Мусин, әлі де сол Мусин...

Oinet.kz 23-03-2019 952

589b5f860473c2847b23e70bcd101c07-small.jpg

«Шетелге біржолата кетті, енді қайтып келмейді. Еуропада жүрген қашқын оппозиция өкілдерімен тізе қосады. Содан кейін шетелде отырып Ақорданың біраз құпияларын бүкіл әлемге жария етеді» деген сыңайдағы  ақпарат құралдарында гу-гу әңгімелерге дем берген Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі, қазіргі уақытта Есеп комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Аслан Мусин Еуропадағы сапарынан сәтті оралды. Дін аман, Мусин шетелде ешқандай шалт қадамға бармастан тіке барып, тіке қайтқан сияқты. Есеп комитетінің баспасөз қызметі Мусиннің Германиядағы емделуі қазан айының соңына дейін созылады деп еді, бірақ ол одан да ертерек келіп,  Құрбан айт күні Астанадағы Хазірет сұлтан мешітінде Елбасымен және Ақордадағы бірқатар саяси тұлғалармен бірге сәждеге жығылды.... Мусин туралы пәлен-түген деп жүргендердің аузына осылайша құм құйылды. 

Естеріңізде болса, Аслан Мусиннің келешек тағдыры туралы президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Алиев те біраз болжамдарын жария етіп қойған-ды.

--Ақорда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қаржы полициясы арқылы бекерден-бекерге шүйліккен жоқ. Рысқалиевтің Мусинмен жақын қарым-қатынаста екенін көпшілік жақсы біледі. Мұның бәрі де Мусинді Президент әкімшілігінің басшылығынан кетіру үшін жасалды. Мұны әрине, Мусиннің өзі жақсы түсініп, Германияға кетіп қалды. Бір жағы мемлекет басшысы да оны сынап көрмек. Ол Мусиннің енді қандай қадамға баратынын аңдып отыр,--деген еді Рахат Әлиев. Оның айтуынша, егер Мусин осы сапарынан қайтып келсе, ол «Қазатомпромның» бұрынғы президенті, үстінен іс қозғалып, ұзақ жылға сотталып кеткен Мұхтар Жәкішевтің тағдырын құшады-мыс. М.Жәкішев те Германияға емделуге кетіп, елге оралған кезде қолына кісен салынған екен. 

--Атырау облысының бұрынғы әкімі отбасын күні бұрын бекерден-бекер Лондонға апарып қойған жоқ. Мусин де қазір әйелін Америкаға көшіріп қойды, ал қызы Швецарияда. Ол саналы адам ретінде бәрін күні бұрын қамдап жатыр,--деп, Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісін жолайырықта әрі ең қауіпті сәтте тұрғанына небір дәлелдер келтіріп, айтқанының айдай келетіне сендіріп баққан болатын экс-күйеу бала. Бұл қаншалықты қисынды, қаншалықты шындыққа жанасады. Мусиннің ұлы, елдегі әлдебір діни ұйымның жетекшісі ретінде танылған Асылбек Мусиннің де шетелге кетіп қалғаны кейбір ақпарат құралдарында жария етілді. Егер ол рас болса, Рахат Әлиевтің ақпараты қисынды сияқты. Алайда...   

 Мусин елге қайтып оралды. Естеріңізде болса, оған қатысты шу шыққан кезде Есеп комитетінің баспасөз қызметі жақында  комитеттің құзыры кеңейетінін мәлімдеген болатын. Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісінің құрығы қаншалықты ұзаратынын білмедік, бірақ оның Ақордадағы беделі бір мысқал да кемімеген сияқты.  Елбасымен және Ақордадағы сақа саясаткерлермен иық теңестіріп бірге жүру комитеттің төрағасы түгілі, министрлердің де маңдайына жазылмаған шығар. «Мен әлі де Мусинмін» деп тұрғандай. 

Айтқандай, елге оралған Мусин бірер күнде оппозициялық басылымдардың біріне сұхбат беруге уәде етіпті. Есеп комитетінің төрағасы төңірегіндегі алып-қашты әңгімелердің анық-қанығын осы сұхбаттан кейін білеміз. 

Мұрағаттан, 01.11.2012 ж

Төле биде төрт бірдей медициналық мекеме ашылды
Кентау әкімінің аппарат жетекшісі Төрехан Сүлейменов күштеп ақша жинататыны рас па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу