Жамбылға ешкім күтпеген кандидат әкім болды
Жамбыл облысының әкімі лауазымына Нұржан Нұржігітов тағайындалды. Бұл туралы Ақордның ресми сайты хабарлады.
Осылайша бес өңірге әкімі болған, зейнеткерлік жасқа толса да аттан түспеген Бердібек Сапарбаев құрметті демалысқа кеткен сияқты. Сапарбаевтың орнынан кететіні кешеден бастап айтыла бастады. Алғашқыда Жамбыл әкім болады дегендердің қатарында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың, облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулеттің ат-жөндері аталған болатын. Алайда бүгін Жамбылға Президенттің жарлығымен Нұржан Нұржігітовтың әкім болып тағайындалғаны белгілі болды. Ол бұған дейін облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы 1967 жылы туған, білімі жоғары. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы М.Горький атындағы колхозында механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Байзақ ауданының әкімі лауазымын атқарған.