Көктембек Кентауды көш соңында қалдырды

Oinet.kz 23-07-2010 1142

Screenshot_8.jpg

Бірден айтайық, облыс әкімдігінде  Кентау қаласының әкімі Көктембек Табылдиевтың берген есебін тыңдағанымызда бастапқыда тәп-тәуір тірліктер тындырылған екен деп сүйсініп-ақ қалған едік. Алайда облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларының жасаған баяндамалары сүйсінген көңілімізді су сепкендей басты.  Сонда бұл алдын ала ойластырылған сценарий ме, әлде бәрінің ойы шынымен бір жерден шыққаны ма? Қалай болғанда да әкімдіктің мәжілісіндегі  мәселені қозғайық.

     Тексеру нәтижесі  көрсеткендей Кентау қаласындағы көптеген тірліктер  тек қағаз бетінде іске  асырылып жатқанын  айтпағанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрлысы, сондай-ақ, ішкі саясат бөлімдері мемлекеттік сатып алу конкурсында өрескел кемшіліктер жіберген. Төмен баға ұсынғандарды емес, жоғары баға берген қатысушыларды жеңімпаз деп таныпты. Осыған байланысты облыс әкімі А. Мырзахметов талапты біле тұра осындай кемшіліктерді жіберген мемлекеттік қызметкерлер заң  алдында жауап берсін деген нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, Кентау өңірімізде жұмыссыздардың саны жағынан ең бірінші орында тұрған қала. Мәселен, облыста  бұл көрсеткіш 6,4 пайыз болса, кеншілер қаласында  жұмыссыздық деңгейі 8,6 пайызды құрайды. 

--Ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілетін аудандарда өнеркәсіптің неге дамымай отырғанын түсінуге болатын шығар. Ал Кентауда өнеркәсіптің, өндіріс орындарының неге өркендемейтіні түсініксіз. Айталық облыс бойынша қаланың өнеркәсіп өніміндегі үлесі бар болғаны 3-ақ пайыз. Облысымызда шағын және орта бизнесті  дамытуға жақсы жағдай жасалған. Кентаудан жалпы құны 277 миллион теңге болатын 105 жоба ұсынылғанымен оның 5,3 миллион теңгелік 13 жобасы ғана мақұлданған. Тым болмаса жартысына да жетпейді. Осыған жауапты бөлім қайда қарап отыр?  Талдау, зерттеу болмаған. Жұмыс жүргізілмеген. Сонда әкімдік, әкім қайда қарап отыр?,-- деді облыс басшысы Асқар Мырзахметов.

  Сондай-ақ,былтыр Кентауда іске қосылған Экскавтор зауыты жергілікті әкімдіктің жұмысы емес, облыстың ұйымдастыруымен болған тірлік екенін еске сала кеткен Асқар Исабекұлы бұл бағытта жұмыстың мүлдем жүргізілмей жатқанын  айтты. 

  P. S. Жиында  аудан мен қала әкімдіктері арасында түзілген рейтингі  бойынша Кентау қаласы  ең соңғы 15-ші орында тұрғаны айтылды. Осыны тілге тиек еткен облыс әкімі жасалынған жұмыстарға «қанағаттанғысыз» деген баға берді. Осыған байланысты  алдағы уақытта  кейбіреулердің  қызметке қаншалықты лайықты екені қаралатын болса, жіберген өрескел кемшіліктері үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және білім бөлімдерінің бастықтары  орындарын босатылсын деген ұсыныс айтылды.    

 Есесіне, Табылдиев қарамағындағы кейбір «боевик» әкімдердің тәртібін түзеуде табандылық таныта алмай отырғаны анықталды. Тарқатып айтсақ, оның қарамағындағы  ауыл әкімі «тентек суға» тойып алып арқасында  мердігер компанияның өкілдеріне қоқан-лоқы көрсеткен. Ал қала әкімі К. Табылдиевтің қарамағындағы әкімнің тәртіпсіздігін онша теріс көрмегені шығар, оған тек сөгіс берумен шектеліпті. 

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Әкімдердің делдалдарға әлі келмей ме?
Бүйтіп шеруге шыққанша...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу