Хаметов емтиханды «екіге» тапсырды

Oinet.kz 23-07-2010 1033

Screenshot_6.jpg

Мақтарал ауданы әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары қызметімен хош айтысуы мүмкін. Аталған ауданның әкімі Қасымбек Хаметовтың жартыжылдықта атқарған жұмысы  туралы облыс әкімдігіне берген есебінің қорытындысы,  міне осындай. Егер Мақтаралдағы жағдай алдағы уақытта да түзелмесе, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі айтқандай бұдан да қатаң шара көріледі. Ал, бұл қатаң шара «Егер қызметін дұрыс жолға қоя алмаса, Қ.Хаметов орнын қолынан іс келетін басқа біреуге босатып береді» дегенді меңзегендей болды.

Мінбеде тұрып «биыл жақсы жетістіктерге жеттік, бюджет түсімін 11 пайызға артығымен орындадық. Елді мекендердегі су жүйелерін коммуналдық меншікке қабылдадық (оның қалай қабылданғаны жөнінде біз өткен нөмірімізде жан-жақты жазғанбыз, «Кімге сенемі? Халыққа ма, Хаметовке ме?). Аудан халқының 96 пайызы құбырдан су ішеді» деп, құрғақ цифрларды сайратқан Қ.Хаметовтың есебі Мақтаралдағы шынайы жағдайдың тек бергі жағы екен. Ал, арғы жақта не болып жатқаны облыс әкімі орынбасарларының өз саласы бойынша жіліктеп тұрып берген мәліметтерінен кейін белгілі болды. 

 Бар-жоғы 1,5 пайыз

Мақтарал 300 мыңнан астам халқы бар, еңбекқорлығымен танылған аудан. Бірақ ауданда шығарылатын өнеркәсіп өнімдері облыстың бар-жоғы 1,5 пайызын ғана құрайды.  Қайта өңдеу саласына аудан әкімдігі тарапынан мән берілмейді. Бүкіл Мақтарал ауданы бойынша бірде-бір диірмен жоқ, халық ұнды сырттан тасымалдайды дегенге сенесіз бе? Мырзашөл өңірінде өнеркәсіпті дамытудың мол мүмкіндігі ескеріле отырып кәсіпкерлік  жобаларды қаржыландыру үшін республикадан жеңілдетілген  2,5 миллиард теңге несие бөлінген. Оның 100 миллион теңгесінен қалғаны игерілуісіз жатыр. Сонда халық жалқау ма, әлде әкімдік жалқау ма? Елді мекендердегі ауыз су құбырларын түгендеу жұмыстарын аудан әкімдігі өз деңгейінде ұйымдастыра алмаған. Көгалдандыру жұмыстары да жоспардан кейіндеп қалған. 

Мұғалімдер жалақысыз қалуы мүмкін

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың айтуынша,  Мақтарал ауданындағы мұғалімдердің біразы жыл соңына қарай жалақысыз қалуы мүмкін. Өйткені ауданда білім қызметкерлерінің айлығы жыл басында дұрыс жоспарланбаған. Бақандай 148 миллион теңге жетпейді. Ауданда алдағы уақытта 4 білім нысаны іске қосылуы керек. Бұл нысандарды ұстап тұру үшін 195 миллион теңге керек. Бұл мәселеге де аудан тарапынан ешқандай мән берілмеген. Сонда  білім беру мен экономика бөлімдерінің басшылары қайда қарап отыр? Аудан әкімдігі тарапынан бұған неге көңіл бөлінбейді? 

Биыл ауданда білім беру нысандарының құрылысына жалпы көлемі 1,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Жартыжылдықта соның бар-жоғы 15 пайызы ғана жұмсалған. Бұл қарқынмен жыл соңына дейін қаржы тағы игерусіз қалады. Мәселен, Қарақай ауылдық округіндегі 350 орындық мектепке 16 миллион теңге бөлінген. Соның бүгінгі таңда онда 2,2 миллион теңгенің жұмысы ғана атқарылған. Ал, Алмалыдағы орта мектеп құрылысы бойынша бір теңгенің де жұмысы тапсырылмаған. 

Облыстық қаржы бақылау инспекциясының тексеруі кезінде Мақтаралда ауыз суға бөлінген қаржылардың жоспарсыз, мақсатсыз жұмысалғаны анықталып отыр. Тексеру қорытындысына қарағанда, 17 елді мекенге орнатылған су тазалағыш қондырғылардың 6-ауы су көздеріне қосылмаған, 11-інде халықтың бұл қондырғыға деген сұранысы жоқ. Осы аталған шаралардың бәрі «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Сонда бұл әлеуметтік маңызы бар жобаға бөлінген  қаржысын оңды-солды шашу үшін кім жауап беруі керек? 

 «Дәрежелеріңіз өте төмен»

Мақтаралда жолаушылар тасымалдайтын автобустар талапқа бағынбайды. Алматы, Астана бағытында шығатын көліктер бақылаусыз қалған. Олардың көпшілігінің тиісті куәліктері жоқ. БылтырМақтаралдан шыққан автобус Қарағандыда жол апатына ұшырап, тоғыз адам қайтыс болған. Кім біледі егер аудан әкімдігі жол полициясымен, көлік инспекциясымен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізгенде мұндай қайғылы жайт орын алмас па еді? Ауданда сақалды құрылыстар көп. Жоспарға жиі өзгеріс енгізу белең алған. Тапсырыс беруші--ауданның құрылыс бөлімі жұмысын дұрыс жолға қоя алмай отыр. Мердігер компаниялар арасында тиісті міндетін орындай алмағандықтан әкімшілік жауапқа тартылғандары көп. Үш мәртеге дейін айыппұл төлегендер де бар. «Мәселен, Қарақай ауылдық округіндегі  350 орындық мектептің құрылысына 2008  жылы 56 миллион теңге, ал,  2009 жылы  329 милион теңге бөлінген. Мердігердің сол жылы иегере алмаған 30 миллион теңгесі жыл соңында облыстық бюджетке қайтарылған. Ал, биыл осы 30 миллион теңгені аудан әкімдігі мердігерге жеті айға бөліп берген. Ал, 30 миллоион теңге жалпы қаржының 5 пайызын ғана құрайды. Аудан әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары мердігерге 30 миллион теңгені жеті айға қандай мақсатпен беріп отыр? Менің ойымша, олар былтыр атқарылмаған жұмыстарға да қаржы аударып жіберген. Мердігер сондықтан оны иегер алмай отыр. Осы мектепті наурыз айында бітіруге болар еді. Мен осы жағдайға шара көруді былтыр шілдеде айтқанмын. Қыркүйекте тағы айттым. Орындамадаңыздар. Аудан әкімдігі тарапынан бақылау жоқ. Дәрежелеріңіз өте төмен» --деді Болатбек Әлиев. 

Облыс әкімдігі «Нұр отан» партиясымен бірлесіп жүргізген тексеруі кезінде аудан көлемінде «Жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан құрылысқа көрші елден келген гастайбартерлердің тартылғанын анықталыпты. Сонда «Жол картасының» Елбасының бастамасымен қаржы дағдарысы кезінде  халықты жұмыспен қамту үшін жасалған әлеуметтік шара екенін аудан әкімдігі білмегін ме? Бұдан кейін «дәрежелеріңіз өте төмен» деген сөздің негісіз еместігі байқалмай ма? 

 Мақтарал қай дәуірде өмір сүріп жатыр?

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Б.Жылқышиевтің айтуынша, Мақтаралда әлі күнге кеңестік атауларын сақтап қалған елді мекендер бар. Мәселен, Киров, Жданов, 40 лет Казахстана...Аудан мектептерінде жұмыс істейтін 216 психологтың 115-і мамандығына сәйкес келмейді. 2009 жылы аудан түлектерінің 75,1 пайызы ҰБТ-ға қатысса, биыл ол 66,4 пайызға түскен. Мәдениет саласы да ұмыт қалған. Мыңннан астам тұрғыны бар 66 елді мекенде не клуб, не кітапхана жұмыс істемейді. Өйткені бұған бюджеттен қаржы қаралмаған. Аудандағы 120 мектептің 63-інде, яғни жартысынан астамында асхана жоқ, ал 62-сінде спорт зал жоқ. Мақтаралда қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға өскен. Оның ішінде оқушылар арасындағы тәртіпбұзушылық 1,8 есеге артқан. Облыс әкімдігіне аудан тарапынан жолданған арыз-шағымдар  да биыл 28 пайызға өсіп отыр. Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков «2009 жылы ауданда республикалық бюджеттің есебінен 13 коммуналдық тұрғын үй салынған. Осы тұрғын үйлердің төртеуі азаматтарға кезексіз берілген. Ал, Мақтаралда бюджет жалақысының дұрыс жоспарланбауы бүгін ғана кездесіп отырған жоқ» деді. Әрине, жалақы кешігіп, әділетсіздік орын алған соң  арыз жазудың алға басуы заңдылық қой.        

«Айту жеткілікті болып жатыр, бірақ одан нәтиже жоқ» 

--Оңтүстік Қазақстан облысында халықтың көп шоғырлануына байланысты республикадан қаржы көп бөлініп жатыр. Аз деп ешкім айта алмайды. Мемлекет мойнына алған міндетін шешіп келе жатыр. Ал, осы қаржыны игермеу, халықтың игілігіне жаратпау барып тұрған қылмыс. 300 мыңнан астам халқы бар Мақтарал ауданында 20 кәсіпорын ғана жұмыс істейді. Өнеркәсіп өнімдерін шығарудағы үлесі 1,5 пайыз. Ауыл шаруашылығы министрімен осы ауданға барып 2,5 миллиард теңге көлемінде несие бөлдірдік. Соның бар-жоғы 100 миллионы ғана игерілген. Ұсақ агроқұрылымдарды ірілендіруге берілнген тапсырманың 30 пайызы ғана орындалды. Айту жеткілікті болып жатыр, бірақ одан нәтиже жоқ,--деді Қ.Хаметовтың есебіне көңілі толмаған облыс әкімі. 

 P.S. Әкімдердің есеп беруі кейінгі кезде жаттанды сценарий бойынша жүзеге асатын науқандық шараға айналғанын жасырып қайтеміз. Есеп беретін шенеуніктің баяндамасынан кейін алдын ала дайындалған азаматтардың әкімді мақтап, жарыса жамырауына етіміз үйренді. Бұрынғы облыс басшысы Нұрғали Әшімов те осындай үрдістен ұзай алған жоқ десек, мұнымызға ешкі дау айта қоймас. Ал, Асқар Мырзахметовтың қалыптасқан дәстүрді бұзып, аудан, қала әкімдерінен атқарған жұмысы жөнінде жарты жыл сайын есеп алып, ол жиынға сол ауданның барлық басшыларын, ақсақалдарын, төбе билерін арнайы шақыртқаны қолдауға тұрарлық бастама. Бірақ ауру қалса да әдет қалмайды екен. Жоғарыдағы есеп беру жиынына қатысқан мақтаралдық ауыл ақсақалдарының Қ.Хаметовты қорғаштап, қиын жағдайда оған сүйеу, демеу болуға тырысқаны бұл жолы тым ерсілеу көрінді. Кім біледі, «әкіміміз қызметінен кетіп қалады» деп қорықты ма екен?! Мінбеге шығып, Хаметовтың астына көпшік қойғандардың қарасы көп болып кетер ме еді, егер облыс әкімінің өзі «Әкімге адвокат болудың қажеті жоқ» демегенде. 

Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары мінбеге шығып, «Әкімімізге халықтың көзқарасы түзу. Ал кемшілік бұрын да болып келген. Оны бір күнде түзеп тастау мүмкін емес. Соңғы кезде білім саласының нашарлап кеткені рас. Былықпайлардың бәрі бұрынғы басшының кезінде болған (аудан әкімімен соттасып, ақыр аяғында қызметінен кеткен Мақтарал аудандық білім беру бөлімінің бұрынғы бастығы Мәлік Ырсымбетовты айтып отырса керек)» деді. Ақсақалдың «Аудан әкімінің қызмет атқарып жатқанынан бір жарым жыл ғана болды. Соны ескерсеңіз» дегенін не  ұсыныс-пікір, не облыс басшысына айтқан базынасы екенін түсінбедік.  

Мақтаралда мәселе қашанға дейін осындай қазақбайшылық жолмен шешілер екен? 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Әлтаев қазақ тілін босағадан сығалатып қойды
Әкімдердің делдалдарға әлі келмей ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу