Шымкентте қаңғыбас иттер көбейіп кетті

Oinet.kz 26-05-2011 1039

Screenshot_14.jpg

Қаңғыбастары бар, қаңғымайтыны бар, әйтеуір Шымкент төрт аяқты «достарға» бай. Әсіресе, кейінгі жылдары тым көбейіп кетті. Көбеймегенде қайтсін, табиғи өсімі жылдам ит-мысықтардың көзін жоюға бюджеттен бөлінген қаражаттың «қауқары» жетпейді. 2007 жылы қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 3 миллион теңге бөлінсе, келесі жылы бұл сома екі есеге көбейді. Ал 2009 жылы қаралған 8,5 миллион теңгеге 9 мыңнан астам қаңғыбас ит-мысық ауланса, 2010 жылы бөлінген 13 миллион теңгеге көше кезген 13696 ит-мысықтың көзі жойылды. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айына осы мақсат үшін ортақ қазынадан 10 миллион теңге жұмсалса, алдағы болатын сессияда тағы осынша қаражат сұралмақ екен. Бұл туралы кешегі күні журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Абзал Әліқұлов мәлім етті. 

- Қалаға қарасты елді-мекендердің саны 27 жетті. Қаңғыбас иттердің артып кетуіне байланысты олардың көзін жоюға көбірек көңіл бөліп отырмыз. Бүгінде ит аулайтын топтардың саны 8-ге жетті. Олар таңғы сағат 5 пен 7-нің арасында жұмысқа шығады. Нәтиже жоқ емес. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын 3 адам құтырудан қайтыс болса, 2009 жылы ажалы иттен болған марқұмдардың саны төртеуге жетті. Ал соңғы екі жыл көлемінде мұндай оқыс оқиға тіркелген жоқ. Дегенмен, Қайтпас-1 мөлтекауданында бұл жұмысты толығымен атқару қиындық тудырып отыр. Ол жақта хайуанаттар бағы орналасқан. Ит аулаушылардың көлігінің даусына дейін біліп алған олар көліктің даусын естіген бойда зообақтың аумағына кіріп кетеді. Содан түске қарай бір-ақ шығады. Ал оның ішіне кіріп атуға мүмкіндік жоқ.  Біз Шығыс Қазақстандағы мамандармен ақылдасу арқылы жаңа әдіске, яғни ұйықтататын дәрімен аулауға көшпекпіз. Әрине, бұл әдістің құны қымбат, бір дәрі 3 мың теңге тұрады екен. Бірақ, өте тиімді. Болашақта осы әдіске көбірек көңіл бөлеміз деген жоспар бар, - дейді Абзал Шымкентбайұлы. 

Ит аулауда хайуанаттар бағы орналасқан «Қайтпас-1» елді-мекенінде көп қиындық кездесіп отыр екен.  

Бұрындары малдың құлағынан жұлып алып, мыжып өлтіре салатын кене бүгінде жан алғыш әзірейілдей көрінетін болған. Оның себебі түсінікті де. Кенеден келетін кесел соңғы жылдары талай адамның өмірін жалмады. Әрине, Шымкент қаласында бұл қауіпті ауруға қатысты оқиға тіркелген жоқ. Алайда, мұны Конго қырым қанды безгегінің қалалықтар үшін жат ауру деп қабылдамау керек. Қалалықтардың да қорасында мал, қалада мал базары, мал бордақылайтын орындар бар. Қазіргі таңда қалада 17 мың ірі қара мен 5 мыңға жуық уақ мал есепке алынған. Осы малдарға дәрі бүрку үшін былтырғы жылы жергілікті қазынадан 26 116 мың, республикалық бюджеттен 8 138 мың теңге қаралған болатын. Биыл да бұл мақсатқа 7 968 мың теңга қаралып, бүрку жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта тағы 20 миллион теңгеге жуық қаражат қаралу мәселесі жоспарлануда. Олар мал бүрку, жайылымдарды, мал жүретін жолдарды заласыздандырумен қатар балалардың жазғы демалыста баратын лагерьлер де залалсыздандырылатын болады.

Оқырмандардың есінде болса, былтырғы жылы қаланың жер асты жолдарын мекендейтін егейқұйрықтардың көбейгені соншалық, бағдаршамдардың да сым желілерін қиып, көлік қозғалысын реттейтін үш көзді аппараттарды істен шығарған болатын. Осындай келеңсіздіктерден кейін егейқұйрықтармен күрес те күн тәртібіне көтерілген-ді. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі 20 жыл уақыт ішінде, шыны керек, әр мекеме, кәсіпорын, базар иелері өздеріне тиесілі аймақты ғана дәрілегені болмаса, қаланың өзге нысандары залалсыздандырылмай келді. Ал жер асты «қожайындарының» көрші нысанға өтуі оп-оңай-ақ. Осы секілді мәселелер ескеріліп, биылдан бастап тікелей қала әкімінің тапсырмасымен егейқұйрықтармен күреске көп көңіл бөліне бастады. Әрине, ол қаражатсыз бітпейді. Осы мақсатта бюджеттен 43 миллион теңге қаралып, ол ақшаға он күн бойына қала аумағындағы нысандар толығымен залалсыздандырылмақ. Әсіресе, өзен жағасында орналасқан үйлер мен кәсіпорындардың аумағы, көпқабатты үйлердің жертөлелері, мал бордақылайтын, ет өнімдерін дайындайтын цехтар, жалпы алғанда көлемі 25600 шаршы метр болатын аумақ дәріленбек. Осы істі тиянақты жүргізу үшін қала аумағындағы үш ауданда үш топ құрылып, оған аудан әкімдері басшылық жасайтын болады. Топ құрамында «Нұр Отан» партиясы мен СЭС өкілдері, арнайы мамандар бар. 

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Ерғали Білісбековтікі ерлік пе, еркелік пе?
Мырзахметов «бүйректен сирақ шығарды ма?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу