Әкім Көкірекбаев соттың төрағасына сес көрсетті
-Беке, осы мәселе бойынша қатаң айтылды ғой. Мен оны қайталай бермеймін. Осыны шешесіз, болмаса жиналысқа келмейтінін маған нақтылы айтатын болсын. (Шамасы соған бет бұрып сөйлегеніне қарағанда Бекесі Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков болуы керек. Ғ. Е.).
-Үш күн подряд әкімшілік істер бойынша кассациялық алқада...
-Звандап айтыңдар, Асқар бәрімізде телефон бар.
-Замечанияңызды айтамын.
-Айтып барарсыз, сосын Мәмидің атына хат жазып жіберіңіз.
Қайбір күні Жамбыл облыстық әкімдігінде мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың 100 нақты қадамын жүзеге асыруға қатысты мәжіліс өткенде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың араласуымен осындай диалог өрбіді. Облыстық басқармалардың басшылары, аудан, қала әкімдері, жалпы осы өңірдегі өңшең жақсы мен жайсаңдар қатысқан жиында халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелердің жұмысы сөз болды. Қайтсек халықтың көңілінен шығамыз, президент Н. Назарбаевтың тапсырмасын мінсіз орындаймыз деген ләббай тақсырлық ниет қой, баяғы. Бәрі мінсіз болсын, бәрі талапқа сай істелсін деп, қарамағындағыларға біраз ақыл-кеңесін айтқан Кәрім Насбекұлы жұмысында жіберген кемшіліктері үшін бірқатар шенеуніктерге тәртіптік шаралар көрілгенін қадап айтты. Әсіресе, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков қатаң сынға ілікті. Жорабеков жонынан таспа тілгізетіндей не бүлдіріп қойғаны алдағы уақытта өз алдына қозғалатын бөлек әңгіме.
Айтайын дегеніміз, облыс әкімі К. Көкірекбаев одан өзге де бірқатар шенеуніктерге шүйліккен алқа мәжілісіне ішкі істер департаментінің басшысы, облыс прокуроры, облыстық соттың төрағасы арнайы шақырылған екен. Алайда, жиналыста аталған құзырлы орган басшыларының ешқайсысы төбе көрсетпеді. Прокурор мен полицияның басшысы жиынға келе алмайтыны туралы алдын ала ескертіп, орынбасарларын жіберіпті. Ал, облыстық соттан алқа төрағаларының бірі қатысты. Бір қарағанда бүлініп жатқан ештеңе жоқ. Алайда, сот төрағасы Рүстем Алшынбаев жиынға қатыса алмайтынын облыс басшысына алдын ала ескертпеген болып шықты. Тым құрыса телефон шалып, «Кәрім Насбекұлы, айып етпеңіз, жиыныңызға бара алмайтын түрім бар, орынбасарымды жіберемін» деп бір ауыз хабардар етпеген. Төрағаның осы әрекеті облыс әкімінің көңіл-күйін бірден түсіріп жіберді. Кәдімгідей кейістік білдіргені былай тұрсын, тіпті шақыртуға құлақ аспағаны үшін Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмиге хат жазыңдар деді. Мұнысы «жақсылап тұрып сыбағасын беру керек» дегені шығар.
Ойды ой қозғайды. Сот демекші Ақорда кейінгі кездері сот реформасына көп көңіл бөліп жатыр. Қазір мемлекеттік ақпарат құралдарында қаны жерге тамбай тұрған хит тақырыптың бірі—президент таяуда ұсынған әйгілі бес реформаның біреуі соттардың мәртебесін көтеруге, сапасын арттығу бағытталған. Соттардың тәуелсіздігі туралы мәселенің айтылып жүргеніне жаңылыспасақ 10-15 жылдың жүзі болды. Судьялардың біліктілігін көтереміз, әділдіктің символына айналдырамыз, қажет болса президентті де шақырып алып, жауапқа тартатын дәрежеге жететіндей ықпалды, беделді, заңнан басқаға бас имейтін дербес боламыз деп, алаулатып, жалаулатып жүргеніміз қашан. Ал Жамбылда білдей облыстық соттың төрағасы әкімнің жиынына келмегені үшін енді Жоғарғы соттың төрағасынан «замечание» алып жатса күлесіз бе, жылайсыз ба? Екеуі де оңған тірлік емес. Парадокс деген, міне, осы шығар.
Жалпы осы жиынға облыстық сот төрағасының не үшін шақырылғанын ары ойлап, бері ойлап, түсіне алмадық. «Нендей іс қарап жатырсың, қандай шешім шығардың?» деп сұрайтындай немесе «мына үкім дұрыс емес» деп ескертетіндей өңірдегі соттың ықпалын, шығарған шешімдерін таразылау жиынның күн тәртібіндегі басты мәселе болса бір сәрі! Түсініксізі сол, соттардың ісіне ешкімнің араласуына болмайтынын, олардың жергілікті атқарушы органдардың басшыларына есеп бермейтінін облысты басқарып отырған адамның білмеуі мүмкін бе? Әлде соттардың тәуелсіз емес шындығында «айтқанына көнбей, айдауға жүрмей» әкімқараларды ашуландырса бір шыбықпен айдай алатындарын Көкірекбаев көпшілікке кезекті мәрте аңғартып қойғысы келді ме?
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бұл сес көрсетісіне қарағанда президент Н. Назарбаевтың соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етемін, мәртебесін көтеремін деп білегін сыбанып сөйлеп жүргенінің бәрі көзбояушылық болғаны ма? Бізде тәртіп бойынша облыстың әкімін де, облыстық соттың төрағасын да президент тағайындайды. Екеуінің қайсысы күшті деудің, таразыға тартудың реті жоқ. Екеуіне жүктелген өкілеттік екі басқа, әрине. Бәлкім облыс әкімі қызметіне тағайындалғанына 2-3 ай болған төрағаны бір жуасытып қояйын деген шығар. Бірақ жас та болса бас, қырыққа жетпей жатып қамал алып, облыстық соттың төрағасы атанған Рүстем Алшынбаев алдағы уақытта өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың жетектеуіне жүріп, айдауына көне ме? Тақсыр уақыттың төрелігін күтейік.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Жамбыл облысы, «Жас алаш» №43 (16021), 2 маусым, сейсенбі 2015 жыл