Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Мәдениет қайраткері, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры
- Әбдіхан аға, ән падишасы Шәмшінің есімін иеленген филармонияның облыс халқы үшін орны ерекше. Осы өнер ордасына басшы болып келгелі нендей тірліктерді атқара алдыңыз? Сізге дейінгі және келгеннен кейінгі филармонияның жұмысында өзгеріс бар ма?
- Менің осында басшылық жасап жатқаныма бір ғана жылдан асты. Осы уақыт ішінде мұнда көп жағдай өзгерді деуге болады. Филармония алғашында облыста еленбей жүрген мекеменің бірі еді. Нашар немесе мүлдем жұмыс істемеді деуден аулақпын. Тек мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбеді. Ал, филармонияның шығыны аз емес. Бір концерттің өзіне қыруар қаржы кетіп қалады. Қаражат болмағандықтан, қойған концерттер жұпыны өтеді. Өнерпаздар сахнаға көне костюмдерімен шыққан кездері болды. Әншілерді басқа қалаларға, елдерге гастрольге шығаруға мекеменің мүмкіндігі жете бермеді. Соның салдарынан филармония десе кейбіреулердің «әй қойшы соны» деп қол сілтеп, менсінбеушілікпен қараған кездері де болды.
Қазір сол жоғалған беделді қайта қалпына келтірдік десек болады. Бүгінгі таңда халықтың филармонияға деген ықыласы да, қызығушылығы да арта түсті. Қазір барлық концертті жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндігіміз бар. Оның басты себебі басшылықтан қолдау көп көрсетілуде. Облыс әкімдігі жақында ғана жаңа автобус алып берді, әртістерімізге қажетті киім-кешектің барлығын жүз пайыз жаңалады. Одан кейін ескі бағдарламамен қалып кетпесін деп, ұжыммен оның ішінде жастармен көп ақылдасып, заман ағымына сай жаңа идеялар, жаңа нөмірлер әзірледік.
- Облыс әкімдігі бар жағдайды жасап берді. Бірақ «алмақтың да салмағы бар» деген емес пе? Өзіңіз айтқан жаңа идеяларыңызды, жаңа нөмірлеріңізді халық қаншалықты жылы қабылдап жатыр?
- Бар жағдайымызды жасап бергеннен соң, біз де қарап қалған жоқпыз. Біріншіден, барлық концерттерді «тірі» сүйемелделдеуде, «тірі» дауыста өткізудеміз. Одан соң көптеген қалаларға гастрольдік сапарлармен барып қайттық. Мысалы Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Орал, Ақтөбе. Бір жерде төрт концерттерден бердік. Жалпы бізде кез-келген концертті бір рет беру деген жоқ. Күніне кем дегенде екі рет өткіземіз. Тынбай еңбек етіп, ізденгеннің арқасында мақтау сөздерді де естіп жатамыз. Кейбір өңірлердегі концертімізге облыс әкімдерінің өздері қатысып, олардың «концерт өткізуді Оңтүстіктен үйрену керек» деген пікірлерін де естідік. Былайша айтқанда, біздің өнерпаздарды өзге аймақтар өте жоғары бағалап, төрлерінен орын беріп жатады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Арыс жағасында» фестивалі биыл Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналғаны баршаңызға белгілі. Сол концерттен кейін халық әртісі Роза Рымбаева: «Сейдолла Бәйтерековтің әндерін осы уақытқа дейін көптеген жеке әншілердің орындауында естіп жүрміз. Бірақ оның әндерін осы филармонияның әншілеріндей шебер оындаушыларды кездестірмедім» деп таңданған болатын. Біздің әншілеріміздің басты ерекшелігі бір әнді төрт, бес, он, кейде оннан да жоғары әнші орындап, сол әнді әр түрлі дауыста жеткізуі. Көп дауыста айту стилін мен әлі басқа мекеме әншілерінен, ансамбльдерден естіп көргенім жоқ. Жақында Өзбекстанға барып қайттық. Ол жерде де өте жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Халық та, басшылар да риза болды.
Көптеген әншілеріміз, бишілеріміз түрлі байқауларда бас жүлде, бірінші орындарды иеленіп жатыр. Өткен жылдың үздік әншісі атанған Мәдихан Дүйсеев Өскеменде өткен Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» байқауында бас жүлдені, ал Біржан Сапарбеков екінші орынды алып келді. «Қазына» би ансамблі Түркияда өткен халықаралық жарыстан және Шара Жиенқұлова атындағы байқауда лауреат атанып келді. Бұдан өзгеде жетістіктеріміз жетерлік.
Қазір филармонияның ұжымы едәуір кеңейіп келеді. Соның ішінде ұлттық нақыштағы дәстүрлі әндерді насихаттап жүрген «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды инстументалды ансамбль құрылған. Сондай-ақ, «Қазына» мен «Тұмар» би топтары бар. Жалпы алғанда 45 әнші жұмыс жасайды.
- Сіз окезінде осы филармонияда көп жылдар қызмет еттіңіз. Одан кейін Алматыға аттандыңыз. Алматыға кеткен өнер адамының қайта оралуы қиындау еді. Бірақ сіз елге қайта келдіңіз. Бұған не себеп болды?
- Он бес жыл осы өнер ордасында қызмет атқарыппын. Сол кездері «егер мен осы жердің бастығы болсам мына жерін былай жасайтын едім, мынан былай өзгертер едім» деген ой болатын. Сосын Шәмші ағамыздың жарыққа шықпай жүрген әндері көп. Сол туындыларды жарыққа шығарсам дедім. Сөйтіп жүргенде өмірдің көшімен Алматыға қоныс аудардым. Сонда екі-үш жыл тұрып, қызмет жасадым. Бірақ, бәрібір туған жер бауырына тартып тұрады екен. Өзімнің ұшқан ұяма қайта оралып, арман-мақсаттарымды қолға алып, орындауға кірістім. Біздің аймақта әлі таныла алмай, тұншығып жүрген өнерлі жастар көп. Сол жастарға демеу болып, ұстаздық етіп, жарыққа шығарып, филармонияның таланттарын одан әрі шыңдағым келеді. Бүгінде өнерпаздарымыз жарап тұр. Өз басым қандай концерт қойсақ та, қандай қалаға барсақ та, облысымызды, тіпті Республикамызды ұятқа қалдырмайтынымызға сенімдімін. Филармония - халықтың игілігі үшін салынған орын. Сондықтан, халыққа концерт қоюдан жалыққан емеспіз. Елге еткен еңбектің жемісі шығар, 2012 жылдың ең үздік мекемесі атандық.
- Алға қойған қандай ауқымды жоспарларыңыз бар?
- Алда жоспарлар өте көп. Бірінші кезекте Астанаға барып концерт берсек дейміз, Өзбекстанмен келісім жасап қойдық, Ресей жаққа да жол түсіп тұр және Қытайға барсақ деген арманымыз бар.
- Ашық әңгімеңізге рахмет!
Мұрағаттан: 10.01.2013