Генерал Досымов ардагерлерден араша іздегені ме?

Oinet.kz 28-04-2011 1079

Screenshot_8.jpg  

 ...Орынбасаларыңыз, департамент, комитет басшыларының жемқорлыққа жол беруі сіздердің автоматты түрде отставкіге кеткендеріңізді білдіреді... Жоғары соттағы жағдай секілді. Сондықтан кадр тағайындауда іскер және адал азаматтарға арқа сүйеңіздер. Бұл қатаң қағидаға айналуы тиіс...

 (Елбасы жуырдағы Үкімет мүшелері және облыс әкімдерімен өткізген жиында айтқан сөзінен).

Облыстық ішкі істер департаментінің  жүйесіз жұмысы, өңірдегі қылмыстық ахуалдың ауырлығы, полицейлер арасындағы заңсыздықтың, сыбайлас жемқорлықтың өршігені туралы мәселе қазір Астанадағы Парламент мінберінен де айтылып жатыр. Бірақ одан тәртіп сақшыларының тәртібі түзелгенін, сыннан көз ашпай келе жатқан облыстың бас полицейі, генерал Серімжан Досымовтың құр сөз, құрғақ уәдеден гөрі нақты іске көшкенін  көрмедік. 

Айтыла-айтыла әбден жауыр болуға айналған тақырып төңірегінде әңгіме қозғағымыз да жоқ еді. Бірақ биылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштерге қарап, тағы да полицияның пәрменсіздігі туралы қынжылыс білдірмеске амалымыз қалмады. 

Облыста былтырғы бірінші тоқсанда 2146 қылмыс тіркелсе, биыл ол 2993-ке жеткен. Оның 600-і ауыр қылмыстардың санатына жатады. Рас, кейбір аудандарда, атап айтқанда Төле би ауданында (55-50), Арыс қаласында (44-42), Сарыағаш ауданында (160-135) қылмыстың төмендегені байқалады. Ал, қалған аудандардың барлығында қылмыстық көрсеткіште өсім бар. Оның ішінде Мақтарал ауданында қылмыс саны 123-тен 164-ке көбейген. «Күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» атанып кеткен Түркістанда 99-дан 231—ге, ал Шымкентте 1198-ден 1837-ге өскен. Бұл облыс әкімдігінің мәліметтері. Ал, жуырда Бас прокуратураның жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Оңтүстік Қазақстан облысында биылдың бірінші тоқсанында тіркелген қылмыстың саны 3492-ге жетіп, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға өскенін, ал қылмыстың ашылуы керісінше 3,7 пайызға төмендеп кеткенін жария етті.   

 Өткен аптада баспасөз мәслихатын өткізген облыс прокуроры Берік Құлтасов кейінгі кездері тәртіп сақшылары арасында азаматтарға күш қолдану, ұрып-соғып мойындату жайттарының белең алып кеткенін  мәлім етті. Екі-үш цифрларға ғана тоқталайық. Өткен үш айда прокурорлар поицейлердің қызметтік бөлмелерінде заңсыз ұсталып отырған 39  азаматты босатып, сол үшін 22 полицей тәртіптік жазаға тартылған. Өзінің қызметтік кабинетіне әкелінген күдіктіні мал ұрлығына қатысы барын ұрып-соғып мойындатпақ болған бір учаскелік полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жиында Берік Сайлауұлы енді ішкі істер департаменті басшыларының жауапкершілігін қарау туралы Ішкі істер министріне ұсыныс бергенінін айтты.  Әрине, Үкімет құрамы жаңарып, Елбасының өзі де құқық қорғау органдарына ерекше талап қойып жатқан тұста мұндай орынды ұсынысты Ішкі істер министрі қызметіне жаңадан тағайындалған Қалмұханбет Қасымов елеусіз қалдырмауы әбден мүмкін.      

Облыстың прокуроры таратқан мәліметтерге қарағанда, биылдың үш айында есептен жасырылған қылмыстардың саны 347-іні құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 106 фактіге көбейген. Тергеушілердің өз ісіне салғырттық танытып, тергеу амалдарын негізсіз созбалаңға салу, заңсыз тоқтамға алу деректеріне әлі де тоқтам болмай тұр. Мәселен, Оңтүстік Кореядан депортацияға ұшыраған азаматтарға атамекендеріне қайта баруы үшін аты-жөндерін өзгертуге және төлқұжаттарды жасауға заңсыз көмек бергені үшін Сайрам аудандық әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің бастығы Б.Сейітқазинованың және Х.Атажановтың үстінен қозғалған қылмыстық істі облыстық ішкі істер департаментінің тергеушілері 7 ай бойы жүргізгенімен, нақты нәтижеге қол жеткізе алмапты. Ол арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданғаннан кейін ғана өгіз аяңмен келе жатқан іске қамшы салынғандай болады. Нәтижесінде Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен Х.Атажанов 7 жылға бас бостандығынан айырылыса, Б.Сейітқазинова бір жылға шартты жазаға кесілді. Департаменттегі тергеушілердің өздері бұра тартып, біліксіздік танытып жатқанда аудандағы тәртіп сақшылары туралы не айтуға болады?! 

Айтқандай, жуырда ішкі істер департаментінің есеп-қисап бөлімінде жымқырылған 18 миллион теңгеге қатысты қылмыстық істің те негісіз созбалаңға салынғандығы белгілі болып отыр. Оны жүргізген қаржы полицейлері прокурорлардың нұсқауларын орындамай, соның салдарынан істі қайта-қайта тығырыққа тірей бергені «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» кері ме?! Бірақ  прокурорлардың табандылығының арқасында жемқорлардың ісі Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотына жолданды. Соттың бұған қандай төрелік айтатынын жуық арада білетін боламыз.  

Ал, енді  осындайда қайта-қайта сүрініп, ұятқа қалып жатқан лауазымды басшыға араша түсіп, қорғаштаушылардың табыла кететіні ежелден келе жатқан әдет емес пе?! Өткен аптада Мәжіліс депутаты Нұрдәулет Сәрсеновтың оңтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларына қатысты айтқан мәлімдемесінен кейін облыстық ішкі істер департаментінің 3887 ардагері мен қоғамдық ұйым, партия жетекшілері қол қойған ашық хат, дәлірегі араша хат Сенат Төрағасына, Премьер министрге және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарына жолданды. Хаттың бір данасы біздің редакциямызға да келіп түсті. Оған  қол қоюшылардың айтуынша, Н.Сәрсеновтың мұндай мәлімдеме жасауына итермелеген елдің жайы, халықтың мұңы емес, оның астарында ішкі істер департаменті басшыларына деген қыжыл жатқан көрінеді. Естеріңізде болса, былтыр аты-жөні белгісіз бір азамат Оңтүстік Қазақстан облыстық жол полициясы басқармасындағы келеңсіздіктерді тізіп, қаржы полициясы бастығының блогына домалақ арыз тастағаны белгілі. Департаменттің кәнігі ізкесушілері арыздың авторын ұзатпай-ақ анықтапты. Ол аталған басқармадағы бастықтың орынбасары қызметін атқарған Данияр Жаманбаев болып шығыпты. Өзінің жасаған әрекеті үшін арызқой деген жаман атқа таңылып, ішкі істер огандарынан босатылған Д.Жаманбаев бақсақ Нұрдәулет Сәрсеновтың күйеу баласы екен. Әрине, бұл жерде біз Н.Сәрсеновты ақтайық болмаса даттайық деп отырғанымыз жоқ. Мұны мәжіліс депутатының адамгершілігіне қалдырдық. Бірақ бізді таңқалдырғаны, ардагерлердің жалпақ елге жария болған жайттардың бәрін «жаптым жала, жақтым күйеге» теңеп, Сәрсеновтен кешірім сұрауды талап еткені болды. Олар депутаттың мәлімдемесі «кеудесін оққа тосып, қылмыскерлермен күресіп және түрлі құқық бұзушылықтың алдын алып, уақытпен санаспай күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген үлкен ұжымның еңбегін жоққа шығарып, 6 мыңға таяу полиция қызметкерлерінің абыройларына орны толмас нұқсан келтірді» депті. Арағайындық жасаушы ардагерлер мұнысымен нені тұспалдамақ болды? Сонда олар облыстық прокуратураның тексеруінен кейін ішкі істер департаментіндегі есеп-қисап бөлімінде 18 миллион теңгенің жымқырылғанын жоққа шығарғысы келе ме, болмаса Досымовтың жеке ұсынысымен тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығынан департамент бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған А.Максаковтың бұрынғы жұмысындағы былық-шылықты жасыру мақсатында қаржы бақылау жөніндегі комитеттің тексерушісіне 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермек болғаны үшін тұтқындалып, сот үкімімен 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылғанын өздері айтқандай «базар әңгімесіне» телігісі келеді ме?! Реті келгенде айта кетейік, мемлекеттік айыптаушылар сотқа А.Максаковты 9 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді ұсынған болатын. Бірақ ол жеңіл жазамен құтылып кетті.

Ең бастысы, мемлекеттік сатып алу мәселелерімен айналысып, қаржылық қитұрқылықтарға барған А.Максаковтың департамент бастығының орынбасары қызметіне қонжиа қалуы да тегін дейсіз бе?!  Кейінгі кездері Қаржы полициясы агенттігі төрағасы мен Ішкі істер министрінің блоктарына департаменттегі кадр саудасының шектен тыс қызып кеткені, креслоларға аукцион өткізудің түрлі-түрлі әдістерінің пайда болғаныны жөніндегі арыздардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені де көп жайтты аңғартпай ма?! Ішкі істер департаментін тұмшалап тұрған сыбайластық әлі де сейілмеген сыңайлы. Бірақ өзінің орынбасарының сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, сотты болғанына қарамастан С.Досымов креслосын сақтап қалды. Бірақ күнен-күнге  арзандап бара жатқан полицейлік абыройын сақтап қала алады ма? 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Мырзахметовтың аты озып тұр
Сүгірбаев отставкаға сұранып тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу