Бекжановтың беделі...

Oinet.kz 21-05-2019 900

Screenshot_16.jpg

Былтырдан бастап президенттің жарлығымен Қаржы полициясы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі біріктірілді. Жаңа орган «мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырамыз, басқарудың жаңа моделін жасаймыз» деп, қадау-қадау жоспарлар түзді. Талай талқылаулар өтті. Бірақ осының бәрі тек қағаз жүзінде ғана жүзеге асып, ал шын мәнінде өзгеріп жатқан ештеңе жоқ сияқты.

...Мақтаралдық Елемес Сабыров жуырда редакциямызға тағы келді. Ақсақалдың соңғы 3-4 жылдың көлемінде мақта шаруашылығында қолданылатын улы химикаттардан бас тартып, биотәсілге көшу туралы бастама көтеріп жүргені белгілі. Елдің саулығын ойлаған қарияның ұсынысын Мақтарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков қуаттамағанымен, облыс әкімдігі, ауыл шаруашылығы министрі, Парламент депутаттары тарапынан қолдау тапты. Мақтаралда осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Бұған тереңірек тоқталмай-ақ қоялық. 

...Биыл 6 сәуірде Мақтарал аудандық әкімдігінде ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілетін «Өсімдіктерді қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердің, биоагенттердің және биопрепараттардың құнын субсидиялау қағидаларының» жобасы талқыланған жиын өтеді. Аудан әкімі Серік Тұрбековтың өзі төрағалық еткен жиында Елемес Сабыров субсидияны шаруаға емес биофабрикалар мен биолабораторияларға берудің тиімділігін айтады. Көпшілік мұны бірауыздан қолдайды. Қарсы болған ешкім жоқ. Бірақ...

Ақсақал жиналыстың хаттамасын ала алмай ұзақ сандалған. Ақыр аяғында араға Сенат депутаты Қ.Айтахановты салып жүріп хаттаманы алғанымен, ондағы көпе-көрнеу жалған мәліметтерді көріп аң-таң қалады. Астанаға жолданған хаттамада дауыс беру қорытындысы бойынша субсидияны биолабораторияға беруді қолдағандар - 57 адам, қарсы болғандар - 2 адам, қалыс қалғандар - 69 адамды құрады деп көрсетіліпті. Жиналысқа қатысушылардың басым бөлігі Е.Сабыровтың ұсынысын қолдамады дегізу  кімге қаншалықты қажет болғаны түсініксіз болып тұр. Мұның артында біз білмейтін бір құпия жатыр ма деген ой келеді. Бұдан кейін Е.Сабыров сотқа талап арыз берген.

 Мақтарал аудандық сотының 23 шілде 2015 жылғы шешімімен танысудың сәті түсті. Шешімге қарағанда сотқа сол кездегі аудан әкімі, жауапкер С.Тұрбековтың өзі қатыспағанымен, сотқа арыз жолдап, талапкердің талабын мойындамайтынын, 6 сәуір күні өткен жиналыстың хаттамасында дауыс берген адамдардың саны нақты көрсетілгенін, сондықтан соттан Е.Сабыровтың талабын қанағаттандырусыз қалдыруды сұранған. «Хаттамада қате кеткен, жаңылысыппыз» демеген.  Алайда сот сол жиналысқа қатысқан көптеген шаруалардың жауаптарын тыңдай отырып, дауыс берген адамдардың саны хаттамаға дұрыс енгізілмей, жиналыста қатысып отырған адамдардың көпшілігі дауыс беріп қолдаған ұсыныс жобаға енгізілмегенін анықтаған. Ақсақалдың талап арызы қанағаттандырылып, аудандық әкімдікке хаттамаға өзгеріс енгізу міндеттелген.

 Сонда үлкен ауданның әкімі, уақтысында облыс әкімінің орынбасары болған Серік Тұрбековтың елдің аманатына қиянат жасағаны ма, сонымен бірге сотқа да жалған жауап бермек болғаны ма?

 --Мен осыдан кейін С.Тұрбековты тиісті тәртіптік жазаға тарту үшін 3 қарашада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаметіне арыз бердім. Жуырда осы арызға жауап келді. Аталған департамент басшысының орынбасары—Тәртіптік кеңестің төрағасы Б.Бекжанов қол қойған жауапта  С.Тұрбековты тәртіптік жазаға тарту мерзімінің өтіп кеткені жазылыпты,--дейді Елемес ақсақал. 

Мұндай хатты жазбас бұрын Берік Бекжанов қаншалықты ойланды деген сауалдың құлағы қылтияды. 300 мыңнан аса халық қоныстанған өңірдегі елдің талап-тілегі, мұң-мұқтажы аяққа тапталғаны  таразыға тартылған тұста бүйтіп жылы жауып қоя салу, салғырттық таныту алдағы  уақытта да жалғаса берсе Бекжановтың, оның ғана емес жұрттың назарындағы өңкей ығай мен сығай жиналған Тәртіптік кеңестің  ертеңгі  күнгі беделі не болмақ? Ал, С.Тұрбеков мамыр айында қайта құрылымдаудан өтіп, құзыреті күшейген  облыстық жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалып кетті. Кеше хаттамаға көпшіліктің даусы  «дұрыс» енгізілмеуіне қатысы бар  басшы енді айқай-шуы көп, дау-дамайдан көз ашпай келе жатқан жер саласындағы заңдылықтарды қадағалауға көшті. Заң да оған келгенде осалдық танытқаны ма?

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары осыдан кейін де мемлекеттік қызметкерлердің имиджін қалыптастырамыз, халықтың сенімін иеленеміз дейді-ау, ә?

Ж.Тархан.

«Рейтинг» газеті, №48-49, 10 желтоқсан 2015 жыл

Құдірет пен құзірет: Президент әкімшілігі жайлы не білеміз?
Бейбіт Атамқұлов: «100 күн өтті, жұмыс жоқ. Ертең жұмыстан айырылсаңдар маған ренжімеңдер»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу