Ерлан Қарин елге қандай «ертегі» айтып жүр?
OINET.KZ - Мемлекет басшысының Жарлығымен елде Мемлекеттік хатшының өкілеттігі кеңейді. Тойбасы, орден-медаль тапсырушы, бас баяндамашы деңгейінде қалып қойған Мемлекеттік хатшыны енді «бас идеолог» немесе «бас технократ» деп атай берсеңіз де жарасады.
Аталған қызметтің тізгінін ұстаған Ерлан Қарин идеология саласында қара жаяу емес. Білім десеңіз білімі бар, түр десеңіз түрі бар. Қырықтан енді асқан қылшылдаған жігіт. Тісі батпайтын саласы жоқ. Саясатты былай қойғанда, терроризм, экстремизм, діни радикализм сияқты заманауи прорблемаларды қаузап, оларды шешу мәселесін әлдеқашан зерттеп қойған.
Бірақ идеологияның тізгінін ұстаған азаматтың анда-санда болса да тәпсісінен жаңылып қалатын кездері болып тұратын сияқты.
2019 жылы сол кездері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болып жүрген Ерлан Қариннің ақпарат құралдары арқылы видео мәлімдеме таратып, күн тәртібіндегі күйіп тұрған тақырып-қос билік туралы мәселеге түсінік бергені есте қалыпты. Кеңесші «елде ешқандай да қос билік, екіге жарылу, бөліну жоқ. Мұның бәрі де негізсіз, алып-қашпа әңгіме, бізде Президент биліктің барлық құзыретін қолында ұстаған, иеленген. Орталықтандырылған вертикаль мен унитарлық біздің мемлекеттің саяси құрылымының мызғымайтын саяси қағидасы» деген «уағызын» айтудан жалыққан жоқ. Сол жылдың қарашасында «Азаттыққа» берген сұхбатында Ерлан Қарин тіпті «қос билік» туралы әңгімені әдейі, қасақана таратылып отырылғанын айтқан.
- Бұл ақпараттық кеңістікке жасанды түрде енгізіліп отырған мәселе. Сарапшылар соңғы кезге дейін билік транзиті бола ма, болмай ма деп келді. Ол толық жүзеге асты. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Бұл процестің жүзеге асқанына көп болған жоқ. Сондықтан күмәндануы түсінікті жайт. Осы тақырыпты әдейі көтеріп, қоздатқысы келетіндер бар. Олар қазіргі билікті әлсіз дегісі келеді, сөйтіп қайта-қайта ақпараттық кеңістікке шығаруға тырысады. Кейде оны сырттағы түрлі күштер де пайдалануға ұмтылады. Саясатта ондай мүдделі топтар болады,-деген сол Қарин мырза сұхбат барысында.
Алайда кешегі қанды қаңтар оқиғасы биліктің асханасында болып жатқан біраз құпиялардың бетін ашып қойды ғой. Біздің шамалауымызша, соңғы жылдары биліктің өз ішіндегі алауыздық пен бөлінушілік өзінің шарықтау шегіне жетті. Бұл әсіресе, сайлаудан кейін қатты байқалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының ант беру рәсіміне қатыспай, залдан неге шығып кетті? Депутаттың антын қабылдау Президентке Конституциямен жүктелген міндет емес пе еді? Назарбаев «Nur Otan» партиясының жиынында егер Президент премьерлікке Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынған жағдайда қолдау қажеттігін жариялы түрде айтты. Бұл деген сөз Тоқаев басқа кандидатты ұсынған жағдайда оны Мәжілістегі депутаттардың 70-80 пайызын құрайтын нұротандықтардың қолдамайтындығы айдан анық еді. Жыл соңында 1 желтоқсан-Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелердің тізіміне енгеніне қарамастан Тоқаевтың халықты не үшін құттықтамағаны да түсініксіз күйде қалды. Мұның бәрі де биліктің ішкі жағында болып жатқан қарама-қайшылықтардың тек сырт көзге байқалған көріністері еді...
Қаңтардағы бүлік басталысымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте Тұңғыш президентке өмір бақи сыйға тартылған Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын алып қойды және мұны дереу телеарнадан жасаған мәлімдемесінде жұртшылыққа жариялы түрде хабарлады. Бірақ сөйте тұра Мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау кезде аталған Кеңестің отырысын бар-жоғы бір рет ғана өткізді. Қалған уақытта барлық мәселелерді Президент ретінде және шұғыл штабтың жетекшісі ретінде шешіп отырды. Өйткені Конституция бойынша елдегі барлық құзырлы органның басшылары тікелей Президентке бағынады емес пе? Олай болса, Қауіпсіздік кеңесінің бізге не керегі бар? Мұның арғы жағында біраз гәп бар.
Қаңтардағы оқиғалар бір нәрсені: Қауіпсіздік кеңесінің құзыры үлкен бе, кіші ме, ол жағы маңызды емес, ең маңыздысы ол барлық уақытта Президенттің қолында болуы тиістігін анық көрсетті. Оның басқа адамның қолында болуы Мемлекеттің тұрақтылығына үлкен қауіп төндіретінін дәлелдеді. Себебі аталған кеңеске Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура бағынды. Сонда ел басына күн туған кезде аталған құзырлы органдар кімнің құзырына бас июі тиіс? Мұны Ақордадағы ақжағалылар күні бұрын неге ойланбаған? Абырой болғанда Тоқаев шұғыл шешім қабылдап, ҰҚК-ның басшылығына өзінің ең сенімді адамын отырғызды, Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары, Елбасының қасында отыз жылға жуық уақыт бірге жүрген Әнуар Садықұловты тұтқынға алды. Егер Президенттің осы шаралары болмағанда істің ақыры насырға шабуы әбден мүмкін еді.
Осы жағдайларға дейін «елде билік транзиті толық аяқталды», «Президент Тоқаев толыққанды билікті иеленді» деуге болатын ба еді? Жоқ, Қазақстанда билік транзиті толық бітті деуге әлі де ертерек.
Ал сонда екі жыл бұрын Ерлан Қарин елге қандай ертегі айтып берген? Бас идеолог енді қаңтар оқиғасын тек «террорлық шабуыл» деп қарастыру керектігін және Президенттің «Жаңа Қазақстанын» насихаттауға көшті. Күні кеше «Қазақстан», оның алдын «Хабар» телеарнасынан осы жөнінде сұхбаттар берді.
Қариннің бұл «уағыздарына» да бағаны уақыт береді.