Ерғали Білісбековтікі ерлік пе, еркелік пе?
Елбасы «билік пен бизнесті араластырып, қызмет бабын асыра пайдаланбаңдар» деп қанша ескертсе де естімеген сыңай танытып білгенін істей беретін атқамінерлер аз емес. Керісінше бүгінде бизнесін өркендету үшін билікке ұмтылатындар көбейіп келеді. Құрылыс саласындағы бизнесін құлшынып жүргізіп жүрген Ерғали Білісбековтың Шымкент қаласы әкімінің дәл жер қатынастары мен құрылыс жағына жауапты орынбасары қызметіне тағайындалып, шенеуніктің шекпенін кигеніне көп бола қоймаса да қалалық әкімдіктегі әжептәуір беделі бар тұлғаға айналғаны шындық. «Ең майлы жілік» есептелетін орынбасарлықтың орынтағына отырған ол жиналыстарда көсіліп тұрып сөйлеп, мәселелерді қабырғасынан қойып шешкеніне қарап кейде «қаланың әкімі Жетпісбаев па, әлде Білісбеков пе» деген де ойға қалатынбыз. Сөйткен шенеунік қазір қызметінде жоқ. Ел арасында гу-гу әңгіме көп...
Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек Шымкент қаласы әкімдігінің «шөпке тышарларын» жинап, мәжіліс өткізген облыс әкімі Асқар Мырзахметов былық-шылыққа әбден батып қалған құрылыс, жер қатынастары саласының жауапты шенеуніктеріне «ыстық табаға майсыз қуырғандай» күй кештіріп, оларды көз алдында қызметінен босату туралы өтініш жазуға мәжбүрлеген. Облыстың бірінші басшысы көзбе көз осылайша шырқыратса қай шенеуніктер шіркіннің көнбеске амалы не? Сіз солай ойлайсыз, біз де солай ойлағанбыз, бірақ Ерғали Білісбеков «ерлік жасағанын», дәлірегі анау-мынау емес облыс әкімінің әңгімесіне көпшіліктің көзінше құлақ аспай қыр көрсеткенімен қоймай жиналысты тастап шығып кеткеніне таңданамыз деп талайлар таңдайын тесіп ала жаздады. Бизнесте көп ақша санап ешкімнің алдында кішірейіп көрмеген сабазың этика мен субердинацияға «пішту» деген-ау сірә. Мұнысы тік мінезділік пе, әлде қызметтің қызығынан, қызуынан құр қалмас үшін ақырғы барған амалсыз қадамы ма? Бәлкім Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтен түспей жүрген (тек кейінгі кезде оған байланысты әлдебір сыбыстар айтыла бастағанын қоспағанда) ағасына арқа сүйегендіктен пайда болған асау мінезділік пе? Әйтеуір Ерғали Білісбековтікі ерлік пе, еркелік пе екенін ел әлі айыра алмай жүр.
Әйтеуір сол жолғы шатақтан кейін Ерғали Білісбеков ешбір жиыннан төбе көрсетпейтін болды. Біреулер «өз еркімен қызметін босапты» десе, енді біреулер « облыс әкімімен соңына дейін ерегісуге Ерекең бел буыпты, қызметінен ол оңайлықпен кетпейді» дейді сәуегейсіп. Кешегі күні Ерекеңнің өзімен хабарласпақ болып, оның қызметтік телефонына қоңыраулатқанбыз. Тұтқаны ешкім алмады. Ұялы телефоны «байланыс аясынан тыс жерде» екендіктерін ескертті. Қала әкімінің қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз «Ерғали Дәулетбекұлы қазір еңбек демалысында. Жұмысқа мамырдың 25-іне шығады» деді нық сөйлеп. Амандық болса ол күнге де жетерміз. Әзірге әліптің артын бағалық. Ал Сіз ше, Білісбековтің қазір қайда жүргенін білесіз бе?
Oinet.kz мұрағатынан