Қасым-Жомарт Тоқаев: Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткішке мән беріледі

Oinet.kz 19-04-2023 519

Screenshot_3.png

Мектепте алынған білімді қалай шынайы бағалау қажеттігін ойластыру қажет. Бұл туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы мектепте алған білімді қалай шынайы бағалауға болатындығын ойластыру қажеттігін баса айтты.

«Сонымен қатар жаңа ведомство немесе тестілеу, сертификаттау және басқа да орталықтар құрудың мәні жоқ. Біз мұнан өтіп кеттік. Бұл да жемқорлық тәуекелдер көзі. Сондықтан Үкімет осыған қатысты өз ұсынымын беруі тиіс», - деді Президент.


Мұхамедиұлының ісіне Жаманқұловтың не қатысы бар?
Болат Назарбаевтың басынан бақ ұшты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу