«Ханның қызын» қолға түсірмек болды
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы бейбіт митингіге келген адамдармен келіссөздер жүргізу кезінде бұзақы топ қолға түсірмек болды, - деп хабарлайды Oinet.kz сайты Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Aray City Mall сауда үйінің алдына жиналған шерушілермен кездесуге Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова келді. Алайда келіссөздер нәтиже бермеді. Жиналғандар ештеңе тыңдағысы келмеді, әдепсіз сөздер айтты, түрлі әрекеттер жасады. Облыс әкімі көлікке мінген кезде оны ұстауға бұзақы топ әрекет жасады. Ол Полиция департаментінің арнайы бөлімшелерінің күшімен эвакуацияланды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
5-6 қаңтарда Қызылорда облысында болған тәртіпсіздіктер кезінде басқыншылар он жеті мемлекеттік мекеме мен жиырма бір жеке сектор субъектілеріне шабуыл жасаған. Бұл ретте олар 65 көлікті өртеп, 80 көлікті бүлдіріп, екеуін ұрлап кеткен.
"Қақтығыс кезінде 58 полиция қызметкері мен 52 сарбаз түрлі дәрежеде жарақат алды. Облыстық медициналық орталықтың мәйітханасынан 6 бүлікшінің мәйіті ұрланды", - деді полицейлер.
Еске сала кетейік, Гүлшара Әбдіхалықова ел ішінде "ханның қызы" атымен танылған. Жергілікті блогер өңірде облыс әкімі келеді деп жолды жауып тастағандарға наразылық танытып, "жолды жауып тастайтындай ханның қызы ма?" деп ашуға ерік берген болатын.