Кентау әкімінің аппарат жетекшісі Төрехан Сүлейменов күштеп ақша жинататыны рас па?
«Рейтинг» газетінің редакциясына Кентау қалалық ветеринария бөлімінің бастығы Л.Усманов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Р.Қожабекова,сондай-ақ мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұрынғы бастығы М.Садуов қала әкімінің аппарат жетекшісі Төрехан Сүлейменовтің үстінен жазылған шағымды жолдап, шындықтың жеңуіне журналистер тарапынан көмек жасалуын өтініпті. Алдымен арыздың қысқаша нұсқасын назарларыңызға ұсынайық.
...Кентау қаласы әкімінің аппарат жетекшісі Төрехан Сүлейменов мемлекеттік қызметкер және басшы ретінде өз қызметін асыра пайдалана отырып, ақшаны ауызша жинау былай тұрсын ресми түрде, өзінің өткізген кеңес хаттамаларында көрсетіп, ашық жинайтын болды. Біз бұл туралы Түркістан ауданаралық қаржы полициясына шағым түсірген болатынбыз. Қаржы полициясының қызметкері С.Байдәулетов тарапынан тексеру әділ-ақ басталып еді. Т.Сүлейменов аталған хаттамадағы қойылған қолды жалған деп мойындамаған соң С.Байдәулетов сот сараптамасына жүгінді. Әлгі қойылған қолдың Т.Сүлейменовтікі екенін Әділет Министрлігіне қарасты сот сараптама орталығы анықтаса, қаланың бірқатар лауазым иелері де растап түсінік берген. Сөйтіп, істе қылмыстың белгілері бар екенін анықтаған тұста ол қызметкер ойда-жоқта қызметтен кетіп қалды.
Одан кейінгі істі қараған қаржы полицейлерінің іс-әрекеттері шындықтан алшақ кетіп, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарды. Істі қайта қарауды талап етіп, облыстық қаржы полициясы бастығының жеке қабылдауында болдық. Істі А.Оңғарбаев қарауына алды. Қылмыстық белгілердің бар екенін анықтаған тұста ол да қызметінен босап қалды. Ал істі одан кейін өз қабылдауына алған Қ.Тағабаев алғашқы сот сараптама қорытындысына сенімсіздік танытып, қайта тағайындады. Және ол сараптама Т.Сүлейменовтың сұрануымен көрші Қызылорда облысына жолданды. Біз мұның себебін түсінбедік. Сот сараптамасының өзге облыста өткізілетініне қарсымыз. Міне, арызды алғаш жазған кезден бері бір жылға жуық уақыт өтсе де бұл іс сағызша созылумен келеді...»
Шағым иелері арыздарымен бірге қолдарындағы бар құжаттың көшірмелерін де жіберіпті. Олардың арасында сот сараптамасының Т.Сүлейменовтың қойған қолын растаған қорытындысы мен бұл іспен алғаш айналысқан Түркістан ауданаралық қаржы полициясының қызметкері С.Байдәулетовтың қылмыстық істен бас тарту туралы қаулысы бар екен. Оқырманға түсінікті болу үшін сол қаулыдағы кейбір мәселелерді сол қалпы бергенді жөн көрдік. «...Тексеру барысында «Кентау қалалық Білім беру бөлімі» ММ-інің бастығы Н.Станбековадан, «Кентау қалалық Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-інің бастығы Қ.Төлепбергеннен, Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Ж.Құрманбековтан, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының міндетін атқарушы С.Тасполатовадан, Мәдениет сарайының директоры Т.Дүйсебаевтан, әкімдік аппараты спорт бөлімінің бастығы В.Кривецовтан, Салық басқармасының бастығы Ғ.Нұрымбетов пен орынбасары А.Адыршаевтан, Кентау қаласындағы білім ошақтарының директорлары мен балабақша меңгерушілерінен түсініктемелер алынып, аталған азаматтар түсініктемелерінде қала күніне арналған мейрамға ақша жинауды ұйымдастыру орын алмағандығын және олар ешкімге ақша бермегенін көрсетті.
Алайда, қаланың бірқатар мекемелерінің басшылары, атап айтқанда, №2 «Қанайұлы» атындағы орта мектеп директоры, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Т.Садуов, «Төрткүл төбе» мектебінің директоры А.Сахов, Кентау қалалық емханасының бас дәрігері А.Давитова, Ащысай, Байалдыр, Хантағы ауыл округтерінің әкімдері А.Абдуллаев, Ә.Арысбайұлы, Ә.Қырқымбаевтар қала күніне арналған мейрамға қала мекемелерінен ақша жинауды ұйымдастыру дерегі орын алғанын және ол қалай болғанын көрсетті. Бұл әкімдер, сондай-ақ, Т.Сүлейменовтың Байалдыр ауылының бұрынғы әкімі, қазір абақтыда жазасын өтеп жатқан А.Орынбаевқа да ақша жинатқанын растап, өз қалталарынан 5000 теңгеден бергендерін көрсетті...»
Қаулы – тексеруші органның ресми құжаты болып есептеледі. Жоғарыдағы үзіндіні әлдекімнің әңгімесінен жазып алғанымыз жоқ, қаулыда осылай көрсетілген. Байқасаңыз, кейбір тұстары дауға себеп болып отырған - «Қала күні» мерекесіне орай жиналған ақша жөніндегі қауесетке жан бітіретін секілді. Алайда, қаулы – күшіне енген сот шешімі емес, мың құбылып, мың бұзылуы әбден мүмкін.
Біз бұл мәселе бойынша облыстық қаржы полициясының баспасөз хатшысы Анель Матиевадан да мәлімет сұраттық. Құқық қорғау органы тарапынан толыққанды мағлұмат қолымызға түсіп жатса, жариялауға дайынбыз. Бәлкім осы мақаладан кейін қаржы полициясының өзі де жауапты ұзаққа созбас деп ойлаймыз. Әзірге айтарымыз, Кентау қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Төрехан Сүлейменов те өзінің үстінен арызданып жүрген азаматтарға қатысты құжаттарын тас-түйін етіп дайындап, сотқа беруге әзірлеп отыр екен. Бұған дейін де қым-қиғаш соттасумен аты шыққан Кентауда шенеуніктер бірін-бірі тағы да сотқа сүйрегелі отыр. Қаратау тәжі атанған қалада бұл жайсыздық қашанға дейін созылар екен?
Сіз не дейсіз?
Төрехан Сүлейменов, Кентау қаласы әкімінің аппарат жетекшісі:
«Бәрін ұйымдастырып жүрген Қожабекова»
- Сізді ақшаны ауызша түрде жинау былай тұрсын, хаттамада көрсетіп тұрып жинайтын болды деп айыптайды. Осыған орай не айтасыз?
- Осы мәселеге байланысты бір топ азаматтар қаржы полициясына арызданған болатын. Іс егжей-тегжейлі зерттеліп, қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды. Менің арым Алланың алдында да, адамның алдында да таза. Хаттамада менің қолымды жасанды түрде қойған. Оны экспертизаға да бергенбіз. Мемлекеттік қызметте 25 жылдық еңбек өтілім бар, арыз иелері айтып отырған мәселеге қалай жол береді деп ойлайсыздар? Олардың менің үстімнен жазбаған жерлері қалмады. Барлығы да тексерді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұрынғы бастығы М.Садуов сыбайлас жемқорлықпен қызметтен босап кеткен адам. Ол бұған наразы болып сотқа берді, жеңе алмады. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Р.Қожабековаға қатысты облыс әкімдігінің «қызметке сәйкестігін қарау» жөніндегі хаттамасы бар. 27-шілде күні облыс әкімінің алдында Кентау қаласының әкімдігі жарты жылдық есебін берді. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Сакен Қаныбеков жиынға қатысушы көпшіліктің көзінше «Үш жыл қатарынан Кентау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі облыстағы аудан-қалалардың ішінде ең соңында қалып, 15-орыннан көтеріле алмай келеді. Үш әкім ауысты, ешкім де оның басшысын жұмыстан алуға шамасы келмейді» деді. Облыс басшысы бөлімнің жұмысын қатаң түрде тексеру керектігін ескертті. Осыдан кейін қала әкімінің тапсырмасымен қызметтік тексеру жүргізіліп, жоғарыда аталған шара көрілді. Енді ол бұл жағдайға келіскісі келмей, қала әкімін сотқа беріп жатыр.
- Сот сараптамасының қорытындысына сенсек, хаттамаға Сіздің қолыңыздың қойылғаны расталыпты...
- Ол біржақтама шығарылған қорытынды, сараптама қайта жүргізілетін болады. Мұның анық-қанығын қаржы полициясынан сұратсаңыздар береді. Бір сөзбен айтқанда, қала күні атап өтілгені рас, бірақ, ақша жинау жөнінде ешқандай тапсырма берілмеген. Қонақтардың түскі асын кәсіпкерлердің өзі көтерген. Енді «өйтіппін, бүйтіппін» деген қауесеттер көбейіп тұр.
- Арыз иелерімен араңызда ешқандай араздастық жоқ па еді?
- Араздастық болған емес. Мұның бәрін ұйымдастырып жүрген Р.Қожабекова деп ойлаймын. Өйткені, қалалық әкімдікке бағынышты бөлім басшыларының, ауыл әкімдерінің жауапкершілігін, олардың өз қызметіне лайық немесе лайық еместігіне баға беру менің функционалды міндетім. Тәртіптік комиссияның төрағасы да менмін. Осы қызметтерімді тиянақты атқаруымды олар «менің соңыма түсіп алды» деп қабылдайды.
- Сотталып, абақтыда жатқан адам үшін ақша жинағаныңыз да айтылып жүр...
- Ол енді жала...
Мұрағаттан, 07.11.2012 ж