Бейбіт Атамқұлов: «100 күн өтті, жұмыс жоқ. Ертең жұмыстан айырылсаңдар маған ренжімеңдер»
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов қайбір күні басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысқан алқалы жиында ашуға мінді. «100 күн өтті, жұмыс жоқ, бәрі «әкім не айтар екен?»деп маған қарап отырған сияқтысыздар. Ертең жұмыстан айрыласыңдар, маған ренжімеңдер» деді. Тағы бір сөзінде әкім танысатын уақыттың біткенін, енді нақты жұмыс істейтін кезеңнің келгенін қатаңдау ескертті.
Облыс басшысының қатты кететін де жөні бар. Өйткені осы мәжілісте аудандарда құжат жүзінде бар, бірақ шын мәнінде ешқандай дүниесі де, қызметкері де жоқ коммуналдық кәсіпорындардың жайы қаралған. Қаржы басқармасының мәліметіне қарағанда, аудандарда әрекетсіз кәсіпорындарды жоюға әкімдер енжарлық танытқан. Көптеген аудан орталықтарында бос тұрған ғимараттар бар. Коммуналдық қызмет көрсетумен айналысатын кейбір кәсіпорындардағы техникалардың әбден тозығы жеткен. Тозығы жеткендерді есептен шығару, құжаттарын туралау жағы да бәсең.
-Өткен жолы біз кадр мәселесі жөнінде әңгіме жасадық. Келешекте не істейміз дегенді талқыладық. Біз жұмылған жұдырықша, команда болып жұмыс істеуге тиіспіз. Алдымызға қойған мақсатымыз бар, ол Оңтүстікті бұдан да биік дәрежеге көтеру. Келген бойда басқарма басшыларына атқаратын жұмыстардың жоспарын бекітуді тапсырғанмын. Өз салаларыңызда нендей реформа жасайтындарыңызды, алдағы бес жылда атқаратын жоспарларыңызды бекіт дегенмін. 100 күн өтті, жұмыс жоқ. Басқарма басшылары әкім не айтады екен деп, маған қарап отырған сияқты. Әкімдерге де айтарым сол, ауданда әр сала бойынша нендей жұмыстарды атқару қажеттігін әуелі анықтап алуымыз керек. Елбасының айтқанын естідіңіздер, әкімнің жұмысы тартылған инвестициямен, жаңа жұмыс орындарын ашумен бағаланады. Бұл мен үшін басты индикатор болады. Мен бүгін бәрін бақылап отырмын. Аудандарға бардым. Кейбіреулер арқаларын кеңге сала бастаған сияқты. Олай етуге болмайды, әр апта сайын аудандарға барамын,-деді Бейбіт Бәкірұлы.
Айтқандай, осы жиында облыс басшысы әкімдерге әр салада атқарылатын жұмыстардың картасын жасауды тапсырғанын, бірақ әлі күнге оны орындамай жүргендерін қатты сынға алды. Кейбір әкімдерді «картаң қайда?» деп орнынан тұрғызды. Тап бір сабаққа дайындалмай келген оқушыларша кейбір басқарманың басшылары да жанарымен жер шұқып қалды. Бейбіт Атамқұлов кейбір басшыларға «жұмысыңызды басқара алмай жатырсыз», десе енді біріне «бұл бағытпен сіз қызметіңізден айырыласыз» дегенді қатаңдау ескертті.
Жалпы әр басшының кадр мәселесінде өз ұстанымы болады. Бұған дейін облысты басқарған әкімдердің қызметіне келе салысымен жаппай кадрлық ауыс-түйіс жасағаны белгілі. Өмірзақ Шөкеев те, одан кейінгі әкім Нұрғали Әшімов те өзінің үйреншікті командасымен келді. Келген бойда кадрларды қолғапша ауыстырды. Мұның жарқын үлгісін Асқар Мырзахметов көрсетті десек қателеспейтін шығармыз. Келген бойда орынбасарларын жаңартты. Басқарма басшыларын, аудан, қала әкімдерін ауыстырды. Ал Атамқұловтың кадр мәселесіндегі ұстанымы сәл-пәл өзгелешеу сияқты.
Қызметіне тағайындалғанына 100 күн толғанша облыс әкімі кадрлық сапырылыс жасаған жоқ. Әсіресе аудан, қала әкімдері арасында. Бүгінгі күнге дейін облыста әкімдердің командасына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан өзге қосылған кадр жоқ. Шамасы, облыс басшысы қарамағындағы әкімдерге 100 күн мұрсат берген сияқты. Аяқ алысын, шаруасын қаншалықты дөңгелетіп алып кете алатынын сырттай бақылаған тәрізді. 100 күн өтті. Өз арбасын сүйрей алмаған әкімдердің енді қалпақтай ұшатын мерзімі келді. Қызметінен хош айтысатын әкімдер, басқарма басшылары кімдер? Бұл енді жуық арада белгілі болып қалуы мүмкін.
Б.Ерназар,
«Рейтинг» газеті, №48-49, 10 желтоқсан 2015 жыл