Қазақстанда 16 мыңнан астам шетелдік азамат жұмыс істеп жүр
Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде шетелдік жұмыс күшін тартуға 16 мың 105 рұқсат қолданыста. Оның ішінде бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары) 641, екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) 3 449 рұқсат берілген деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша - тиісінше 7 461 және 1 125 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 735 адам, корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 694 адам тартылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1785 жұмыс беруші бар. Оларда 455 816 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды. Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Украина – 3 511 адам, Таиланд – 1 723, Түркия – 1 669, Өзбекстан – 1 186, Сербия – 1 065.
Еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылға квота республиканың экономикалық белсенді тұрғындарының 0,32% -ы мөлшерінде (шамамен 29,3 мың адам) белгіленді.