Жамбылдың жаңа әкімі туралы жұрт не біледі?

Oinet.kz 07-04-2022 1336

OINET.KZ - Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған Нұржан Нұржігітовты жалпы көпшілік онша жақсы тани бермейді.  Оның себебі Нұржігітовтың жұрт көзіне түсе беруге онша құмар еместігінен болса керек. Ол Жамбылды екі жыл басқарған алдыңғы әкім Бердібек Сапарбаев сияқты көп сөйлейтін, мақтаусүйер шенеунік емес. Жамбылдың су жаңа әкімін білетіндер осылай дейді. 

Screenshot_1.jpg

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұдан былай облыс әкімін тағайындау барысында жаңа кандидатураға келісім беретін мәслихат депутаттарының таңдауына бір емес кемінде екі кандидатураның ұсынылатынын айтып еді. Алайда Жамбылдағы облыс әкімін тағайындау сол баяғы үрдіс бойынша жүргізілген. Таразға ұшып келген Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттардың басын қосып, оларға Презиенттің жолдаған хатын оқып берген. Осыдан кейін жалғыз кандидатура Нұржан Нұржігітовке дауыс беру рәсімі өтеді. Бәрі алдын алда шешіліп қойылған соң, халық қалаулыларында не ерік бар дейсің?! Депутаттар Нұржігітовтің кандидатурасын бірауыздан қолдаған. Осыдан кейін үкімет басшысы жаңа әкімді апарып облыс активіне таныстырған. Рас-өтірігін кім білсін, «Нұржан Нұржігітовтың Жамбылға әкім болып тағайындалуына ықпал еткен Премьер-министр екен» деген әңгіме де айтылып жатыр. Смайылов пен Нұржігітовтың арасында қандай жақындықтың бары да белгісіз. Кім біледі? Бәлкім жел сөз шығар. Бірақ шенеуніктік әлемде кездейсоқтық дегеннің болмайтындығын да жоққа шығаруға болмайды. 

Screenshot_2.jpg

Нұржан Молдиярұлы Жамбыл облысының Жуалы ауданында көпбалалы отбасында туған. Әкесі осы ауданда басшылық қызметтерді атқарған көрінеді. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты. 

Еңбек жолын өзінің туған ауданында  бастаған. Шаруашылықтарда механик, бас инженер болған. Шенеуніктің қызметін 1996 жылы Жуалы аудандық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен бастаған. Осы жерде бөлім басшысына дейін өскен ол 2008 жылы Жамбыл облысы әкімінің аппаратына ауысқан. Алдымен бас инспектор, кейін бөлім меңгерушісі болған. 2008 жылы ол Жамбыл облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары, ал 2014 жылы қайта құрылымдаудан өткен Жамбыл облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде басқарма басшысы лауазымын атқарған. Бір жылдан кейін Жамбыл облыстық әкімдігіне қайта оралып, Ауыл шаруашылығы басқармасының, одан кейін Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болған. 2019 жылы Байзақ ауданының әкімі болып тағайындалды. 2021 жылдың сәуірінде облыс басшысы Б.Сапарбаев  Н.Нұржігітовты өзіне орынбасар етіп бекітті. Ол әкімдіктің ауыл шаруашылығы саласына бақылау жасады.  

Жалпы осы бейсенбідегі тағайындаулар  Бердібек Сапарбаевтың абырой беделінің өте жоғары екендігін көрсетті. Қызылорда облысына оның туған бауыры Нұрлыбек Нәлібаев әкім болды. Ал, Жамбылдағы өзінің орнына кадрды сырттан шақыртпай, орынбасары Нұржан Нұржігітовты қалдырды. Қалай десеңіз де, бұл Сапарбаев үшін үлкен «плюс». 

Нұржігітовтың өңірде нендей өзгеріс жасайтынын уақыт көрсете жатар. Бірақ білетіндер оның кадр мәселесіне қатты мән беретінін, сол себепті Сапарбаевтың соңынан келген біраз кадрлардың келген іздерімен кері қайтатынын айтып жатыр. Бірінші кезекте Тараздың әкімі Ержан Жылқыбаев орын босатуы мүмкін.

Қызылордаға «ханның қызының» орнына Сапарбаевтың інісі әкім болды
Атырау облысының әкімі ауысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу