Мектеп директорын тағайындау тәртібі өзгермек, Енді «ставка» жойыла ма?

Oinet.kz 22-03-2019 1369

1-160.jpg

Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқаны қашан. Оған себеп те жоқ емес-ті. Соңғы жылдары парақор мектеп директорларының саны өскен болатын. Мектепке директор болу үшін берілетін параның көлемі, яғни «ставкасының» өсуі де бұл қызметтің «абыройын асыра» түскен-ді. Әрине, пара алушы директорлар жазаланып жатқанымен, қызметке тағайындау кезіндегі «алыс-берістер» құпия күйінде қалады. Шымкентте жаңадан салынған мектепке директор болу үшін 20 мың доллар пара беру керек екен дегенді де естігенбіз. Бірақ, ол «берген» немесе соған ниеттенген адамның айналасындағылардан абайсызда шыққан ақпарат күйінде қалады. Пара беріп директор болыпты дегенді де естисіз, бірақ «берген» немесе «алған» адам ол әрекетін жария етпесі анық. Яғни, «ұсталмаған ұры емес», естіп-біліп жүрген нәрсені нақты атын атып, түсін түстеп айта алмайсыз. Кейінгі ұрпаққа сапалы білім беріп, адалдыққа тәрбиелейтін мектептің басшылары былыққа батып жатса, бүкіл ұжымның еңбегінің босқа кетіп жатқаны емес пе? Мектеп директорлары арасында жемқорлық жиілеп бара жатқан соң, қарапайым жұрт та, жоғары жақтағылар да «қайтпек керек» деген сұраққа жауап іздегені анық. «Рейтинг» газетінде де бұл мәселе көтеріліп, директор тағайындауға қатысты ұсыныстар айтылған болатын.  

Көптің көкейінде жүрген мәселе жоғары жақта сарапталып, Білім және ғылым министрлігі мектеп директорын тағайындауға өзгеріс енгізбек. Алдағы уақытта мектеп директорлары облыстық білім департаменттерінің келісімі бойынша тағайындалатын болады. Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков Астанада өткен  Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттың негізгі бағыттарын айқындау жөнінде өткен кеңесте осылай мәлімдеді. «Мемлекет басшысы директорлық корпустың сапалық әлеуетін жақсартуға қатысты тапсырмалар жүктеген болатын. Әрине, бұл қарапайым мәселе емес. Әсіресе, БАҚ-та мектеп директорларының облыстық басқармалардың келісімінсіз тағайындалатыны туралы жиі мәселе көтерілген болатын. Бүгінгі күні бұл құзырет аудан әкімінде. Ал министрлікте осы мәселенің шешімін табу үшін орта білім мемлекеттік  мекемелеріндегі басшылықтарды конкурстық ауыстыру ережелерін бекіту туралы бұйрық шығарылды», - деді вице-министр. Сондай-ақ, М.Сарыбеков облыстық білім департаментінің келісімінен бөлек, директорларды тағайындауға қатысты тағы бір жаңалықты жария етті. Енді әр бес жыл сайын директор конкурс арқылы ауыстырылатын болады. Яғни, іс басындағы директорлар үшін тағайындауды ұзарту деген мүлдем болмайды. Бұл өзгерістің қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетер. Дегенмен, жұрттың көкейінде әкім де, департамент басшылары да пенде, мектеп директоры мансабынан үміткердің «шығыны» екі еселеніп, ортақ «келісім» алудың жолын табуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес.

Мұрағаттан, 09.08.2012 ж

Анарбек Орман: Тексерушілер «кемшілік табамын» деп емес «көмек беремін» деп келулері керек
Әкім Асқар Мырзахметовтың сынына кім шыдайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу