ОҚО-да депутаттар неге наразы?

Oinet.kz 22-03-2019 905

Screenshot_9.jpg

«Бюджеттің жобасын комиссия отырысына бар-жоғы бес күн қалғанда көрсетесіңдер. Бізге тек оны бекіту ісі ғана қалады. Мәслихат депутаттары бюджетті қалыптастыру ісіне неге қатыстырылмайды? Пікіріміз, ұсыныстарымыз неге есепке алынбайды?». Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар шенеуніктерге осындай ренішін жеткізді. Жиын барысында халық қалаулылары мәселе ретінде көтерген бірқатар ұсыныстары бойынша  қаржының қаралмай жатқанын алға тартты. Айталық, Отырар ауданындағы әрқайсысы 50 орындық 6 балабақшаның мәселесі үш жылдан бері шешімін таппай келеді. «Жобалық-сметалық құжаттама үш жылдан соң ескіреді. Біздегі балабақшалардың құжаттамасы 2010 жылы жасалып қойылған. Содан бері бір тиын бөлінген жоқ. Уақыт болса өтіп бара жатыр.   Енді жобалық-сметалық құжаттаманы қайтадан даярлауға тағы ақша кетеді. Осы мәселемен маған отырарлықтар күнде хабарласады. Ауылға баруға бет жоқ қазір», деп қынжылды депутат Нұрлан Омаров. Бұған экономика және бюджетті  жоспарлау басқармасының бастығы Ербол Садыр «мәселеңізді қарастырып жатырмыз. Бюджеттің шамасы барлық мәселені бірден шешуге жетпейді. Қазір бізде 18 балабақшаның жобалық сметалық құжаттары тұр. Солардың да мәселесін шешуіміз керек» деп мәселені жылы жабуға тырысты.  

Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев «қай депутат қаншалықты айқайлайды, қаржыны соған  беру керек деген дұрыс емес. Әркім көрпені өзіне тарта берсе тірлік болмайды. Қаржыны ең қажетті нысандарға жұмсау керек» деп пікірін білдіріп еді, депутаттар шу ете қалды.  «Ақпан айында  бізден ұсыныстарымызды сұраттыңдар. Әрқайсымыз ұсыныстарымызды өткіздік. Содан не шықты? Қай ұсынысымыз орындалды?» деп халық қалаулылары сұрақтарын жаудырды. Ербол Садыр бұдан кейін өтетін бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында толық мағлұматты беретінін айтып құтылды.  

Мұрағаттан, 31.05.2012 ж

Қаржы игеруде қамсыздыққа бой алдыратын шенеуніктер аз емес
Басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың мақаланы не үшін жарыққа шығарғысы келмеді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу