Бір елде екі хан болмайды
Ауызекi тiлде және әдебиеттерде “Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды” деген сөз көп айтылып жатады. Неге екенiн қайдам, осы сөздi естiгенде ұдайы көз алдыма бiр ыдыстағы жемге таласып, бiрiн-бiрi сүзгiлеп жатқан екi қошқар елестейдi де тұрады. Мұның астары түсiнiктi ғой. Бiрақ тереңiрек ойлап қарасаңыз, бұл сөздiң түпкi мағынасы әлдеқайда кеңiрек екен. Шамасы бұл өзiнiң тұпнұсқасын жоғалтқан, соған қарай мәнi де “майысқан” сөз сияқты. “Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды” емес, дұрысы “екi қойдың басы бiр қазанда қайнамайды” болуы керек. Сiздерде қайдам, Оңтүстiк жақта той-жиында, қонақ келгенде қатарынан екi немесе одан да көп қой сойылса, екi қойдың басын бiр қазанда қайнатпайды. Оларды мiндеттi түрде бөлек пiсiредi. Асылында бұл көнеден келе жатқан ырым болса керек. Өйткенi көне түркi ескерткiштерiнде (егер жаңылыспасам Күлтегiн жазуында болуы керек) “екi қойдың басы бiр қазанда қайнамас” деген сөйлем кездеседi. Ал бiр қазанда екi қойдың басын қайнатпаудың түпкi мәнi неде? Мұны да сол көне түркi ескерткiштерiнен табамыз. Онда “аспанда екi күн болмайды, бiр елдi екi хан басқармайды” деген сөздер кездеседi. Көне түркiлердiң түсiнiгiнде бiр елдi екi ханның басқаруы жаман ырым саналған. Егер бiр елдi екi хан басқарса, онда соғыс, шапқыншылық, талас-тартыс болатынын түсiну қиын емес қой. Сол сияқты бабаларымыз бiр қазанда қойдың ең қадiрлi мүшесi, ең сыйлы қонағының алдына қоятын басты бөлек қазанға қайнатқан. Ал екi қойдың басын бiр қазанда қайнату жаманшылыққа бастайды, ел билеген азаматтардың арасына ұрыс-керiс шақырады деп ырымдаған. Мұны неге айтып отыр дейсiздер ме?
Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы республика көлемiнде кеңiнен атап өтiлдi. Рас, Қазақ хандығының қашан құрылғанына келгенде тарихшылар арасында талас-тартыс әлi бар. Кейбiр тарихшылар хандық 1445 жылы құрылды дегендi айтса, ендi кейбiрi 1470 жыл дегенге сенiмдi. Дегенмен, Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр Астанада өткiзген брифингте Қазақ хандығының құрылған датасы 1465 жыл деп алынғанын және мұндай шешiмнiң Мұхаммед Хайдар Дулатидiң “Тарихи Рашиди” еңбегiне сүйене отырып жасалғанын айтқан едi. Дегенмен, осы танымал еңбектi зерттеген кәсiби тарихшы-ғалым Берекет Кәрiбаев Керей мен Жәнiбектiң Қозыбасыда ту тiккен уақыты 1465 жыл емес, 1458 жыл дегендi жазды. Бiрақ бiздiң негiзгi айтайын дегенiмiз бұл туралы емес.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған iс-шаралардың ең негiзгiсi Таразда өттi. Әулиетада мерейтойға арнап көптеген нысандар салынды. Соның бiрi – “Қазақ хандығы” монументi. Биiктiгi 30 метрдi құрайтын ескерткiш қаланың батыс бөлiгiндегi “Тараз-Арена” спорт сарайына қарама-қарсы бетте орналасқан. Бұл жер бүгiнде гүлзар және көлiк тұрағына айналды. Ескерткiште Қазақ хандығының негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек тақта қатар отыр. Екi хан, екi тақ, яғни екi билiк. Бұдан не түсiндiңiз? “Екi қойдың басы бiр қазанда қайнамайды” дегендi осы жерден ары қарай сабақтасақ.
Тарихи деректерге қарағанда, Керей мен Жәнiбек бiр атадан тумаған. Мұхаммед Хайдар Дулати оларды “өзара туыс адамдар” деп жазады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” деп аталатын еңбектегi деректерге сенсек, Керей хан – Болат сұлтанның жар дегендегi жалғыз ұлы, Орыс ханның немересi. Туған жылы белгiсiз, шамамен 15 ғасырдың жетпiсiншi жылдарының басында қайтыс болған. Оның хан болған мерзiмi 1456–1473 жылдар деп көрсетiлген. Ал Жәнiбек хан – Барақ ханның баласы. Оның хан болған мерзiмi мектеп оқулықтарында 1473–1480 жылдар деп көрсетiлген. Яғни Қазақ хандығының тағына алғаш Керей хан, ол қайтыс болған соң Жәнiбек хан отырған. Жәнiбек ханнан кейiн хандықты Керейдiң баласы Бұрындық басқарған. Одан кейiн билiк бiржолата Жәнiбек ханның ұрпағына өткен. Жалпы, хандық билiктiң ағадан iнiге мұра болып қалуы – сонау ғұн, түрiк дәуiрiнен берi бар дәстүр. “Аға өлсе, iнi мұра” деген таным-түсiнiк сол ерте замандарда қалыптасқан. “Таққа ханның ұлын емес, iнiсiн отырғызу мұрагерлер арасындағы талас-тартыстың болмауын қамтамасыз еткен” деп жазыпты белгiлi түрiктанушы Лев Гумилев. Осы жерде айта кетейiк, Керей мен Жәнiбек хандарға бұған дейiн Астанада ескерткiш орнатылған-ды. Осы ескерткiште Керей хан тақта отыр, Жәнiбек хан оның қасында түрегеп тұр. Керей – билiк етiп отырған хан, Жәнiбек оның iнiсi, әрi ақылшысы, әрi мұрагерi ретiнде бейнеленген. Ал Тараздағы “Қазақ хандығы” монументi тарихи дерекке де, қазақтың таным-түсiнiгiне де қайшы келiп тұр емес пе? Мерейтойдың басы-қасында жүрген, iс-шаралардың басты ұйымдастырушысы, бас идеологы болған Мәдениет министрi Арыстанбек Мұхамедиұлының қазақтың тарихын қаншалықты жақсы бiлетiнi осыдан-ақ анық аңғарылады. Сырттан келген қонақтар ескерткiштi көрiп не дейдi? “Сендердiң мемлекеттерiңдi екi билеушi басқарған ба, онда неге қазiр екi президенттерiң жоқ?” деп сұраса ше? Қазақстанда жалғыз президенттiң барын, тiптi “Елбасы — ұлт көшбасшысы” деген атақтың да осы президентпен бiрге тарих қойнауына кететiнiн, келесi президенттiң мұндай титулды иеленуге құқығы жоқ екенiн министр жақсы бiледi ғой. Жә, президенттi былай қойып, “екi қойдың басын бiр қазанда қайнатқан” Арыстанбек Мұхамедиұлынан “Қазақстанда қанша Мәдениет министрi бар?” деп сұрап көрелiкшi.
Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын аста-төк тойға ұластырмай, мағыналы, тәрбиелiк мәнi бар шаралармен атап өтудi тапсырған едi. Осы шара барысында қаншама ғылыми конференциялар, жиындар ұйымдастырылды. Бiрақ айтып жүрерлiктей одан қандай мән-мағына, қандай тағылым қалды? Ел-жұрт күтiп жүрген бiр дүние – Қазақ хандарының тарихына арналған киноэпопея едi. Бiрақ оның да соңы сиырқұйымшақтанып бара жатыр. Мәдениет министрлiгi фильмдi түсiруге қаржыны уақтылы бөлмегенi осы жазда интернетте тараған бейнежазбадан белгiлi болды. Кейiн фильмнiң сценарийi өзгердi. Серияларының саны қысқартылды. Туындыны Тәуелсiздiк күнiнде тарту етуге уәде де сол жазда берiлген едi. Алайда соңғы мәлiметтерге қарағанда түсiру тобы оны 16 желтоқсанға дейiн аяқтап үлгермейтiн көрiнедi. Ендi келер көктемде деп отыр...
***
Айтқандай, Тараздың тойдан кейiнгi “көңiл күйi” де онша болмай тұрған сияқты. 550 жылдыққа арналған үлкен жобаның бiрi, президенттiң өзi аралап, жоғары бағасын берген “Ежелгi Тараз ескерткiштерi”” тарихи-мәдени қорық-мұражайы ғимаратының үстiнен су өтiп кеттi. Тойдан кейiн бар-жоғы екi күннен кейiн толассыз жауған жаңбырдан кейiн орын алған бұл жайт естiген жаннан ұят болды. Мұны суретке түсiрiп алып, әлеуметтiк желi арқылы елге әйгiлеп жiбергендер де бар. Бiз осының анық-қанығын бiлу үшiн алдымен Жамбыл облысы әкiмдiгiнiң құрылыс, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Бәйтелиевпен жолықтық. Ол құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргiзiлуiнен ғимараттың төбесiнен су аққанын, соның салдарынан жертөлеге су кетiп, екiншi қабаттағы бiраз материалдардың бүлiнгенiн растады.
– Қайта бұл жақсы болды. Төбеден жаңбыр өтетiнiн дер кезiнде бiлдiк. Егер мердiгерлер жұмыстарын бiтiрiп, мұражайға экспонаттарды әкелiп қойғанымызда, бәрi кеш болар едi. Бұдан ешқандай шығын көргенiмiз жоқ. Мердiгерге төленбеген әлi 68 миллион теңге бар. Яғни ақшаны алып қашып кеттi деген әңгiме болмауы тиiс. Мердiгер қазiр қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзiп жатыр, – дедi Р.Бәйтелиев.
Басқарма басшысынан сұрап бiлгенiмiз, құрылыс жұмыстары жүргiзiлген мұражайға қажеттi 950 миллион теңгенiң 100 миллионы – жергiлiктi қордан, ал 850 миллион теңгесi республикадан, шұғыл шығындарға арналған резервтен Мәдениет және спорт министрлiгi арқылы бөлiнген. Яғни, “кiм ақысын төлесе, музыкаға сол тапсырыс бередi” деген тәмсiлге салсақ, қаржының дұрыс игерiлуiн қадағалау Арыстанбек Мұхамедиұлы жетекшiлiк ететiн министрлiкке тиесiлi. Мұражайдың құрылысына конкурс наурызда өтiп, мердiгермен келiсiм сәуiрде жасалған. Тендердi түрiк компаниясы ұтып алған. Неге шетелдiк компания? Отандық компаниялардың құрылыс жүргiзуге қауқарлары жетпей ме? Бұдан бөлек мердiгермен келiсiм сәуiрде жасалғанымен, Мәдениет министрлiгi тарапынан бөлiнетiн қаржы шiлдеде келiп түскен. Министрлiктiң мұны неге созып жiбергенi түсiнiксiз. Тiрлiктерден шикiлiк шығып жатса “мұның бәрi қаржының кеш бөлiнуiмен, жұмыстар тақап қалғандықтан, асығыс-үсiгiс жасалғандықтан” деп ақталу алдағы уақытта да аз болмайтын сияқты. Қысқасы, “Таз таранғанша, той тарқадының” керi болған тiрлiк.
Ал аталған мұражайдың директоры Тәкен Молдақыновпен хабарласқанымызда, ол құрылыс жұмыстары желтоқсанда аяқталады дедi. Желтоқсаныңыз басталып кеттi. Айдың соңына дейiн құрылыстың аяқталатын сыңайы сезiлмейдi. Келер жылға өтiп кетпесе деңiз. Қазақ хандығының тарихына арнап түсiрiлетiн фильмнiң уәде етiлген мерзiмiнде бiтпей, 550 жыл емес, 551 жылдыққа қалғанын жоғарыда айттық. Уақтысында Қазақ хандығының тойын өткiзу үшiн құрылған комиссияға төрағалық еткен вице-премьер Бердiбек Сапарбаев Таразға келген сапарында шенеунiктерге қаржы жұмсауға сақтықпен қарауды, той өткен соң әрбiр тиынына дейiн сұрау болатынын ескерткен едi. Нәтижесi мынау болды? Бердiбек Сапарбаевтың орнына келген Дариға Назарбаева бұған ендi не дер екен?
Ғалымжан Елшiбай,
Жамбыл облысы
Жас Алаш №96 (16074) 3 желтоқсан, бейсенбі 2015