Дінмұхамед Қонаев атауын алып тастады

Oinet.kz 25-08-2011 979

Screenshot_14.jpg

Бұл  білместік пе, әлде әдейі әрекет пе?

   «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі «Д.Қонаев атындағы мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі қайта құру жолымен Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының «Сайрам ауданының №25 кәсіптік лицейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылғаны туралы хабарлайды». 

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде таяуда жарық көрген   осынау тілдей хабарландыруды оқып, тіксініп қалық. Өткен аптада ғана «Қонаевтың 100 жылдығына қолдау болмай тұр» атты көлемді мақала жариялап, облыстық Қонаев атындағы  қордың президенті Арынбек Ойшиевтің  көкейтесті мәселе қозғаған пікірлерін көпшіліктің назарына ұсынған болатынбыз. («Рейтинг» газеті №31, 18 тамыз 2011 жыл).

Апыр-ай,ә лицейден тұтас ұлт тәу ететін тұғырлы тұлға Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаевтың атауы алынып тасталғаны несі?  Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанды  ұзақ жыл басқарса да адалдығының, ары тазалығының, пайым-парасатының, айрықша қарым-қабілетінің, сұңғыла саясаткерлігінің арқасында пендешілікке ұрынбай, артынан артық-ауыс сөз ергізетін ағат қадамға бармай елдің алдындағы ерекше сүйіспеншілікке бөленген қалпынан әлі де айнымай келе жатқан кемеңгер Димекеңнің 100 жылдығын арқа-жарқа атап өтер тұста бұл қалай болғаны? Тіксіндірген тілдей хабарландырудан кейін  сананы сансыртқан сан сауалға жауап іздеп, дереу Сайрам ауданы  Қарабұлақ ауылындағы  күні кешеге дейін Дінмұхамед Қонаевтай даңқты дарабоздың атымен аталып келген білім ошағына бардық. 2002 жылы білім ошағының алдынан бой көтерген  Димекеңнің мүсінін ұжымдағылар ұйымдасқан түрде  ортадан қаржы жинап орнатқанын естіп сүйсініп қалдық. Оған қоса орта мектептің  ішінен Қонаев мұражайын ашуды да өз күштерімен атқарғаны өзгелер өнеге тұтатын азаматтық қой. 

  --1999 жылы ауыл тұрғындарымен ақылдаса келе бірауыздан ұйғарып, білім ошағын халқына өлшеусіз еңбек сіңірген  сүйікті перзенті Дінмұхамед Қонаев деп атауды қалайтынымыз жайлы құзырлы мекемелерге ұжымның атынан ұсыныс білдірдік. Ұсынысымыздың жүзеге асуына кезінде Қонаевпен қоян-қолтық араласқан, облыста бірқатар басшылық қызметтерді абыроймен атқарған Төлепбек Назарбековтің де біршама септігі тиді, --дейді лицей директоры Ирисмат  Исмаилов.—Бастапқыда  ұсыныстың қабылданбайтындығы туралы хат алдық. «Қонаевтың есімін бір облыста үш реттен артық беруге болмайды» деді. Бірақ ұжымның аманатын арқалаған мен өз дегенімнен қайтпай ашпаған есігім, қақпаған тесігім қалмай жүріп ақыры көздеген мақсатқа қол жетті.  

Биыл жергілікті тұрғындардың талап-тілегін ескерген облыс әкімдігі  білім ошағын кәсіптік техникалық лицей етіп өзгертуге қаулы қабылдаған. Себебі 30 мыңнан астам халық тұратын Қарабұлақтың өзінде 11 мектеп бар. Оны жылына мыңға тарта түлек бітіріп шықса, соның 20 пайыздайы ғана жоғары оқу орнына түседі екен. Сондықтан көпшілік Қарабұлақтан Кеңес одағы  кезіндегідей бір кәсіптік техникалық лицей ашуды өтініпті. Бұл өтінішті облыстық әкімдік құп көрген.  Алайда қарапайым халық білім ошағынан өздері әрең қол жеткізген Қонаев атауын  алып тастауды сұрамағаны анық. Олай болса бұл кімге қажет болды? Жұмбақ? Мектеп директоры да бұл жағынан бейхабар екенін байқатты.

Дегенмен лицей директоры Ирисмат Исмаилов Қонаев атауын білім ошағына қайтарып алудан аянбайтынын, жеңіске жеткенше тынбай күресетінін қадап айтты. Қалай десек те бұл естіген елден ұят-ақ тірлік болды. Мұндайда не айтарыңды білмейді екенсің? Шынымен білместік пе, әлде әдейі әрекет пе? Бұған қашан да қоғамдық-саяси аурасының қызуы жоғары оңтүстіктің ономастикасында олқылықтардың болмауы үшін батыл қадам жасап,  ордалы  ой қозғап жүрген, жауапкершілігі салмақты арнайы комиссияны басқарудан да бас тартпаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов не айтады? Нендей шешім қабылдайды? Әліптің артын бағалық. 

Oinet.kz мұрағатына

Мырзахметов әйелдерге сенеді. Альмирасы әне, Альбинасы міне!
ОРАЛМАНДАРДЫ АВТОБИОГРАФИЯСЫНА ҚАРАП АЛАЛАУ...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу