Әкімдердің делдалдарға әлі келмей ме?
Айдың-күннің аманында, жоғары жақтағылар қамбамыз астыққа толы деп «жарнамалап» жатқанда халқы көп, қазағы қалың Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында нанның бағасы қымбаттап шыға келді. Оңтүстікте тұтынушылары көп екенін білетін нан өнімдерін өндірушілер бағаны өсіру арқылы табыс тауып қалғысы келген секілді. Әйтпесе, нанның қымбаттау себебін Үкіметтегілер де түсінбей отыр. Осы мәселеге қатысты Үкімет өткен аптаның сенбісінде шұғыл кеңес өткізді. Сондай-ақ, нанның бағасы осы аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысында да талқыланды.
Алғашқы отырыста Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев нанның қымбаттауына нан өнімін өндірушілердің сөз байласуы себеп болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайтынын білдірді. Шілденің ортасында оңтүстік облыстарда нанның бағасы 30 пайызға көтеріліп, 5-7 теңгеге қымбаттаған болатын. Ал, шілденің 15-індегі мониторинг бойынша, бірінші сұрыпты бір келі ұнның бағасы Шығыс Қазақстан облысында - 2 теңгеге, Жамбыл облысында - 2 теңге, Қызылорда облысында - 1 теңгеге өссе, Павлодар облысында керісінше - 1 теңгеге, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында 5 теңгеге төмендеген. Бұл басқосуда нан өнімдерінің ғана емес жалпы азық-түлік бағасы әңгіме болды. Жаз айларында сұраныс өсе түсетін және соған орай бағасы да «құбылмалы» болып тұратын қантыңыз биыл арзандап отыр. Қанттың бағасы Ақмола облысында - 1 теңгеге, Ақтөбе облысында - 14, Шығыс Қазақстан облысында - 4, Қостанайда - 10, Қызылорда облысында 17 теңгеге төмендепті. Жалпы республика бойынша қант 4 теңгеге арзандаған. Вице-премьер Ө.Шөкеевтің айтуынша, күріштің бағасы да арзандаған. Мысалы, күріш Маңғыстау облысында - 13 теңгеге, ал Алматыда 27 теңгеге төмендеген. Оған керісінше, Астанада бірқатар азық-түлік тауарлары қымбаттап отыр. Атап айтқанда, Астанада арпа жармасы - 17 теңгеге, ұнтақ жарма - 40 теңгеге, сондай-ақ сарымай 37 теңгеге жоғарылаған. Вице-премьер Астана әкімдігіне бұл мәселені анықтап, шешімін табуды тапсырды. Ал Жамбыл облысында бағаға байланысты жағдай қиындау. Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының (сүт, сарымай, айран, ірімшік, сәбіз) бағасы негізінен Жамбыл облысында жоғарылаған.
Ө. Шөкеев өңірлердегі азық-түлік мәселесі бойынша жергілікті атқару органдарына тиісті шараларды қабылдауды жүктеді. Нақты мерзім белгіледі және сол мерзімде тиісті шара қабылдамаған әкімдерге тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті. «Босаңсудың реті жоқ. Күнделікті бағаны бақылауда ұстау керек. Әсіресе, осы мәселені қадағалайтын әкім орынбасарларының жұмысы қарқынды болуы тиіс»,- деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, еліміздің өзге өңірлерінде нанның бағасы тұрақты. Қазіргі таңда 1 тонна астықтың бағасы 15-16 мың теңгеден 20-21 мың теңгеге дейін өскен. Ұнның бағасы да қымбаттап отыр. Сала министрі оны болмашы ғана қымбаттау деп бағалады. «Еліміздегі ұн өндіретін барлық жүйе құрушы кәсіпорындар соңғы айларда жоғары сортты ұнның бағасын небәрі 2 теңгеге, ал бірінші сортты ұнның бағасын 3 теңгеге өсірген. Яғни, ұнның бағасы күрт қымбаттамаған. Зауыттағы нанның құнындағы астықтың үлесі шамамен 50 пайызды алады. Сондықтан ұн бағасының азғантай ғана қымбаттағаны нан бағасының күрт қымбаттағанына себеп болып табылмайды», деді министр. Ө.Шөкеев елімізде нан бағасының қымбаттауына ешқандай алғышарттар жоқ деп есептейді. Жергілікті билік органдарының делдалдарға бақылау орната алмай, арқаны кеңге салушылығы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы нан бағасының қымбаттауына алып келген. Оңтүстік өлкеде тек нан өнімдері ғана емес, бірқатар азық-түлік те қымбаттап отыр. Мысалы, Жамбыл облысында жұмыртқа 11 теңгеге, ал сары май 10 пайызға, айранның бағасы Оңтүстік Қазақстанда - 30, Жамбыл облысында -33 теңгеге өскен. «Жамбыл облысында ірімшік 50 пайызға, картоп, қырыққабат, сәбіз 64 теңгеге өсіп отыр. Неге олай? Шара қабылдаңыздар. Баға саясатын тұрақтандыру үшін шара қабылдамаған әкімдерге тәртіптік жаза қолданылатын болады», деді Ө. Шөкеев.
Қазақстанда ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті. Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдеуінше, ағымдағы жылғы шілденің 1-гі жағдай бойынша республикамызда өткен жылдан қалған 7 млн. тоннаға жуық астық бар. «Елімізде 6,3 млн. тонна азық-түліктік бидай бар. Элеваторларда 5,6 млн. тонна астық сақталып тұр, оның 3,6 млн. тоннасы азық-түлік корпорациясының астығы. Егер біз биыл тіпті пессимистік болжам бойынша 15 млн. тонна астық жинайтын болсақ, онда тұтастай алғанда маркетингтік жылдың басында сақтаулы тұрған қорды қосқанда елімізде 22 млн. тонна астық болады. Осылайша біз сөз жоқ ішкі сұранысты қамтамасыз ететін боламыз. Еліміз наннан таршылық көрмейтін болады», деді министр А. Күрішбаев. Сондай-ақ, ол «Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан бағасы өсуіне байланысты жасалған талдауға қарағанда, бағаның жоғарылауына қандай да бір айғақты негіз жоқ. Бұл фактілерді бөлек құрылымдардың алып-сатарлық іс-қимылдары ретінде бағалау керек. Еске сала кетейік, 2008 жылдың басында астық бағасы 230-250 АҚШ долларын құрады. Сол кезде бір бөлке нанның бағасы республика бойынша орташа 46 теңгеден айналды. Бүгінде астық бағасы 140-150 АҚШ долларын құрайды. Алайда, нанның бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ, яғни 43 теңгеден», - деді.
«Азық-түлік» корпорациясы оңтүстік өңірлерге тағы да 100 мың тоннаға жуық астықты жеткізуді жоспарлап отыр. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 20,6 мың теңге көлемінде «Азық-түлік» коопорациясының 49 мың тонна астығы бар және олар нан бағасын тұрақтандыру үшін осы арзан астықты облыстардың диірмен кәсіпорындарына жеткізе бастаған. Үкімет отырысында Премьер-министр Кәрім Мәсімов сыртқы нарықта астықтың бағасы жоғарылағанымен, Қазақстандағы нанның бағасы өзгермеуі тиіс екенін мәлім етті. Сондай-ақ, Үкімет басшысы 2007 жылдың күзінде күтпеген жерден бағаға байланысты проблема туындағанын командасының есіне салып, ондай жағдайлардың енді қайталанбауы тиістігін ескертті.
oinet.kz мұрағатынан