Тоқаев Қазақстандағы кедейшілікті жоюға шындап кірісті
Орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп беріліп жүр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
"Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл - нағыз көзбояушылық.
Ашығын айтқанда, жәрдемақы және зейнетақымен күн көріп отырғандар аз емес. Соңғы бес жылда халықтың жалпы табысында еңбек кірістерінің үлесі 80 проценттен 67 процентке дейін қысқарды. Есесіне әлеуметтік трансферт көлемі 17 пайыздан 29-ға дейін артты. Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес, бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсіп жатқанын атап өтті. Айтуынша, соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар саны көбейіп барады.
“Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуға тиіс”, – деді ол.
Еске сала кетейік, Тұңғыш Президент Назарбаевтың тұсында әрбір отбасының орташа жалақысы - 500 мың теңге болатын. Бұл туралы Елбасы өз аузымен айтқан еді. Дегенмен бүгін Тоқаев халықтың кедей тұратытын айтып бұрынға "көпірме сөздерді" жоққа шығарды.