Ислам Әбішевті директор «дуэльге» шақырды

Oinet.kz 24-03-2019 1237

Screenshot_10.jpg

Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін ұзақ жыл атқарған Ислам Әбішевтің туралы қандай да болсын ақпаратқа елең ете қалатынымыз рас. Биліктің биік эшалонында жүрген жерлесіміз мақталып жатса «бәрекелді» деп, сыналса «әттеген-ай» дейміз. Осы уақытқа дейін жүрген жерінде халықтың алғысын алып, абырой-атағына шаң жұқтырмай келген И.Әбішев Өскеменнің әкімі қызметінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағалығына ауысқалы дау-дамайлың ортасында қалып, БАҚ бетінде жиі сыналатын болды.  Алдымен оның  мамандығы инженер-электрик, яғни су шаруашылығынан алыстау екені ғана айтылып келген еді. Былтыр оны сонау комсомолдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан досы әрі жерлесі Су ресурстары комитетіне қарасты каналдың директоры  Тұрғынбай Сәрсенбаев оңбай опық жегізді. Ол «Нұр Отанның» жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясында И.Әбішевтің жеке басына қатысты бірқатар дерек келтірген-ді. Туған күніне 100 мың теңгеге дастархан жайғаны, кабинетіне 318 мың теңгеге жиһаз, іссапарда 100 мың теңгеге кәстөм-шалбар әпергені жөнінде дүйім жұртқа жария еткен Т.Сәрсенбаевтың сол мәлімдемелерін И.Әбішев жоққа шығарған да болатын. Екеуінің арасындағы дау біраз жерге барып басылған-ды.

Енді Ислам Әлмаханұлын «Ост-проект» фирмасының директоры Андреас Зейвальд «дуэльге», қазақша айтсақ жекпе-жекке шақырып отыр. Жобалаушы фирма директорын мұндай қадамға мәжбүр еткен комитеттегі оңтайландыру жұмыстары екен. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыз суға мұқтаж елді мекендерінің саны осы оңтайландыру нәтижесінде үш есе дерлік қысқарған. Комитет 1,9 миллиард теңге сомасында қаржы қаралған Солтүстік Қазақстандағы Бұлаев топтық су құбыры құрылысы және қайта жөндеу жұмыстарын орындауды мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбей өз бөлімшесі «Қазсушар» РМК-на берген. Ал ол өз кезегінде «Есіл су» РМК директоры М.Егеновке сенімхат беріп, ол да тендер өткізбей қосалқы мердігерлермен келісімге отырған. Бұл арада сыбайластық барын мәлімдеген солтүстікқазақстандықтар И.Әбішев басқарып отырған комитеттің оңтайландыру бағытында жоспарлаған жұмыстарымен келіспейді.

А.Зейвальд «Время» газетінің бетінде осындай себептерін айтып, И.Әбішевті «дуэльге» шақырды. Ислам Әлмаханұлы қандай жауап қайтарар екен? Жауап беру немесе үнсіз қалу төрағаның өзі шешім қабылдайтын мәселе. Дегенмен, фирма директорының мәлімдемелеріне қатысты пікірін және оңтайландыру жұмыстары туралы кеңірек білмек ниетпен комитет төрағасына бірнеше рет қоңырау шалған едік. Хатшы қыздан әрі аса алмадық, бірде «алдында адам отырады», енді бірде «жиналыста жүр» деген секілді жауаптарды естідік.  Әрине, жұмысы қауырт төрағаның тілшілермен тілдесуге уақыты жоқ шығар. Дегенмен, жолыға қалсақ комитет жұмысы бойынша кең мәлімет алып, «жекпе-жектің» де жайын білерміз деген үміттеміз.

Мұрағаттан: 17.01.2013

Әбдіхан Нұрмағамбетов: Барлық концертті «тірі» дауыста өткізіп жүрміз
Мәсімов пен Шөкеев шекісіп қалды ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу