Облыс әкімінің есеп беру жиынында мәслихат депутаттары бірде-бір сауал жолдаған жоқ

Oinet.kz 03-05-2019 1147

Акимы.jpg

Кеше, 5 тамызда, сәрсенбінің сәтінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша атқарған жұмысы жайлы есебін мәслихат депутаттарының талқылауына ұсынып, таразысына тартты. Талай тірліктерді  тізбелеп тұрып айтқан баяндамадан кейін облыс басшысына бірде бір сұрақтың қойылмауы қайран қалдырды. Ойпырмай,ә сонда 3 миллион халық тұратын өңірде шешілмеген бірде бір мәселе қалмағаны ма? Облыс әкімі күнде есеп беріп жатыр ма? Ендеше «кімде қандай сауал, нендей мәселе бар?» деген мықты мүмкіндік туып тұрғанда ешбір депутаттың сайлаушыларының мұң-мұқтажы  шешілуіне септігін тигізетін бір сұрақ болса да қоймағандары қалай? Бәлкім мандаттарын өз мақсаттарына ұтымды пайдалана білудің арқасында қарны тоқ, көйлегі көк, ішкені алдында, ішпегені артында депутаттардың қай-қайсысы да   жеке бастарына қатысты облыс әкімінен әлдеқандай көмек сұрауға зәру емес те шығар. Бірақ біздің анық білетініміз, облыс әкімі былай тұрсын аудан әкіміне жанайқайын қалай жеткізудің амалын таппай жүрген қамкөңіл сайлаушылар қаншама?! Олардың үміт артып дауыс берген депутаттары мұны білмейді деу қисынға келмейді. Мұндайда біліп тұрып бүлдіргендерді сайлаушыларының мүддесіне, арман-тілегіне, мұң-мұқтажына мұрнын шүйіре қараған асқандық, тасқандық демей, не дейміз? Күлбілтелемей турасына көшсек «дауыс беру маңызды емес, сол берілген дауысты қалай санау маңызды» екенін жақсы түсінетін депутаттар облыс әкімінің есебінде қолайсыз сұрақ қою арқылы көзге түскенше сайлаушыларының сауалына пысқырып та қарамай «үндемесе үйдей пәледен құтылатындарын» білмейді дейсіз бе? Білгенде қандай?! Білгендіктен ғой, әкімнің баяндамасынан кейін жарыссөзге шығушылар көшінде әдеттегідей «дежурный» тізім өзгермей Әбілқасым Досболов бастап, әкімнің ет-жүрегін елжірететін тамаша тілектер жаудырды. Одан кейін мінберге көтерілген депутат Сұлтанбек Сүгірбаев та күшті-күшті теңеулер тауып сөйлеп, қызды-қыздымен «Сіз қызметке келгелі бері аудан, ауыл аралау  қолға алынды» деп те асыра сілтеп жіберді. Сонда дейміз-ау, бұған дейін облыс тізгінін ұстаған азаматтардың қайсысын кабинеттен шығармай, қамап қойып едік. Барлығы да шама-шарқынша аудан, ауыл жаққа ат басын бұрудан кенде қалған жоқ. Депутат Қайнар Абасов та әкім мақтауды меңгере бастапты. Ал мәслихат хатшысы Құдайберген Ержан  әкімінің өзіне, оның есебін қолдаған әріптестеріне неше рет рахмет айтқанын тізіп  отырсақ та жиі қайталағаны соншалық санаудан жаңылысып үлгердік. Жарайды, әкіміміз іскер болса оған мақтау жаудырсақ та, рахмет айтсақ та әбден жарасады. Оны даттасын деуден де аулақпыз. Бірақ облыста барлық мәселені 100 пайыз шешіп тастаған сияқты спектакль көрсетпей тым болмаса көзбояушылыққа барса да бірді-екілі депутаттар сайлаушыларының талап-тілегіне байланысты «есеп бергенімді елге айтып жеткізсін» деген облыс әкіміне бірді-екілі сауал қойса қайтер еді?  Бұған Сіздер не дейсіздер мәртебелі сайлаушылар?! 

   Әрине, депутаттар «түйткілді мәселелерді  алдын ала тұрақты комиссияларда талқылағандықтан сұрақ қоюға ұмтылмадық» деп ұпайын түгендей бастайтыны белгілі.  Алайда ат төбеліндей топтың тұрақты комиссияда, оған қоса  облыс әкімінің қатысуынсыз өтетін  басқосуда тақырыпты талқылауы бір бөлек те, оның ішінен бәрін  болмаса да ең өзектілерін үлкен жиында, яғни сессияда күллі көпшіліктің көз алдында күн тәртібіне шығару жөні басқа мәселе. Әкімінің орынбасарларына, басқарма басшыларына барынша шүйлігетін  депутаттар қосшы   арқылы сыртай сәлемдеме жолдауға, өткір мәселе қозғауға шеттерінен шебер болғанымен бірінші басшымен, яғни  облыс әкімімен бетпе келгенде еркін пікір айтуға  батылдары бармай бүгежектей берулерінің себебін сірә алда-жалда депутат атанып қалсақ қана білетін шығармыз.  Сонымен мәртебелі оқырман, Сіздер «ет жемесіңіздер де сорпа ішкендей болып» отырыңыздар, тұрақты комиссияларда қандай мәселелер көтерілгеніне көшейік. 

Құрылыс саласында былық көп 

      Депутат Өмірзақ Мелдеханов төрағалық ететін азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сакен Қаныбековтің сөзінен ұққанымыз, облысымызда өнеркәсіп саласында 286,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 40,4 миллиард теңгеге артық. Көл-көсір қаражат, қарқынды құрылыстар, әр салада іске асырылып жатқан ілкімді жобалар тізбегі осылай жалғасып кете береді, кете береді... 

Кезек сұрақ-жауапқа келгенде депутат Бахарам Абдукаримовты субсидия алу үшін тастың үстіне де тамшылатып суару арқылы егіліп жатқан бау-бақшаның жайы алаңдатады екен. Бұл жұмыстың басталғанына үшінші жыл болғанымен, бастама нәтиже берудің орнына егілген көшеттер қурай бастапты. Былайша айтқанда, бюджеттің ақшасы желге ұшып жатыр. Бұл келеңсіздікті жою үшін тиісті басқарма басшылары субсидияны төрт жылға бөліп беру әдісін ұсынып отыр екен. Ұсыныс қолдау тапса, бәрі орнына келеді деген үміт бар.

    Кеңес өкіметі кезінде жылу маусымы біткен күні келесі маусымға дайындық басталып кететін. Қазір күздің түскенін күтіп жатамыз. Сөйтеміз де қыс бойы дірдектеп жаурап шығамыз. Осылай деген қалаулылар жылу маусымына дайындық барысын білмек болды. Мамандардың айтуынша, «№3 Жылу орталығының» қазіргі негізгі проблемасы - «ҚазТрансГаз» АҚ алдындағы қарызы болып тұр. Нақтырақ айтқанда, «ТЭЦ-3»-тің дебиторлық қарызы 565 миллион, кредиторлық қарызы 965 миллион теңге екен. Жақында жылу орталығының акционерлері бас қосып, жиналыс өткізіпті. Сол жиында дебиторлық қарыз тамыз айының соңына дейін толық жиналып, кредиторлық қарызды құрылтайшылар есебінен жабуға уағдаласқан. 

Шымкент өте көркем қалаға айналып келеді. Көптеген саябақтар мен қоғамдық нысандар салынды. Бірақ, депутаттардың пікірінше, олардың бүгінгі сапасы сын көтермейтін жағдайда. Демеушілердің қаражатын есептемегеннің өзінде 823 миллион теңге жұмсалған, лентасы қиылғанына көп бола қоймаған Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған саябақ қазір қайта жөндеуді қажет етеді.  Жарнамасы жер жарып, сүйіншісі зор болған Қошқар ата мен Бадам өзендерінің бойына салынған нысандар жайында да осыны айтуға болады. Даңқ мемориалының да «халі мүшкіл». «Осындай маңызды нысандарды сапасыз салған мердігерлердің бірі – «Мрамор и гранит» ЖШС. Басшысы Сабыр Келдібеков. Оған тендерді ұтып алуға «көкесі» көмектескен, сапасыз құрылысты «Тұран құрылыс» ЖШС қабылдап алған. Мұндай сапасыз нысандарға қашанғы миллиардтарды жұмсай береміз? Пайдалануға берілгеніне бір жыл болмай бұзыла бастаған нысанға бюджеттен қайта қаражат сұраймыз. Бұл қалай болғаны, құрылыстың сапасын бақылау мекемесі қайда қарап жүр?», - деді Ө.Мелдеханов. Бұл сауалға жартымды жауап бере алмаған Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы Құттыбек Жамашев «қабылдап алған нысанның кафелі немесе өзге бір бөліктері алты айдан кейін немесе бір жылдан соң ұшып кететінін анықтау өте қиын мәселе. Бірақ, оны кепілдік берген мерзім ішінде мердігер қалпына келтіруі керек. Олай болмаған жағдайда шара көреміз, шара көріп те жатырмыз» деп ақталғанымен, бұған қалаулылардың көңілі толмады. 

Сапасыз, заңсыз, рұқсатсыз салынып жатқан құрылыстар, әсіресе, тротуарға дейін салынып кеткен құрылыстар жайы депутаттардың «давлениесін» әжептәуір көтеріп жүргенге ұқсайды. Әлі толық пайдалануға беріліп үлгермеген Астана даңғылының өзінде тротуарды жылжытып, «самопал» құрылыс салып қойыпты. Ешкімнен рұқсат алмай. Тәуке хан даңғылында да осындай көрініс. Қонаев ескерткіші көрінбейтін жағдайға жетті. Мұндай қарқынмен екі жылдан соң қала көшелері бойымен  жүріп-тұру қиын болып қалады. Тротуарға құрылыс салуға кім, қалай рұқсат берген? 

Жол жөнделмей жатқанда...

 Депутаттар әуежай мәселесін қызу талқылап тастады  

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр таңдай қақтырарлық тірлікке толы баяндама әзірлеуге тыңғылықты дайындалыпты.  Оны соңына дейін тыңдауға депутаттардың өздері де төзімділік таныта алмай, орта жолдан тоқтатып, сұрақ-жауапқа көшті. 

Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізінің біздің облысқа қарасты 239 шақырым бөлігінің құрылысы аяқталды. Бірақ, «аяқталды» деген сөз дұрыс емес, құрылыс әлі жүріп жатыр. Сорақысы сол, қыруар қаржы жұмсалып, ғасыр құрылысы саналған «күре тамырдың» сапасына айтылып жатқан сын өте көп. Оны бүгін дәл осы қалпында қабылдап жіберсек, ертең өзіміздің сорымызға айналмақ. Шағалалы Шардарада әуе байланысын реттеуге көңіл бөлініп, жұмыс жасалып жатыр екен. Бұйыртса, Шардараға ұшақ арқылы бару мүмкіндігі тумақ. Бұл бастамаға қызыққан қалаулылар ендігі кезекте Түркістанға да әуежайдың аса қажеттігін алға тартты. Әсіресе Астанаға, тіпті, Түркияға тікелей рейс ұйымдастырудың тиімділігі зор екенін дәлелдегісі келді. Ол үшін ұшақ қонатын алаң дайын, ғимарат бар екен. Сонда ғана атажұртты аңсаған түрік бауырлар Түркістанға ағылған болар еді. Мұның ішкі туризмді дамытуға да қосар үлесі зор болмақ. Қазіргі таңда Түркиядан Түркістанға жету өте қиын. Әуелі Алматыға келеді, сосын Шымкент арқылы Түркістанға жол жүреді. Айтқандай, Ербол Садырдың айтуынша, Үкіметте шағын аэропорттарды дамыту жөнінде бағдарлама қабылданғаныпты. Сол бағдарламаға орай облысымыздан Түркістан, Шардара, Созақ аудандарына әуежай салу жөнінде ұсыныс берілген екен. Алайда, дағдарыстың салдарынан қаржыландыру уақытша тоқтап тұр.

10 жылда төрт-ақ кәсіпорын...

10 жылдық тарихы бар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жайында жақсы мәліметтер бар. 21 жоба мақұлданып, оның 8-іске қосылған. Бірақ, онда шын мәнісінде төрт-ақ кәсіпорын жұмыс істеп тұр екен. Мұны дәл осы күні түске дейін арнайы барып, көріп, көз жеткізіп келген депутат Шәріпбек Жамалбеков айтып отыр. Он жылдағы жұмыс осы болса, оның келешегі қалай болмақ? Ш.Жамалбековтың бұл уәжімен келіскісі келмеген облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков экономикалық аймақ пен индустриалды аймақты шатастыруға болмайтынын айтты.  

Қазақ хандығы тойынан  13 жастағы жүкті қыздарға дейін...

Қазақ хандығының 550 жылдығын елімізде кеңінен дүркіретіп атап өтуге атсалысуға келгенде  облысымыздың қосып отырған үлесіне  депутататтардың көңілі толмайды екен. Тіпті, ұсыныстарын да ортаға салды. Сосын оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету жайын анықтап алды. Апатты және үш ауысымда оқитын мектептерге қатысты алаңдаушылықтары барын да білдірді. Тиісті лауазым иелері оқулықтан проблема болмайтынына уәде етті. Облыста 48 апатты мектеп бар екен. Бұйыртса, 2016-2017 жылдары бұл мәселенің түйіні тарқатылуы тиіс. Үш ауысымда оқытатын 25 білім ұясы бар. Бұйыртса, үш ауысымда оқытатын мектептерге байланысты проблема да 2017 жылы толықтай шешімін таппақ. Әрине, әкімдік қызметкерлерінің бүйтіп үйіп-төккен уәделері қалай орындаларын уақыт көрсетер. Депутат Шәріпбек Жамалбековтың жанын теледидардан айтылған «13 жасқа толмаған 350 қыз баланың жүктілігі» жайындағы жағымсыз ақпарат қатты жаралапты. Шындығында бұл жеке бір адам үшін емес, тұтастай ұлт үшін қасіретпен тең оқиға. Алайда, осы факті қаншалықты рас? Облыстық білім басқармасының басшысы А.Елшиева ханым зерттеу барысында олардың 80 пайызы 16-17 жастағы қыздар болып шыққанын айтты.

Баспанасыз жүрген ардагерлер әлі бар  

Былтыр Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің барлығын үймен қамтамасыз ету мәселесі  қолдау тапқан болатын. Сөйтіп, баспанасы жоқ барлық ардагерлер наурыз айына дейін қоныс тойын тойлайтын болып келісілген. Бұл жөнінде арнайы комиссияның да шешімі бар. Алайда, наурыз айының өткеніне жарты жылға жуықтаса да арамызда баспана кілтіне қол жеткізе алмай жүрген ардагерлер бар екен. Тұрақты комиссия отырысында айтылған мәлімет рас болса, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында пәтер кезегінде тұрған 27 ардагердің 18-і баспаналы болса, 9-ына әлі берілмепті. Баспана ала алмай жүрген ардагерлердің төртеуі сарыағаштық, екеуі мақтаралдық. Мақтаралдық ардагерлердің қолында үй алғандығы жөнінде ордер бар да, үйлері жоқ. Осы мәселеге жауапты адамдардың сөзіне сенсек, бұл алтауына үй берілген екен, бірақ ескі. Оған көңілі толмаған ардагерлер ескі баспанадан бас тартып, аудан орталығында салынып жатқан жаңа үйлерден алуға келісім бергенге ұқсайды. Ол үйлер әлі бітпеген. Баспанасыздар есебіндегі қалған үш ардагер Арыста тұрады екен. Алғашқы жартыжылдықтың қорытынды есебінде ол ардагерлердің баспаналы болғандығы айтылған. Демек, бүгінгі күнге баспанаға қол жеткізе алмай отырған ардагерлердің саны нақты алтау деген сөз.  Күннен күнге қатары сиреп бара жатқан аталарымыз бұл қуанышты сезініп үлгереді ме, үлгермейді ме, ол жағы бір Жаратқанға ғана аян. Жыл басында облысымыздағы соғыс ардагерлерінің саны 462 болса, бір ай бұрынғы есеп бойынша олардың қатары 431-ге дейін сиреген. 

Шадияр МОЛДАБЕК    

Мұрағаттан, 2015 ж

Асанбай Асқаровтың аманатына қиянат жасап жүрміз
13-ші білім министрі... Дилетант па, кәсіпқой ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу