Танымал ақын Тоқаевты шын мәнінде кім Президент еткенін айтты
Қазақстанның батыс өңірлерінде шешендігімен аты шыққан, іргелі ақын Светқали Нұржан QasqaJol жобасына берген сұхбатында өткір пікірлерін тартып қалмады. Сондай-ақ, ол сұхбат шыққан соң өз аузынан шыққан әрбір әріп үшін жауап бере алатынын әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Ақын Қоянды көлінің жағасында демалып жатқанда, жалайыр руынан шыққан белгілі ғалым, шенеунік жігіттің Қасым-Жомарт Тоқаевты «мінезсіз, патшаға лайық сипаты жоқ» деп айыптағанда қалай жауап бергені туралы айтты.
– Кешегі 2019 жылы Назарбаевтың қызы Дариғаны не Маминды, Мәсімовты қойғанда не қылатын едің?! Дым да қыла алмайсың! Бес күн әлеуметтік желіде шәуілдейсің. Тіпті, бес күнге де жеткізбейді, үніңді өшіреді. Сосын Құдай біледі тағы қанша жыл отыратыныңды?! Отыз жыл бойы харам дарияда жүзіп жүріп, үстіне бір харам дақ жұқтырмаған адамды әкеліп отырған кім? Бұл дүниенің өзгерісі емес пе?! Мен неге ондай адамның тілеуін тілемеуім керек?! Құдайдың ісі ғой бұл. «Қызыр Ғалайссалам назарын салмаса, сен есек базарда делдал бола алмайсың» деген сөз бар. Бұл – бір. Ондай таза адамға Құдайдың періштелері, әулиелер жәрдемге келеді. Оның қасына кемел ұлдар мен салих құлдар жиналады. Сол кезде көресің сен қазақтың салтанатын! – дедім.