Асанбай Асқаровтың аманатына қиянат жасап жүрміз

Oinet.kz 01-05-2019 1163

20161104105452.jpg

 Облысымызды ұлтжанды азамат Асанбай Асқаров басқарған жылдары әлі күнге дейін Шымкент қаласының мақтанышы болып келе жатқан Дендросаябақ, Ипподром, Хайуанаттар бағы, Балалар темір жолы және басқа да көптеген мәдени көпшілік орындар халық игілігіне берілді. А.Асқаровтың көзіндей болған сондай тамаша көпшілік мәдени орындарының бірі - «Фосфор» мәдениет үйінің бүгінгі көрінісі көңілімді қатты құлазытады. Асқаровтың аманатына бұлайша қиянат жасау мені  қатты қынжылтады. Аға ұрпақ өкілдері біледі, бұл Мәдениет сарайында кезінде қандай маңызды іс-шаралар өткізіліп, жасыл желекке көмкерілген ауласы көпшіліктің бой сергітіп, бала-шағаларымен бірге тынығатын, жастардың жиі серуендейтін сүйікті демалыс саябағы болатын. Қазіргі күйі не болып жатыр? Қараусыз қалған, жетімнің күйін кешкен ғимаратқа қарап отырып қарның ашады. Зәулім ғимараттың оң жағындағы біраз жер саунаға айналды. Сол жағы, баяғыда бала-шағамызбен келіп серуендейтін, тіпті, тұнық суынан балық аулайтын керемет жерде қазір «Киш-Миш» деген кафе ашылып, даңғара музыкасы түнге дейін миыңды шағатын жын-ойнақтың ордасына айналып шыға келді. 

Бұрын бұл Мәдениет үйінің ауласында Наурыз секілді ұлтымыздың ұлық мерекелері өтіп, халықтың қуанышына ортақтасып тұратын. Қазір өлі тыныштық. Керісінше ойдан қашқан, қырдан қашқандардың бой тасалайтын, бұзақылардың бас қосатын жеріне, қаңғығандардың қылмыстық әрекетін іске асыратын ордасына айналып, қайғылы оқиғалардың орын алуына себепкер болуда. Өзім көрген жоқпын, бірақ, «жақында түн мезгілінде осында бір бойжеткенді әкеліп, зорлап, соңынан өлтіріп кетіпті» дегенді естідім. Қылмыстың ордасына айналмағанда қайтсін, ағашы қалың сарай ауласындағы жарықтың біреуі де жанбайды. Былайша айтқанда, қылмыскерлер үшін таса, таптырмайтын орын. Түнде аулаға кіру былай тұрсын жанынан өтуге қорқасың. 

Менің білуімше, бұл ғимараттың меншік иесі сыра зауытының қожайыны Тоқтар Төлешов екен. Хош делік, оған ешкімнің де дауы жоқ. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау кезеңде жекеге сатылып кеткен шығар, бірақ, оны алған адам, мейлі ол кім болсын, Төлешов болсын, басқа біреу болсын бұл нысанды қайтадан халыққа тиімді қызмет ететіндей орталыққа айналдыруы қажет деп ойлаймын. Т.Төлешов те облысымыздың азаматы ғой, халық үшін маңызды нысанды бұлайша қараусыз қалдыруға болмайтынын жүрегімен ұғынуы тиіс. Ал, егер мұны істетуге шамасы келмей ме немесе істегісі келмей ме, онда үкіметке қайта өткізсін. Басқасы басқа, байлығы асып тасқаны елге белгілі Тоқтар Төлешовте қаржы жоқ емес көңіл аудару жағы жетпейтіні, жаны ашымастығы дер едім. Тоқ етерін айтқанда, бұл Мәдениет үйі қайта саябаққа айналуы тиіс. Өйткені, Еңбекші ауданының ең халқы тығыз орналасқан бұл төңіректе көпшілік серуендейтін, тынығатын бірде бір қоғамдық саябақ, демалыс орындары жоқ. 

Шымкент қаласын Арман Жетпісбай ініміз басқарып тұрғанда оның қабылдауында болып, осы мәселені көлденеңінен қойдым. Ол кісі облыс әкімімен ақылдасып, бұл ұсынысты іске асырамыз деді. Бірақ, болмады. Қазіргі әкім Дархан Сатыбалдының да қабылдауында болдым. Сол кезде де айттым, қазір де қайталаймын. Мен өзіме үй, жер сұрап жүрген жоқпын, баламды да жұмысқа ал деп тұрғаным жоқ, менің сұранарым халыққа ортақ мәселе. Асанбай Асқаров салдырып кеткен «Фосфор» мәдениет сарайы дайын тұрған саябақ. Ал жан-жағындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін немерелерін, балаларын ертіп шығып, демалатын орын жоқ. Бұрын самаладай жарқырап тұратын жарық бүгінде қара түнекке айналған, сарқырап тұратын фонтан суалған, жасыл желек ағаштар қырқылып жатыр, қурау үстінде. Гүл жайнап тұруы тиіс жерлерде қарағаштар өсіп кеткен. Оған ешкім қарамайды. Бұл жерді саябақ істер болсақ, барлығы да дайын. Тал-дарақтарын суғаратын су құбырлары бар, қаз-қатар тізілген төрт фонтанды да іске қосуға болады. Осының барлығын халықтың игілігі үшін пайдаланып, саябаққа айналдыру керек. Және ол саябаққа облысымыздың, қала берді мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық, әсіресе мәдени өмірін өркендетуге үлкен еңбек сіңірген, ұмыт бола жаздаған қаншама ұлттық дәстүрлерімізге қайта жан бітіруге атсалысқан ғалым, этнограф, Ленинградттың мұражайында тұрған Тайқазанның тарихи отанына оралуына бірден бір себепкер болған жерлесіміз Өзбекәлі Жәнібековтың есімін берейік. Мұның жастарымызды, кейінгі ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге де мол үлесі болмақ. Ал, егер менің бұл ұсынысыма бүгін құлақ аспасаңыздар, күндердің күнінде әсем сарайды қайдағы бір қытай ма, кәріс пе, әйтеуір қалталы біреу сатып алып, Мао Цзедунның, тағы да басқа жат біреудің есімін беріп, ескерткішін орнатып қойса таңқалуға болмайды. Сол кезде біз немере-шөберемізді ертіп алып, сол «көсем» Мао Цзедунның «асқақ» тұлғасына қарап, оның кім екенін таныстырып, тас мүсініне гүл шоқтарын қойып тұрсақ қалай болады? Ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан намыс қайда қалады, келешек ұрпағымыз кімдерге қарап бой түземек? Мұны да ұмытпаған жөн. Шымкент еліміздегі жергілікті ұлт өкілдерінің көп шоғырланған, тығыз орналасқан жері, республикадағы үшінші мегаполист бола тұра осындай сорақылыққа жол беруге әсте болмас. Қазақ тарихына үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын қайдағы біреулерді емес, Өзбекәлі Жәнібеков, бейбіт заманда жеріміздің тұтастығын сақтап қалуда қылышынан қан тамып тұрған Сталиндей басшының алдында қаймықпас, қайсар мінез көрсеткен Жұмабек Тәшенов секілді асыл азаматтарымыздың есімін ел есінде мәңгі сақталып қалардай дүниелер жасасақ, ешкім де қарсы бола қоймас. Керісінше, халық қызу қолдап, құптайтынына сенімдімін. Бұл ұсынысым іске асып жатса, халық алдында Сіздерге де зор абырой болары сөзсіз. 

Өркен Әбдіреев,

Тыл және Еңбек ардагері,

Еңбек Қызыл ту орденінің иегері.

Мұрағаттан, 2015 ж

«Бiрiншi кезекте облыс әкiмiнiң басы кетедi»
Облыс әкімінің есеп беру жиынында мәслихат депутаттары бірде-бір сауал жолдаған жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу