Кей мұғалімдер 790 мың теңге жалақы алады - министрлік

Oinet.kz 22-06-2022 8951

Қазақстанда мұғалім тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама басталды. Қазір байқауға қатысу үшін құжат қабылдау жүріп жатыр.

Screenshot_5.jpg

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Дәлірек айтқанда, Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында мұғалім тапшы. Бұл өңірлерге математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет. Сондай-ақ осы облыстарда білім сапасы да көңіл көншітпейді. Оған 2018 жылғы халықаралық PISA зерттеуі мен ҰБТ нәтижелері дәлел. Осыған байланысты оқу-ағарту министрлігі арнайы бағдарлама әзірледі.

"Мұғалімдер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші", "педагог-магистр" бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген оқу үлгерiмi жақсы түлектер де қатыса алады. Басқа өңірлердің мұғалімдеріне қатысуға болады", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Қажетті құжаттардың тізімі жергілікті атқарушы органдардың және НЗМ ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжаттар 2022 жылғы 26 маусымға дейін қабылданады.

Мұғалімдер қалай іріктеледі

Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті аймақтардың облыстық білім басқармасы жанынан Үйлестіру кеңесі, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылады.

Үміткерлер компьютер арқылы тесті сәтті тапсырып, эссе жазып, әңгімелесуден өтуі керек.

Емтихан үміткердің таңдауы бойынша өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізіледі.

Ал әңгімелесуді министрлік жанындағы Конкурс комиссиясы өткізеді. Комиссия құрамына "НЗМ" ДББҰ, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, "Өрлеу" БАҰО" АҚ және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері кіреді.

Іріктеуден өткен мұғалімдер үшін 4 апталық біліктілікті арттыру курстары мен курстан кейінгі қолдау шаралары ұйымдастырылады. Оның құрамына онлайн және офлайн форматтағы семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, Зияткерлік мектептердің зертханаларында жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған тағылымдамалар кіреді.

Айта кетсек, үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарлама аясында мұғалімдерге қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жоғары жалақы, үй жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу қарастырылған.

Бұған дейін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім тапшы өңірлерге барған ұстаздарға 790 мың теңге жалақы төленетінін мәлімдеген еді.

Әкімі озған, өңірі тозған
Ресей енді Литваға соғыс ашуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу