Ана тілін сыйламайтын адам қалай лауазымды қызметке тағайындалады?
Соңғы күндері лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің алтын-күміс, қымбат бұйым ұстаған суреттері қоғамдық резонанс тудыра бастады. Арты үлкен дауға ұласатын сияқты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте жауапты қызметке келетін үміткердің қолында антикордың анықтамасы болу керек екенін айтты.
Ал Мемлекеттік қызмет істер агенттігі төрағасы орынбасары Айнура Сергазиеваның (өзі солай жазыпты аты-жөнін) әшекейлер, брендтық заттарына қатысты берген түсініктемесі күдікті одан сайын күшейтіп жіберді. Бәрінен бұрын, қазақ тілін білмейтін маман қалай лауазымды қызметке тағайындалған?!
Мемлекеттік тілді білмейтіні анық. Фейсбуктегі, инстаграмдағы жазбалары түгел орысша. Бір ауыз қазақша жоқ, сенесіздер ме?
Бұл жағдайды тексеру керек шығар. Себебі әділдік, тазалық деген құндылықтар біреулерге керек болмағанымен, қоғам үшін маңызды. Бірақ кім тексереді? Өзінің агентігі жаңадан келген орынбасарды тексеріп жатқаны ыңғайсыз емес пе? Өзі Мемлекеттік істер агенттігі болса. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болса. Ол тілді білмейтін адам қанша жерден сұлу, қанша жерден ақылды болса да, мына қара халыққа қалай еңбек етеді? Қазақ тілінің мәртебесін қашанғы аяққа таптаймыз?! Әлде бұл да АҚШ, Еуропа халқы үшін жасалған мәжбүрсіз қадам ба екен?
Azamat Bıtan, Қоғаммен байланыс маманы.
Facebook парақшасынан