Президент тапсырмасын Түркістан облысының әкімі де орындады
Oinet.kz хабарлайды - Әкімдермен болған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оларға халыққа жақын болу үшін әлеуметтік желілермен жұмыс істеуді тапсырған болатын.
«Біз қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйін уақтылы білуіміз және оларға дер кезінде жауап беруіміз керек. Қоғамдағы ахуалды бес саусақтай біліп отырған абзал. Әсіресе, сайлау алдындағы кезеңде әкімдер қоғамдық сұрауларға тез жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.
Әлеуметтік желілермен тиянақты жұмыс істеу керек. Мессенджерлерде түрлі топтар ашып саясатты түсіндірген оңай. Осы арқылы қоғамдағы ахуалды қалыпты түрде басқаруға болады. Халықпен кері байланыс әлі дамымай тұр. 17 әкімдіктен төртеуінде ғана Колл орталықтар бар. Сондай-ақ, жеті өңірде ғана мобильді халықтық бақылау бар», - деген еді Президент.
Тапсырмаға орай, Түркістан облысының әкім Өмірзақ Шөкеев Фейсбук желісінде өзінің парақшасын ашты. Мұнда ол:
"Құрметті отандастар!
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер көптеген қызмет салаларында маңызға ие және қоғаммен байланыс үшін ең танымал платформа болып қала береді. Әлеуметтік желілерді пайдалану - уақыт талабы.
Соған сәйкес, енді "Facebook" әлеуметтік желісінде өз парақшамды ашып отырмын. Бұл парақша арқылы аймақтағы жаңалықтарды және өзгерістерді хабарлайтын боламын.
Сонымен қатар, маған Сіздердің пікірлеріңізді білу және ұсыныстарыңызды қарап, жауап беру маңызды. Енді #Shokeevke_suraq хэштегі арқылы өз пікірлеріңізді, тілектеріңізді қалдыра аласыздар.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімі - облыс және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Бұл тарихи қадам рухани астананың жаңа мүмкіндіктерін ашты.
Бүгінгі күні қасиетті қалада ауқымды өзгерістер болып жатыр, жаңа қала салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қызу түрде жалғасады.
Менің алдымда үлкен міндеттер тұр. Басты мақсат - облыс халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту.
Осы аптада мен Келес және Сарыағаш аудандарына барып, шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардың жұмысымен таныстым. Жерлестерімнің еңбекқорлығы мен облыстың әлеуеті зор екенін атап айтқым келеді. Мұндай сапарлар алдағы уақытта да жалғасатын болады" деп жазды.