Құдірет пен құзірет: Президент әкімшілігі жайлы не білеміз?

Oinet.kz 21-05-2019 979

Screenshot_11.jpg

Бүкіл ел биыл Қазақ хандығының  550 жылдығын тойлап жатса, Ақорданың қызметкерлері елдегі саяси күштерді шоғырландырған бірден-бір құзырлы мекеме – Президент әкімшілігінің 25 жылдығын атап өтуде. Әрине, бейресми түрде.  Бұл  құрылымның саяси элитадағы алар орны мен беделі ерекше, себебі еліміздегі президенттік биліктің жұмыс істеп тұруын дәл осы мекеме қамтамасыз етеді. 

Мемлекет басшысының жұмыс істеу қабілетінің зор екені әмбеге аян. Әйткенмен, жалғыз адам бүкіл мәселелерді шешуі мүмкін емес. Сондықтан, Елбасының бірден-бір жәрдемші құрылымы болып саналатын  Президент әкімшілігін  Назарбаевтың шынайы командасы деп айтуға толық негіз бар.  

Ширек ғасыр ішінде  Президент аппаратына талай «сұр кардинал» жетекшілік етуінің өзі осы құрылымның маңыздылығын аңғартса керек. Нұртай Әбіқаев, Ахметжан Есімов, Иманғали Тасмағамбетов, Әділбек Жақсыбеков, Аслан Мусин, Кәрім Мәсімов, Нұрлан Нығматулин –  бұлардың қай-қайсысы да отандық саяси элитаның ауыр салмақтағы саясаткерлері саналады. Ықпалы мен беделіне  қаржылық дәулеті сай саясаткерлер үшін Президент әкімшілігін басқару – Президентке тікелей кіру мүмкіндігін білдіретіні сөзсіз. Ал бұл – ішкі саяси тартыстарда,  кланаралық бәсекелердегі ең негізгі «көзірлердің» бірі.  

Әрине, аппаратты басқарғандардың барлығы «сұр кардинал»  болып шыға бермейді, арасында саяси карьерасында сүрініп,  сәтсіздікке  ұрынғандар да бар. Мәселен, кезінде ұлттық истеблишменттегі ең беделді саясаткерлердің бірі саналған Сарыбай Қалмырзаев өмірінің соңғы жылдарында бұрынғы беделінен айырылғандай болды. Оралбай Әбдікәрімовтың өзіндік салмағы мен ықпалы болғанымен, сарапшылар оны аса беделді элита өкілдерінің қатарына қосқан жоқ. Билік пен оппозицияның арасында жүріп талай уақытын, онымен қоса беделін де жоғалтқан Әлихан Бәйменов те  қазір ортанқолды шенеуніктердің бірі ғана болып есептеледі.  Ал Қайрат Келімбетовтің карьерасында жетістіктерден гөрі кемшіліктері басымдау екенін жоққа шығармассыз. Оның «Самұрық-Қазына» қорындағы қадамдары да, Ұлттық банктегі жұмысы да көңіл көншітпеді. 

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда Президент әкімшілігінің негізгі екі міндеті бар: Елбасы  тапсырмаларының орындалуын қадағалау мен биліктегі кадрлық мәселелерді шешу.  Содан болса керек, кейбір саясаттанушылар Президент әкімшілігін кешегі компартия тұсындағы Орталық комитетке теңейді. Біршама функциялары ұқсас екені рас, бірақ Президент әкімшілігі – мәселе талқыланатын, ұсыныс айтылатын жер еместігін  ескеру қажет.

Аппарат жұмысындағы маңызды міндеттердің бірі – Елбасыға ақпарат жеткізу. Оның ішінде  мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, үкіметтің жұмысы жайлы жан-жақты деректер осы әкімшілікте жинақталып, қорытылады да Елбасының назарына ұсынылады. Мемлекет басшысының күні кеше министрлер мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлерін шетінен тізіп қойып сынаған кезінде де барлық сараптамалық материалдар мен «компроматты» дәл осы Ақорданың әкімшілігі  әзірлеп берген болар. Сондықтан да болар, іс жүзінде президент әкімшілігіндегі бөлім басшысының қызметі мен ықпалы үкіметтегі министрдің дәрежесінен жоғары тұратындай. 

Мұнда ескеретін бір жайт бар. Ықпалды органдағы позициялар үшін саяси кландар арасында үнемі талас-тартыстың жүретіні белгілі. Аппараттың басшысы ауысқан сайын аппараттағы қызметкерлер құрамы да жаңара  түсетіні  байқалған. Кейбір саясаткерлер аппаратпен қарым-қатынаста қол үзіп қалмауы үшін осында өзіне тәуелді кадрларын қалдырып  кеткенді жөн санайды. Қазіргі аппарат жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің  іскерлігіне ешкім күмән келтірмейді. Әкімдік жүйеде, «Нұр Отан» мен Парламентте жауапты қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған Нығматулинді сарапшылар қатал басшы ретінде мойындайды. Айта кетерлік жайт, Нығматулиннің келісімен аппаратта базбіреулер күткендей қарағандылықтардың қатары көбейген жоқ.

Президент әкімшілігінде негізгі 6 бөлім жұмыс істейді. Әрқайсысының атқаратын жұмысы мен қызметі бар. Әлбетте, олар «майда-шүйде» шаруамен шұғылданбайды. Әйткенмен, Ақордада маңызы мен орны бөлек және бір блок жұмыс істейді. Ол  - Қазақстан Республикасы Президентінің Іс  Басқармасы. Шенеуніктердің  оны өзара әңгімеде «корпорация» деп атайтыны бекер емес. Бұл басқарманың құрылып, күшеюіне әйгілі Владимир Ни септігін тигізген. Бұл құрылымды басқарған адамның алдында жаңа мүмкіндіктердің есіктері өзді-өзінен  ашыла беретін. 90-шы жылдардың соңына дейін осында қызмет атқарған Владимир Ни басқарманы көптеген активтермен толтырып, түрлі ғимараттарды, санаторийлер мен өзге де жылжымайтын мүлікті жекешелендіре алды. Қазақстандағы  ұлты корей бизнесмендерінің де тым күшейіп, ең табысты салаларды билеуі де осы Владимир Нидің ықпалымен жүзеге асқан деседі. 

Ниден кейінгі кезек Темірхан Досмұхамбетовке тиді. Оның басқару жылдары Астанада жаңа ғимараттарды салу науқанына тұспа-тұс келгендіктен, Темірхан мырза белсене іске кірісті. Елордадағы көптеген жаңа жобалардың құрылысына, оның ішінде резиденциялар мен үкіметтік ғимараттардың салынуына тікелей араласқан Досмұхамбетов бұл  қызметтің қызығын армансыз көрді десек те болады. 

Бір сөзбен айтқанда, «Президенттің шаруасы» деп талай тірлікті тындыруға болатын бұл қызметтің құрығы ұзын, құзыры кең.  Одан кейін бұл басқармаға Сарыбай Қалмырзаев пен Болат Өтемұратов жетекшілік етті. Өтемұратов дәл осы қызметте жүріп миллиардер атанғаны көп жайды аңғартады. АТФ-банкті ойдағыдай жекешелендіре алуында саяси қызметінің ықпалы тигені сөзсіз. Жалпы, бұл басқарманың қарамағында не жоқ дейсіз. Ақорданың ғимараты, Үкіметтік және парламенттік ғимараттар, түрлі шипажайлар мен санаторийлер, медициналық орталық, қымбат көліктер, тағысын тағылар...

 Үш жылдан бері  Президенттің Іс Басқармасының басшылығын  Абай Бисембаев атқарып келеді. Биыл мамыр айында Бисембаевтың осы қызметке қайта тағайындалуы  оның Елбасының сеніміне кіретін кадр екенін аңғартса керек.

Жалпы, сарапшылар  Президент әкімшілігінің 25 жыл ішінде жүріп өткен жолына оң баға береді. Бұл құрылымның жұмысындағы ең  негізгі көрсеткіштердің бірі – сайлау қорытындысы екенін ескерсек, бұл міндет бойынша Аппаратқа «5» деген бағаның өзі «аздық қылатын» сияқты. Себебі, Қазақстандағы президенттік сайлау кезінде Н.Назарбаевтың жетістігі әлемдегі рекорд болып саналды.  97,7 пайыз  дауыс жинап жеңіске жету – Америка мен Еуропадағы мемлекет басшыларының өңі түгілі, түсіне де кірмейді. 

Президенттік аппараттың жұмысы алдағы уақытта жетілдіріле бермек. Бастысы, өз ісіне адал, кәсіпқой мамандардың болуы. Себебі, бұл құрылымға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. 

Бекбол Қалдыбек,

Мұрағаттан, 2015 ж

Орыстардың 65 пайызы өз елдерін Ұлы держава деп есептейді
Бекжановтың беделі...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу