Мырзахметов «бүйректен сирақ шығарды ма?»
Өткен аптада ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов өзінің өкімімен орынбасарларына жүктелген міндеттерді қайта бөліп беріп, жаңа тапсырмалар жүктеуі елдің таңдансын тудырып жатыр. Бұрын-соңды болмаған, ешкім күтпеген өзегерістің жасалуы «мұрның бар да бір сіңбір» деген сөзді еріксіз есімізге түсірді. Жалпы, орынбасарлардың атқаратын жұмыстарында азын-аулақ өзгерістер енгізіп отыру заңдылық қой. Бірақ бұл жолы облыс әкімі әдеттегі сценарийден ауытқып кеткен тәрізді. Жоқ жерден не түлен түрткенін кім білсін, әйтеуір орынбасарлар үш ұйықтаса да түсіне кірмеген міндеттерді арқалап шыға келді. Олардың өзара міндет бөліскенін, әлде орынтақ алмастырғанын түсініп болмайды. " Бүйректен сирақ шығарды» деген осы шығар. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң".
Жалпы облыс әкімінің орынбасары болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ қой. Іскерлігін даусыз дәлелдеген азаматтардың арасында орынбасарлықтан облыс әкімі қызметіне ат ауыстырған фактілер де аз емес. Бұл кресло мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, біліктілігі мен білімділігі дау тудырмайтын азаматқа қана лайық. Кезінде орынбасарлыққа өз орнымен, өз жөнімен келген, қызмет барысында абыройға бөленіп, есімдері әлі күнге оңтүстік жұртының аузында айтылып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың арасында Ислам Әбішевті, Дархан Мыңбайды, Тамара Дүйсенованы, Уәлихан Қайназаровты, Қуаныш Айтахановты, Светлана Бурлаченконы ерекше атап өту керек. Біздің ойымызша облыс әкімінің орынбасары деген атағы дардай болған соң бұл қызметке аудан, қала әкімдеріне, өздері жұмысын үйлестіретін басқарма басшыларына ақыл-кеңес бере алатындай абырой-бедел қалыптастырған, олардан кемі бір саты жоғары тұрған атпал азамат тағайындалуы тиіс. Бұл талап бүгінде қаншалықты сақталып жүргенін, кімнің, қандай беделі барын аттарын атап түстерін түстемесек те ел бәрін біледі. Кейінгі жылдары кадр тағайындаудағы бұрынғы қағида бұзылып, облыс әкімінің орынбасары, кеңесшісі лауазымына көлденең келген көкаттылардың оп-оңай иеленіп кететіні ащы да болса ақиқат. Орынбасарлықтың орынтағын уақытша «әуежай» ретінде пайдаланғандарды да, тұтас команда болып келіп, мұрты бұзылмаған күйі қайта кеткендерді де көзіміз көрді. Осыдан соң орынбасарлықтың бүгінде қадірі кетті ме әлде қолындағы құзыреті кетті ме, деген ой келеді екен. Құзыреті демекші, тақырыбымызға қайта оралып, пышақ үсті бөліске түскен орынбасарлардың жаңа міндеттеріне тоқталайық.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұрын ауыл шаруашылығы, энергетика және коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларына жетекшілік ететін. Бәлкім, осы орынға еңбек жолының басым бөлігін ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу инстиуттарында өткізген, экономика ғылымдарының докторы деген атағы бар Берік Оспановтың отыруы бекер емес шығар. Бірақ Бекеңнің докторлығы дымға да аспай оның құзырынан кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен жер қатынастары басқармасы шығып қалды. Оның есесін құрылыс басқармасы толтырғанын естіген ел түсінбейтін жайт көп. Бұрын-соңды құрылыс саласында жарытып жұмыс істемеген азаматтың бұл салаға қалай басшылық жасайтынын уақытында көрерміз.
Облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Айтахановтың есеп-қисаппен басы қатып жүрген адам екендігінде дау жоқ. Бұған дейін қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына жетекшілік етіп келді. Енді бұл орынбасардың құзыры кеңейіп, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына да басшылық жасамақ. Е.Айтахановқа үйіп-төгіп беріле салынған мекемелердің ішінде тіл басқармасының қайдан адасып барып қалғанын біле алмадық. Облыс әкімінің экономика мен тіл саясатының арасынан нендей жақындық тапты екен?! Ақша санап, бюджет жобалап үйреніп қалған орынбасарға тіл басқармасын сеніп тапсыру мемлекеттік тілді мазақ ету ме?! Өз елінде төрге шыға алмай келе жатқан тілім-тілім тілдің енді үйірінен адасқан үйректің кейпіне түспесін деп тілейік.
Ал, тіл басқармасына бұған дейін жетекшілік еткен облыс әкімінің иделогия жөніндегі орынбасары Әли Бектаев жасыратыны жоқ, кешегі партияның мектебінен өткен, тәжірибесі мол шенеунік. Басқарма бастығы, аудан әкімі қызметтерін атқарды. Облыс әкімінің орынбасары орынтағына осыменен екінші рет отырған азамат. Бірақ қай салада жүрсе де Әли Бектаевты көпшілік мықты идеолог ретінде таниды. Енді облыстың бас иедеологының қарамағындағы білім мен мұрағат басқармаларының бірі Сәкен Қаныбековке, бірі Болатбек Әлиевке өтіп кетті. Әрине, Ә.Бектаевқа қандай сала жүктелсе де атқарып кете алатынына дау айта алмаймыз. Бірақ идеология жөніндегі орынбасарға табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына басшылық жасағанын естіп тағы да бас шайқап қала бердік. Енді бас идеолог облыстың бас экологы қызметін де қоса атқармақ.
Базбіреулер әкім орынбасарларының ішінде Болатбек Әлиевтің құзыры кеміп кетті деп жүр. Рас, Болатбек Әлиев нағыз майлы жілік саналатын құрылыс басқармасынан айырылып, оны бірінші орынбасар Берік Оспановқа өткізгенін жоғарыда айтқанбыз. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы да басқа орынбасарға кетті. Бірақ бұдан Әлиевтің мұртын балта шаппасы белгілі. Онсыз да қазір құрылысқа қатысты мемлекеттік сатып алу конкурстарының өтіп қойғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, шенеуніктердің алақанын қышытатын тендердің базары тарқап қойғалы қашан. Оның үстіне ең майлы жіліктің бірі жер қатынастары басқармасы да Б.Әлиевтің қарамағына көшті. Құрылыс басқармасы басқа орынбасардың иелегіне өткенімен, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік құрылыс бақылау басқармалары бұрынғысынша Болекеңнің құзырында қалды. Бір жағы бұл да дұрыс шығар, құрылысты да өзі салып, оған бақылау орнату құқығын да өзінің құзырында ұстаудың ар жағында, астарында не жатқанын айтпасақ та түсініп отырсыз.
Болатбек Әлиев енді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт, облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармаларына да жетекшілік етпек. О заманда, бұл заман спорт пен мұрағат сияқты идеология саласындағы құрылымдардың Әлиевке қай құдай айдап келгені кім білсін?! Кезінде заңгер, тергеуші, кеденші, көлік басқармасының бастығы қызметтерін атқарған әмбебап Әлиев спорт пен мұрағатты маңдытып кете алса жарар еді?!
Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Қаныбековты денсаулық сақтау басқармасын Ә.Бектаевқа берді демесеңіз, құзыры бұрынғыдан да кеңейіп қалды. Сәкең енді біраз жаңа басқармалардың қызығын көрмек. Оның ішінде білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары бар. Мамандығы бойынша агроном-экономист, мемлекеттік қызметте әлі тәжірибе жинақтай қоймаған Сәкеңді көтере алмас шоқпарды беліне байлағандай әсерде қалдық.
Бір қызығы, егер аудан, қала әкім орынбасарлары да тез арада облыстан үлгі алып, міндеттерін қайта бөліспесе жағдайы қиындайын деп отыр. Олай болмаса, бір басында облыстан қарап отырған бірнеше басшысы бар орынбасарлардың жұмысы көбейіп, ертең ит-ыржыға түспесіне кім кепіл?! Онсыз да жұдырықша жұмылып тірлік істей алмай жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің командасындағы атқамінерлер ертең аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге дегендей, тірліктерін қожыратып алса кімге өкпелейміз?! Күні кеше аудандағы біраз шенеуніктермен хабарласып, хал-жағдай сұрасқанбыз. Олардың айтуынша, жоғарыдан құрылымдық өзгерістер жасау туралы ешқандай тапсырма түспепті.
Қызықтың, «қуырдақтың» көкесі әлі алда болады деген сөз.
Oinet.kz мұрағатынан