мен қызметкерлері сотталды Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент қаласы бойынша филиалының (бұдан әрі - Филиал) басшысы А.Арысбаев, филиалдың еңбек қатынастары жөніндегі инспекторы, сондай-ақ ҚТЖ Ұлттық компаниясы Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің жетекші маманы Б. Арысбаева және басқалар парақорлық үшін сотталды. Аталған адамдар туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырғаны үшін, сондай-ақ қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін жүйелі түрде 20 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алған. Сотталғандарға 200 мыңнан 13 млн. теңгеге дейін (жалпы сомасы 18 млн. теңгеден астам) айыппұл түрінде жаза тағайындалып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ,-деп жазды антикор басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.