Министр зейнетақы қорындағы ақшамен ипотеканы жабуға болатынын айтты
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинақтамасын ипотеканы жабуға алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Мақсаттарға тоқталатын болсақ, тұрғын үй мәселесін шешу ескерілген. Бұл жерде арнайы ереже бекітіледі, тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы тұрғыда негізгі параметрлер тек баспана сатып алумен шектелмеген, яғни жалпы тұрығын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Ол қаражатқа тұрғын үйді немесе жер телімін сатып алуға болады. Осы орайда тек жаңа баспана деген ұғым жоқ, қайталама нарықтан да үй сатып алу мүмкіндігі бар. Ипотека алуға алғашқы жарна ретінде пайдалануға, ипотеканы жабуға немесе қайта қаржыландыру мақсатына бағыттауға болады", - дейді министр.
Бұған қоса ол зейнетақы қорындағы ақшаны туыстарына көмек беру үшін алуға болатын мәлім етті.
"Баспана көлемін кеңейтуге пайдалануға болады. Бұл мүмкіндікті тек өзіне емес, сонымен қатар жақын туыстарына да таралады деп жоспарладық. Жақын туыстарына ата-анасы, балалары, бауырлары ата-әжесі, немерелері кіреді. Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы үшін бірыңғай оператор болады, сол оператор азаматтың тапсырысы бойынша жинақтаушы қорымен байланысып, сол жердегі тиісті қаражатыңызды баспана, жер телімін сатып жатқан адамға немесе ипотека рәсімделген банктерге аударады", - деп қосты Нұрымбетов.