Жұртты шулатқан Жұмағали Исмаилов
2012 жылғы ең даулы сала Оңтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласы болды десек ешкім дау тудыра қоймас. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов осы дау-дамайға тамызық болған шенеунік ретінде елге кеңінен танылды.
Рас, облыс медицинасы талай құқайды бастан өткерді. Аты-шулы ВИЧ, қырым қанды безгегі оқиғасынан кейін дәрігерлер топ-тобымен сотталды. Бас дәрігерлер жапай қызметтерінен босатылды. Облыс медицинасы туралы қаншама ауыр айыптаулар айтылды. Басшылық қызметтерге сырттан кадр әкелінді. Бірақ қандай жағдай болса да ішкі ауызбіршіліктен ажырамаған ақ халаттылардың денсаулық саласына дәл Жұмағали Исмаилов басшылық жасаған тұста «тәспілерінен жаңылып», басқарма бастығы мен бас дәрігерлердің өзара дүрдараз бола қалуында не сыр бар? Тіпті кешегі ВИЧ дертінен кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне Астанадан келген Дудник қарамағындағы қызметкерлерді қолғапша ауыстырып жатқан кезде де дәрігерлер мұншалықты шуламап еді. Ал, Исмаиловтың тұсында олардың денсаулық сақтау саласындағы былық-шылыққа ара түсуді өтініп, Елбасыға дейін көмек сұрауы неліктен?
Облыс медицинасындағы даудың басы ел «теңге сауудың көзі, нағыз батпанқұйрықтың өзі» деп есептейтін тендерден басталды. Әдетте у-шусыз өтетін денсаулық сақтау басқармасының тендері биыл қып-қызыл даудың астында қалды. Құқығымызды таптады, тендер өткізудің тәртібін қасақана бұзды деген бір топ кәсіпкерлер соттан төрелік сұрады. Соттасу тым ұзаққа созылып, ауруханалар дәрі-дәрмектен, азық-түліктен тарықты. Яғни, дау-дамайдың зардабын ауруханадағы қарапайым науқастар тартты деген сөз. Бірақ ол үшін басқарманың да, Исмаиловтың да басы ауырып, балтыры сыздаған жоқ сияқты.
Облыс медицинасындағы кезекті дау Жұмағали Исмаиловтың адамгершілік келбетін де халыққа жақынырақ танытып берді. Басқарма бастығымен тіл табысып, дәлірегі айтқанына көніп, айдауына жүре алмаған бір топ бас дәрігерлер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дабыл қағып, араша сұрады. Ақыр соңында Исмаиловқа қарсы құрылған майданға қосылған бас дәрігерлердің қатары 28-ге дейін жетті. Баспасөз мәслихатын өткізген олар Исмаилов пен денсаулық сақтау басқармасындағы бірқатар жауапты басшылардың жемқорлыққа жол бергенін, кадрларды негізсіз қуғын-сүргінге ұшыратқанын жария етті. Исмаилов қызметінен кетсін деген талап қойды. Бірақ артынша Ж.Исмаилов бас дәрігерлермен өзара ымыраға келуге мәжбүр болды.
Десек те облыс медицинасындағы дерттің дәл диагнозы бұл емес. Ол ана мен бала өлімінің өршуі, медициналық қызметтің сапасыздығы. Облыс басшысы «Ырыс алды – ынтымақ» деп жер-жерде жиын өткізіп жүргенде ынтымағы ыдырап, берекесі қашқан денсаулық сақтау саласының сапасыз қызметінің салдарынан жапа шегіп жатқан науқастар қатары аз емес. Дәрігерлердің салғырттығы салдарынан мақтаралдық бүлдіршін бір қолынан айырылып, өмір бойына мүгедектік қамытын киді. Әртүрлі сырқатпен дәрігерлер көмегіне 42 мәрте жүгініп, 4 рет аурухана төсегіне таңылған шымкенттік 12 жасар баланың ВИЧ індетін қайдан жұқтырғанын ақ халаттылар анықтай алмай әлек. Осынша рет дәрігерлер көмегіне жүгінсе де аты жаман аурудың белгілерін байқай алмағаны қайран қалдырады.
Забадам ауылының тұрғындары дәрігерлердің қызмет көрсету сапасына көңілдері толмай, республикалық телеарналарды шулатып жүр. Ал қазан айында қазығұрттық 25 жастағы келіншек аман-есен босанып, бір күннен кейін сәтсіз отаның салдарынан қаза болған. Артынша 3 келі 400 грамм болып туылған сәбидің де шетінеуі дәрігерлердің салғырттығынан орын алғанын ақ халаттылардың өздері де мойындады. Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Салтанат Жабағиева бұл ана өлімі Қазығұрт аудандық ауруханасы мен емханасының деңгейінде жіберілген кемшілік екенін атап айтты. Ана денсаулығының жағдайы дер кезінде бас дәрігерге, басқарма мамандарына хабарланбаған. Неантолог болса нәрестенің жағдайын тексермеген. Бір сөзбен айтқанда, ана мен баланың өмірін сақтап қалуға толық мүмкіндік болған.
Кешегі аптада облыс әкімдігінде өткен үйлестіру кеңесінде барынша азайту жоспарланған осы ана өлімінің керісінше өткен жылғы көрсеткіштен 37 пайызға дейін өсіп кеткендігі айтылды. Үстіміздегі жылы жүктілік кезінде көз жұмған 16 ананың өлімі тіркелген. Айтқандай Исмаиловты әшкерелеген бас дәрігерлердің баспасөз мәслихатында «облыс басшысы Исмаилов үшін денсаулық сақтау басқарасына бақылау жасайтын өзінің орынбасарларын бірнеше мәрте ауыстырды» деген мәлімдеме жария етілген-ді. Міне, парадокс! Әйтеуір Жұмағали Исмаиловтың қызметтік дәурені жүріп тұр. Әзірге. Ақырындап жылыстап келе жатқан жылан жылы облыс медицинасына қандай сый әзірлеп тұрғанын кім білген?..
Сіз не дейсіз?
Шәмші Абдуллаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, прокуратура саласына еңбегі сіңген құрметті зейнеткер,отставкадағы полковник:
«Оны облыс әкімі қызметінен босатуы қажет»
- Бірден айтайын, өз басымның басқарма басшысы Ж.Исмаиловпен жеке таныстығым жоқ. Көзбе-көз кездескен де, пікірлескен де емеспін. Бірақ, жас болса да білімді азамат, ғылыми қызметкер, жақсы маман деп ойлайтынмын. Дегенмен, жақсы маман болу бөлек те, тәжірибелі басшы бола білу бөлек нәрсе. Биыл 28 бас дәрігерлердің бірігіп, Исмаиловтың үстінен арыздануын «төтенше жағдай» деп қабылдадым. Өйткені, осынша бас дәрігер бірігіп, бостан босқа байбалам салмайды. Демек, бір шикілік бар деген сөз. Менің ойымша, бас дәрігерлердің айыптаулары дәлелін тапса, Исмаилов автоматты түрде орнынан кетуі тиіс. Өйткені, дәл мұндай айқай-шумен басқарманы әрі қарай да басқара беру қиын болады. Бұл біріншіден.
- Екіншіден, облыс басшылары осы дау-дамайды көріп-біле тұра шара қолданбауға қақысы жоқ. Ал егер бас дәрігерлердің айтқандары жалған болса, бәлеқорлыққа барса тиісті мекемелер алдында жауап берсін. Ең бастысы ақты ақ, қараны қара деп табатын төрелік дұрыс болуы тиіс.
Әрине, күндердің күнінде шындық бәрібір салтанат құратыны сөзсіз. Бірақ, денсаулық сақтау саласында мұнша дау-дамайдың орын алуына жол беруге болмайды. Бұл облыс халқының әрбірінің денсаулығына, керек десеңіз, өміріне жауапты сала. Екі жақ айтысып-тартысып жүргенде адам өлімі орын алады. Исмаилов өз саласын тиянақты, ың-шыңсыз басқара алмады ма, орнын босатсын. Оның орнын алмастыратын адамның болмауы мүмкін емес. Ешкімнің қызметі әкесінен қалған мұра емес. Мен соғыс ардагерімін, білетінім Сталин ғана өмірден озғанша қызметінде отырды. Өйткені, жеңіске жетуде ол көп тер төкті. Оның Мәскеуде тапжылмай отыруының өзі бізге күш-қуат берді. Ал басқарма басшысының осыншама дау-дамайдан соң да қызметінен кетпеуі ненің құдіреті?
Біз қызмет еткен кезеңде қай салада болмасын мұндай тартыс туындады ма, басшы азамат бірден орнын босата қоятын. Өйткені, халық тынышталуы керек. «Менің айтқаным болады» деп қасарысып отырған жарамайды. Осының барлығын естіп-біліп отырып, неге облыс әкімі, Денсаулық сақтау министрі оны қызметте ұстап отыр? Исмаиловта қандай қасиет бар? Егер де онсыз жұмыс жүрмейтін болса, Астанаға алып кетсін, республиканың денсаулық саласын басқарсын. Сөйтіп, жұмысты жақсартсын. Менің айтарым, Исмаилов өз еркімен кетуі керек, не оны облыс әкімі орнынан босатуы қажет.