Ресейден қаптап келіп жатқандар қазақша сөйлегісі келмейді
Далаға шықсаңыз ресейліктер қаптап кеткенін аңғару қиын емес. Магнумде, көшеде, саябақта, базарда, сауда орындарында, барлық жерде жүр. Солардың сөзімен айтқанда панаехали!
Бұлардың жаппай келуі, түрлі мәселені ушықтырады деп ойлаймын. Ресейдің мәліметінше сәуір-маусым арасындағы үш айда Қазақстанға 570 мың ресейлік кірген. Олардың қаншасы қалды, қаншасы кеткені белгісіз. 570 мың дегеніміз кей облыс халқынан көп. Мысалы жаңадан құрылған Ұлытау облысының халқының саны 300 мыңға да жетпейді.
1. Бұлардың қаптап келуі, жұмыссыздықты өршітеді. Ресми елімізде 450 мың адам жұмыссыз. Бейресми ол әрине көп. Айтарлықтай көп. Ал енді еңбек нарығына мыңдаған ресейлік келіп, бәсекелестікті арттырды. Тағы біраз отандасымыз жұмыссыз қалуы мүмкін.
2. Пәтер ақысын қымбаттатып жатыр. Бұлар келіп жаппай пәтер мен қонақ үйлерді жалға алуда. Сұраныс бар сәтте, әрине баға өседі. Қарапайым қазақтың біразы қалада пәтер жалдап тұрады. Тапқан-таянғанының тең жартысын пәтер ақысына беріп отыр. Енді мыналар панаехали болған соң, тіпті пәтер қымбаттайтын болды. Бұл тағы да қазақтың қалтасына соққы.
3. Елімізде 83 мың студентке жатақхана жетпейді екен. Олардың көбісі пәтер жалдап тұрады. Алматыда сабылып пәтер іздеген студент қаптап жүр. Баға қымбат, пәтер тапшы. "Тұрсаң осы бағаға тұр, тұрмасаң өзің біл" дейді пәтер иелері. Өйткені биыл сұранысты ресейліктер еселеп арттырды. Студенттерге қиын болды.
4. Мемлекеттік тіл отыз жыл тізесі қалтырап, әрең орнынан тұрып келеді. Бірақ мыналар қаптап, қайта қиындайтын болды. Себебі бір ауыз қазақша білмейді, білгісі де келмейді. Олар орысша қызмет алады, орысша қызмет көрсетеді, орысша ақпарат алып, ақпарат береді. Қазақша айтсаң, "я не понимаю" деп бетіңе бажырайып тұрады. Принципсіз кей қазақ "түсінбесең ол сіздің мәселеңіз" деудің орнына тілін сындырып, жалпақтап әлек болады.
5. Қызмет көрсету саласына көңілдері толмай, жазба жазып жүргендері де бар. "Анау ұнамайды, мына жерде ұзын-сонар кезек, ана жерде былай екен" деп мұңын шағып қояды. В чужой монастырь со своим уставом не ходят! Қонақ емессің, өйткені сені ешкім шақырған жоқ. Біз тек қазақты ғана шақырамыз, мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, қандастарды шақырып келеді. Басқа ешкімді шақырған емес, шақырмаймыз да!
6. Ресейде коронавирус өршіп тұр. Соңғы апта күн сайын 30-35 мың адамнан шығып жатыр. Тек Ресейде ғана кездесетін дельтакрон атты қауіпті штаммы таралуда. Бұлар жаңа штамм түрлерін әкеліп, қайта вирус өршіп кетпесіне кепілдік жоқ. Бірақ ол ешкімді алаңдатпайтын сияқты.
7. Бұлардың барлығы дерлік Ресей агрессиясын айыптап келгендер емес, арасында арнайы қызмет өкілдері, қоғамды зерттеу институттары, арандатушылар мен сепаратистік көңіл-күйді тудырушылар болуы да ықтимал. Мысалы ертең жанжал шығарып, арандату мақсатында роликтер түсіріп, "орыстілділерді қорлап жатыр" деп шулап шыға келмесіне кім кепілдік береді. Оған көп адамның керегі жоқ. Екі-үш облысқа екі-үш арандатушы, камера болса болғаны. Бітті. Ролик түсіріп, әлеуметтік желіге салады. Қалғанын Ресей БАҚ-тары мен пропагандистері өздері-ақ іліп әкетеді. Арғы жағы түсінікті. Тағы бір мәселе Украина соғысында ұшақтарға соққы жасауда белгі (метка) қойып жүрген мыңнан астам диверсант болғаны анықталды. Олар бірнеше жылдар бойы Украинаға түрлі саладағы жұмысшылар ретінде кірген. Сын сағатта өз миссияларын жасады. Нені меңзеп тұрғанымыз түсінікті болар. Қауіп еткеннен айтамыз ғой...
Бұл біз көріп жүрген, біз білетін қауіптердің біразы ғана. Жасырын, біз білмейтін қанша қауіп бар. Елді, мемлекетті, халықты ойлағаннан айтамыз ғой. Шырылдап жүрген сан қазақ мына ел жаман болсын деп айтпайды ғой, алаңдағаннан айтады, жазады.
ПыС: Біздің ұлттық қауіпсіздікке қырандай қырағы болу керек. Оны айтпаса да бізден жақсы біледі (деп үміттенемін). Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құлағына алтын сырға! Әлем демократиялық құрылымға өтуде. Қазақстан да сол стандарттарға жақындауға тырысуда. Ұлтқа, нәсілге, дінге бөліп, бөлшектеу жоқ. Ол дұрыс. Кім қайда барып, қалай жұмыс істесе де өз еркі. Қай елге келемін десе де, тұрамын десе де өзі біледі. Қазақстандықтар да, өзге ел тұрғындары да. Бірақ сақтық пен қауіпсіздікті ешкім алып тастаған жоқ. Сондықтан сақтық керек. Қырағылық қажет. Бұл тек Ресейден кіріп жатқандарға қатысты емес, барлық өзге елден кірушілерге қырағылықты геосаяси жағдай ушыққанда арттыру керек!
Асхат Қасенғалидің Facebook парақшасынан