Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Үкіметтің жаңа құрамымен өткізген жиында Елбасы министрлерге, облыс әкімдеріне сыбайлас жемқорлыққа қатысты біраз жайтты қозғағаны белгілі. Басы ашық бір нәрсе, жемқорларға қарсы күрес бұрынғыдан да күшеймесе бәсеңсімейді. Әсіресе, басшылардың жауапкершілігі. Егер мемлекеттік мекеменің қызметкері сыбайлас жемқорлыққа барса, ол сол мекемедегі бірінші басшының автоматты түрде отставкіге кететінін білдіреді. Бұл жай сөз емес, Ақорда ол жүйенің іске асатынын нақты мысалмен дәлелдеп берді. Сайлаудан кейін Жоғарғы соттағы бірнеше судья орнынан алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков сөзге келместен орынтағын босатып берді. Ал, Жоғары соттың төрағасының өзі осылай топалаң түсіп жатқан кезде облыстар мен аудандардағы басшыларды креслосымен хош айтыстыру сөз болып па?! Өткен аптада Елбасының жүктеген міндеттерінің орындалуына байланысты өткен жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов те Елбасының сөзін қайталап, мемлекеттік органдар мен компаниялардың қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа ұрынатын болса, сол мекемелердің басшысы қызметінен кетеді дегенді айтты. Енді не болар екен?
«Бал ұстаған бармағын жалайды» дегендей, қолында азды-көпті билігі бар адамның пендешілікке бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі ғой. Қазір құрылыс саласына бөлініп жатқан қаржы көп. Сондықтан да болар осы саланың басы-қасында жүрген шенеуніктердің әйтеуір бір жерге бармағын сұғып қалуы таңданарлық жәйт емес. Солардың бірі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қызметкерлері. Былтырдың өзінде аталған бақылаушы органның екі бірдей қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өзіне күні түсіп тұрған компаниялардың басшыларынан пара дәметкені үшін. Нақты дерекпен сабақтайық:
Өткен жылдың ақпанында аталған басқарманың қызметкері бір азаматқа құрылыс жұмыстарын жүргізуге лицензия алып беру үшін 350 мың теңге пара алу үстінде қаржы полициясының құрығына түсті. Бірақ ол өзгелерге сабақ болмаған екен. Шілдеде басқарманың бас маманын әлдебір серіктестіктің басшысынан гидромиляциялық жұмыстарды жүргізуге лицензия алып беру үшін 100 мың теңге пара алу үстінде тағы да «құдай ұрып қалды». Ұсталғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің 311-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалған. Оның немен аяқталғанынан бейхабармыз. Ал, қарамағындағы қызметкерлері шетінен қармақ қауып жатқан кезде облыстық басқарманың бастығы Сұлтанбек Сүгірбаев қызметін түк болмағандай ың-шыңсыз атқарып жүре берді.
Әрине, «заңның кері күші болмайды, мұның бәрі де өткен-кеткен оқиғалар» деп мұны жылы жауып қоя салуға да болар ма еді. Алайда «Қарамағындағы қызметкері сыбайластыққа жол берсе, басшысы қызметінен кетеді» деген қағидаға облыстың барлық атқамінерлері облыс әкімі Нұрғали Әшімовтың кезінде-ақ бәтуа жасасып, серт беріскенін қайда қоямыз? Бұл қағиданы кейбір шенеуніктер қалтқысыз орындағанымен С.Сүгірбаевтың селт етпегеніне талайлар таңданыстан бас шайқаған.
Солардың бірі облыстық мәслихаттың депутаты Нұрадила Жұмашев «Рейтинг» газетіне берген сұхбатында: «ГАСК» мекемесінен бірнеше адам сыбайластықпен ұсталып жатыр, қайта оралып жатыр. Бірақ оның басшысына ешқандай шара қолданылмады. Бір адам болса бір сәрі, бернешеуі емес пе?! Мұндай жағдайда мекеменің бірінші басшысы қандай жағдай болсын қызметінен босауы қажет еді» деп еді.
Оны айтасыз, қайсыбір жылы Сұлтекеңнің, Сұлтанбек Сүгірбаевтың мектеп директоры болып істейтін қарындасы парамен ұсталғаны елді шулатқанымен көп ұзамай басқа мектепте директор болып қызметін атқарып кете барғаны «күштіні арты диірмен тартады» деген сөзді еріксіз еске түсірген. Одан бергі аралықта бірнеше қызмет ауыстырған Сүгірбаевтың дәлірегі Сүгірбаевтар әулетінің дәурені әлі де жүріп тұрғанын қайтерсіз?! Десек те «Қарамағындағы қызметкері сыбайластыққа барса, басшысы автоматты түрде отставкіге кетеді» деген сөз Елбасының өз аузымен айтылған соң, сыннан сүрінген шенеуніктер енді сытылып кете алмайды деген елдің үміті басым. Сүгірбаев отставкаға отставкаға сұранып-ақ тұр. Енді не боларын көрейік. Елбасының қатқыл пікірі- анау, Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауға бел буған облыс әкімінің алқалы жиындағы ашулы сөзі-анау. Ел нәтижесі не боларын күтіп отыр. Біз де әліптіңартын бағалық.
Oinet.kz мұрағатынан