«Ресей Рамзан Қадыровты жек көреді»
РФ Федералды Қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері Қадыров жасағының Украинада жеңіліп, абыройынан айырылғанына қуанған көрінеді. Мұны ресейлік Проект зерттеу басылымының журналисі Михаил Рубин Радио НВ-ға берген сұхбатына айтты деп хабарлайды Bugin.kz.
«Ресей армиясында жүрген біраз генерал Рамзан Қадыровқа тіс қайрап жүр. Аса ұнатпайды. Өйткені бұл генералдар кезінде шешен соғысында осы Қадыр әулетіне қарсы соғысты. Шешендер қаншама орыс жауынгерін мерт қылды. Ал Рамзан Қадыров болса, ресейдің талай генералының алдында тұрып, ресей әскерінің генерал-лейтенант атағын алды. Қызғаныш пен түсінбестік бар ма? Бар. Ал орыс әскерін Қадыров бастаған шешендердің қоластына, соның қолбасшылығына жіберсе ше, не болады? Әрине, орыс сарбазы ашуға беріледі!», - деп түсіндіреді журналист.
Одан бөлек, Қадыровты ресей генералдарының қызғанатындай өз жөні бар.
«Біріншіден, Қадыровтың бүкіл республиканың бюджетін тонап жатқанын білеміз. Оны басқа губернатор мен саясаткерлер көріп отыр. Бірақ ешкім дәл Қадыровтай тонай алмайды. Ал шешен басшысына жол ашық. Не істесе де өзі біледі. Сосын... Қадыровтың әскері ешкімге де бағынбайды. Ал Ресей Федерациясының әскері болғандықтан басты қолбасшылыққа бағынуы керек емес пе?! Ал Қадырдың жасағы Рамзанға ғана қарайды. Ал ол болса, Инстаграм мен TikTok-та отырып, әскерін басқарып отыр», - дейді Михаил Рубин.