Экс-банкир мен экс-күйеу бала. Екеуі де ұзақ жылға сотталды

Oinet.kz 19-11-2020 1648

Алматыда атышулы  банкир Жомарт Ертаевқа сот үкімі шықты. Соңғы жылдары дау-дамай мен айқай-шудан арылмаған Ертаев RBK  банкінің 144 миллиард теңгесіні талан-таражға салды деген айып бойынша 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотта ол өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Жомарт Ертаев.jpg

Ертаевтың ағынан жарылып, кінәсін мойнымен көтеруінің арғы жағында нендей саясаттың, қандай мақсаттың бары белгісіз. Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана құзырлы органдар соңынан шам алып түскенде өзін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткері ретінде көрсеткен Ертаевтың табан астында тәубәға келуі таңқаларлық. Экс-банкирдің ісі бойынша айыпталғандардың ұзын саны  36-ға  жетті. 46 эпизодттан тұратын қылмыстық іс 700 томды құраған, ал судьяға 280 беттік үкімді оқу үшін бірнеше күн қажет болған. Үкім бойынша Ертаевтың  мүлкі тәркіленіп, ол 10 жыл бойы коммерциялық және қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. 

Соттағы соңғы сөзінде Ертаев ақшаның адамға бақыт әкелмейтінін ұмытып кеткенін, ақыр аяғында бәрінен айырылғанын айтқан. Ол өмірін жақсы жаққа қарай өзгерткісі келгенін, алайда байлықтың буы көзін байлап тастағанын алға тартыпты. 

Бұл Ертаевтың осыменен екінші мәрте сотталуы. 2009 жылы ол «Альянс банкте» басқарма төрағасы қызметіндегі қылмыстары үшін тұрқындалды. Тоғыз ай бойы қамауда отырған соң, шартты түрде екі жылға бостандығынан айырылып, 318 250 теңге айыпұл төледі. 2010 жылдан бастап Ертаев  RBK банкі директорлар кеңесінің кеңісшісі лауазымына кірісті. Алайда ол банктің штатында болмаған, ешқандай жалақы алмаған. Ол сонымен бірге осы жылдары  Qazaq Banki директорлар кеңесінде кеңесші қызметін де қоса атқарған. 

Үкімге қарағанда, Ертаев RBK банкінен 144 милиард теңгені қызмет бабын пайдалана отырып талан-таражға салған. Тергеушілердің тұжырымы бойынша ол әлдебір серіктескке өмірде жоқ кепілдер арқылы 80 миллион доллардан астам қаражаттың берілуіне ықпал еткен. Бұл қылмысты ол 2012-2017 жылдар аралығында жасаған. Ақшалар ақыр аяғында Ертаев пен оның жұбайы Нұргүлдің шотына түсіп отырған. Бес жылда экс-банкир осындай жолмен 8 миллион долларды заңсыз иеленген.  

Жомарт Ертаев 2018 жылдың мамырында  Қазақстан тарапының берген сұранысы бойынша Мәскеуде ұсталды. Ол біраз уақыт үйқамақта отырып, кейін қамауға алынды. Артынша Ресейдің Бас прокуратурасы оны босқын  мәртебесінен айырды. 2019 жылдың наурызында айыпталушы Қазақстанрға жеткізілді. 

 Ертаевтың ісіне осыменен нүкте қойылған жоқ. Ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға қарағанда, құзырлы органдар биыл қазанда Ертаев пен тағы бес адамның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Оларға 188 миллиард теңгені талан-таражға салды деген айып тағылған. Бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғандардың қатарында Bank RBK, Еуразия банкі және Qazaq Banki бар. 

Экс-банкирдің  ісі бойынша  қалған 36 сотталушының 23-і 3 жылдан 8 жыл аралығында бас бостандығынан айырылса, 8 адам әртүрлі жазаларға кесілген. Төрт адамның ісі мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қысқартылды. Бір азамат қайтыс болып кеткен. Сотталғандардың 17-сі рақымшылық заңы бойынша жазадан босатылған.   

8 жылға бас бостандығынан айырылғандардың ішінде Qazaq banki-нің ірі акционері Бақыт Ибрагим де бар. Қазіргі уақытта Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін заңсыз иеленді деген айып бойынша  кінәлі деп танылды. Ол 2018 жылдың сәуірінде Германияда тұтқындалған болатын. Бақыт Ибрагим ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда 2007 жылы  Әулие ата университетінің Шымкент филиалын бітірген. Осыған қарағанда оның Оңтүстікпен бір байланысы бар сияқты. 

Бақыт Ибрагим 2015 жылдан бастап «ҚазМақта» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Аталған компания 2015 жылы бір кездері президенттің тапсырмасымен мақта зауыттары арасында әділ  бәсекелестік орнату үшін салынған Мақтарал ауданындағы мақта зауытын сатып алған. Жекенің қолына өткен кәсіпорын жұмысын шырқ үйіріп кете алмады. 2017 жылдың күзінде зауыт жергілікті шаруалардың мақтасын қабылдап, олардың 300-ден астамының ақшаларын бермей, біраз уақыт шырылдатқаны бар. 

Даулы мәселеге облыс әкімі Ж.Түймебаев пен облыс прокуроры Н.Әбдіров араласты. Тиісті жұмыстарды жүргізу барысында зауыт шаруалардың 353 миллион теңге қарызынан, бұдан бөлек жұмысшыларының жалақысынан 100 пайыз құтылған. Бұл кезде  Сағынтаев Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқаратын. 

Сол жылдары Бақыт Ибрагимнің үкімет жетекшісінің  күйеу баласы екендігі анық.  Себебі Б.Сағынтаевтың  қызы, танымал сәнқой Меруерт Ибрагим туралы жазған басылымдар оның жұбайының белгілі бизнесмен Бақыт Ибрагим екендігін атап өткен. Алайда кейінірек Бақыт Ибрагим қуғын-сүргінге ұшыраған кезде ерлі-зайыптылардың ажырасып кеткендігі айтылды. 

Жанболат Мамай елді қайда бастап бара жатыр?
Ирак Елекеев: «Тасмағамбетов Президент сайлауына түседі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу