«Бiрiншi кезекте облыс әкiмiнiң басы кетедi»

Oinet.kz 01-05-2019 1421

IMG_6816-1.jpg

Қыркүйек айында Тараз қаласында аталып өтедi деп жоспарлан¬ған Қазақ хандығының 550 жылдығы қазанға ауыстырылды. Тойдың не себептi кейiнге шегерiлгенiн күлбiлтелеп жатпай турасына көшсек, дайындық жұмыстарын өз деңгейiнде бiтiрiп үлгеру мүмкiн еместiгi белгiлi болды. Тойдың мерзiмiмен бiрге әуел баста әбден талқылап бекiтiлген жоба-жоспарлар да бiршама өзгердi. Ендi ел күткендей тойдың түңлiгi Таразда түрiлмейдi, 11 қыркүйекте Астанада мерейтойға қатысты ғылыми-теориялық конференциядан бастау алмақ. Ол мәдени, мерекелiк iс-шараларға ұласады. Арада бiршама үзiлiс болып, бұл той 9-10 қазанда Таразда жалғасады.

 Мемлекет басшысының өзi тiкелей қадағалауына алған мұндай аса жауапты iс-шараны лайықты деңгейде дүркiретiп тұрып атап өту   атқарушы билiктегiлерге, әсiресе, Жамбыл облысының әкiмi Кәрiм Көкiрекбаев үшiн үлкен сын. Егер дайындық өз дәрежесiнде жүзеге аспаса, Көкiрекбаевтың “басы кетедi”. Бұл бiздiң сөзiмiз емес, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту үшiн президенттiң тапсырмасымен құрылған республикалық комиссияның төрағасы, Үкiмет жетекшiсiнiң орынбасары Бердiбек Сапарбаевтың сөзi. Таратыңқырап айтайық.

Тойбасы Кәрiм Көкiрек¬баевтың айтуынша, Тараз қонақтарды 8 қазанда қарсы алады. 9 қазанда үлкен мерекелiк концерт көр-сетiледi. Президент Н.Назарбаев тойдың екiншi күнi — 10 қазандағы негiзгi iс-шараларға қатыспақ. Осы күнi қалада аспан астындағы мұражайдың, Қазақ хандығына арнал¬ған монументтiң, “Көне Тараз” этномәдени орталығының ашылуы болады. Ауыл шаруашылығы минис¬трлiгi қайта құрылымдаудан өткiзiп жатқан Тараздың атшабарында әр алуан ат спорты ойындары ұйымдас¬тырылады. “Еуразия барысы”, ақындар айтысы, 12 мың адамның қатысуымен театрландырылған iс-шаралар өтедi. Тойдың соңы әдеттегiше гала концертпен, отшашулармен аяқталады. Қазақ хандығының 550 жылдығына республиканың өзге облыстары, Астана, Алматы қалалары да атсалысады. Әр өңiр өз қазыналарынан қаржы бөлiп, Тараздың сәнiн кiргiзетiн бiр-бiр нысанның құрылысын жүргiзiп жатыр. Бұл мiндеттен су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды мен Ақмола облыстары ғана босатылған. Жуырда вице-премьер Бердiбек Сапарбаев Таразға келiп, алдымен осы нысандарда атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлi танысты. Тараз мем¬лекеттiк университетiнде жергiлiктi атқамiнерлердiң, әр өңiрден келген облыс әкiмдерiнiң орынбасарларының, басқарма басшыларының қатысуымен жиын өткiздi.

   Б.Сапарбаев осыдан бiр ай бұрын да той дайындығына байланысты Таразда жиын өткiзген болатын. Сол жолы жамбылдық ше¬неунiктердiң жайбасарлығына ептеп қынжылған. Бұл жолы да тым уақыттың аз қалғанын, күн демей, түн демей жұмыс iстеу қажеттiгiн қайта-қайта ескертумен болды. Ұшақтан түскен бойда әуежайдағы күрделi жөндеу жұмыстарымен танысты. Әуежай мен темiр жол вокзалы келген қонақтарды қарсы алатын негiзгi нысан ғой. Алдымен осы екi нысанның көркiн ашу, келбетiн жақсарту – жақсы ниет. Дегенмен әуежайда күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзiп жатқан жұмысшылардан кереметтей қарқын көр¬генiмiз жоқ. Мынандай шабан жүрiспен қазанға дейiн құрылыс жұмыстарын аяқтап үлгере ме деген екiұдай ойда қалдық. Бұдан кейiн қайта жаңғырту жұмыстары жүргiзiлiп жатқан “Тараз қақпасына” барды. Бұл мiндет Оңтүстiк Қазақстан облысының еншiсiне тиiптi. Қалаға кiре берiстегi көпiр құрылысын Павлодар облысы жүргiзiп жатыр. Павлодар облысының әкiмi Қанат Бозымбаевтың өзi бұрын басқарып кеткен Жамбылға бiр бүйрегiнiң бұрып тұратындығынан шығар, әлде жұрт айтқандай тiрлiкке мықтылығынан ба, әйтеуiр қыз-қыз қайнаған жұмысты осы көпiрден байқадық. Қостанай мен Қызылорда облыстары аса маңызды нысан Қарахан кесенесiнiң айналасын абаттандыруға атсалысуда. Ауыл шаруашылығы министр¬лiгiнiң қолдауымен Тараздың атшабарын қайта жаңғырту қарастырыл¬ған. Бiрақ 99 миллион теңгеге бағаланған жобаға әзiрге тек 15 миллион ғана бөлiнген.

Жамбыл даңғылындағы “Тараз” қонақ үйiнiң алдынан сквер салу Маңғыстау облысының меншiгiне тиген. Мұнайлы өлке бұл жұмысты жүргiзуге 35 миллион теңге жоспарлап, бүгiнде тiрлiктi сапалы түрде толық аяқтау үшiн тағы 15 миллион теңге қосымша бөлмек. Осы тұста бiр әттеген-айды айтпай кетпеске амал жоқ. Гүлзар жанындағы қонақүйдiң сыртқы сиқы өте нашар, әбден тозған. Нысанға бар¬ғанда жергiлiктi журналистер арасында “қонақүйдiң астыңғы жағының бәрi сауна ғой” деген күбiр-сыбыр әңгiмелер айтылды. Әрқилы жолдармен пайда тауып жүрген қонақүйдiң қожайындары той қарсаңында, ең болмаса, ғимараттың сыртын сәндеп қоюға құлық танытпаған. Мемлекет қаржы дағдарысына қарамай, қомақты ақша бөлдi, елдiгiмiздi, мемлекет-тiгiмiздi көрсететiн, тарихымызды танытатын тойға бүкiл ел болып атсалысып жатқанда жергiлiктi кәсiп¬керлердiң бұған бейжай қарағанына қалай қынжылмассың? Бұл бiр жағынан осындай игi iске кәсiп¬керлердi жұмылдыруға батылдығы, iскерлiк қабiлетi жетпей жатқан жергiлiктi әкiмдiктiң де кiнәсi шығар, бәлкiм.

Ақтөбе облысына Жамбыл даңғылындағы көпiр өткелiн қайта құру тапсырылған. Бөлiнген қаржы – 8 миллион теңге ғана. 8 миллион теңгемен тұтастай көпiр өткелiн қайта құру мүмкiн бе, қаншалықты сапалы дүние жасауға болады? Тек көзбояушылықпен жамап-жасқап, сырты бүтiн, iшi түтiн тiрлiк болмай ма? Ақтөбе облысының әкiмi Архимед Мұхамедовтiң мұнысы несi? Кейбiр облыстар бекiтiлген нысандарына ақшаларын толық бөлмеген. Кейбiрi тiптi жұмысты әлi бастамаған да. Айталық 550 жылдыққа орай Жамбыл облысының орталығына Абайдың ескерткiшiн қоямыз деген Шығыс Қазақстан облысының Тараздағы тiршiлiгi әзiрге тым-тырыс. Рас, аталған облыстан келген өкiл ескерткiштi құюға тапсырыс берiп қойдық дегендi айтты.   Таразға биiктiгi 34 метрлiк “Бәйтерек” мұнарасын орнатып беремiз деген Астана қаласы да әлi ештеңе бастамаған. Тойға дейiн үлгере ме? Егер той мерзiмi кейiнге ше¬герiлмегенде не болар едi? 

Қазақ хандығының тойына Жамбыл облысының аудан, қала әкiмдiктерi мен басқармалары да үлес қосады. Тараздың көшелерiн аббаттандыруға, көгалдандыруға, арықтарды тазалауға қаржы қаралған. Үкiметтен бөлiнген 3 миллиард теңгеге жуық қаржыға “Көне Тараз” этномәдени орталығы, Қазақ хандығына арналған монумент, аспан астындағы мұражай салынып, драма театрдың ғимаратына күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуi тиiс. Өкiнiшке қарай, этномәдени орталықтың iргетасын құю ендi аяқталған. Атқарылған жұмыс небәрi 5-7 пайыз ғана. Сапарбаев осы нысан¬ға келгенде “Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындық дұрыс болмай, лайықты аталып өтпесе бiрiншi кезекте облыс әкiмiнiң басы кетедi” дегендi айтып жiбердi. “Басы кетедi” деген сөздiң төркiнi түсiнiктi. “Егер той жоспары күткендегiдей жүзеге аспаса, бiзге де жақсы болмайды” дегендi де қосып қойды Үкiмет жетекшi¬сiнiң орынбасары. 932 миллион теңге бөлiнген Тараздың түп-тарихын танытатын мұражай құрылысы да тым кеш, ендi ғана басталған. Бар-жоғы 15 пайыз. Театрдағы жұмыстар 65 пайызға ғана бiткен. Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста Кәрiм Көкiрекбаев:

– Жұмысшыларды екi ауысыммен iстетемiз. Тәулiгiне 24-25 сағат жұмыс iстейтiн боламыз, – деп ақталған сыңай танытты. Ал Б.Сапарбаев “құрылысшылардың ешқашан уәделерiнде тұрмайтынын ұмытпаңыздар, дайындықты аяқтау мерзiмi 25 қыркүйек болсын деп келiсейiк” дегендi қадап айтты. “Басым кетiп қалмасын” десе, ендi К.Көкiрекбаев күндiз күлкiнi, түнде ұйқыны ұмытып, жұмыс iстеуi тиiс. Сапарбаев тапсырғандай, құрылыс¬тың басында күнiне екi мәрте “планерка” өткiзу қажет. Сенбi, жексенбiнi ұмытуы керек.

Б.Сапарбаев жиында осы тойға өзге ұлт өкiлдерiн де кеңiнен тарту қажет дедi. Ассамблеяның да арнайы iс-шаралары жоспарланыпты. Қазақ хандығының 550 жылдығына мотобайкерлердiң шеруi өтедi. Қытайдан керуен келедi. Облыстарды аралайды. Оларды дұрыстап қарсы алып, лайықты құрмет көрсету қажет. Сөз саптасында “қажет”, “керек” деген сөздердi жиi қолданатын Б.Сапарбаев Тараздағы оқу орындарының студенттерi қыркү¬йектен бастап жаппай сенбiлiкке тартылуы тиiстiгiн де тiлге тиек еттi. Тойға келген жұртшылық Тараздың тазалығына таңғалып, ауыздарын ашып, көздерiн жұмуы керек. Той кезiнде iс-шараларға көршi облыстардың өнерпаздары да қамтылады. Б.Сапарбаев мықтап тұрып еске салған тағы бiр ескерту қаржыны жаратуға қатысты. Тойдан кейiн “iшiп қойыпты, жеп қойыпты” деген мәселенiң, туындамауын шенеунiктер осы бастан ойланып жүруi керек.

Айтқандай, Сапарбаев осы жиын¬да “тас түскен жерiне ауыр” деген мәтелдi бiр емес, екi қайтара ауызға алды. Мұның не мағына беретiнi түсiнiктi. “Басы кетiп қалмауына” жатпай-тұрмай бас ауыртуы тиiс Кәрiм Көкiрекбаев иығына түскен тастың ауырлығын қаншалықты көтере алады?

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

 Жас Алаш №59-60, 28 шілде 2015 жыл

Шымкенттегі «Меганы» кім сатып алды немесе түйелерді жел шайқай бастады ма?
Асанбай Асқаровтың аманатына қиянат жасап жүрміз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу