65 жыл кешіккен шындық: Рейхстагқа ту тіккендер
Ресейдің Әскери-тарихи институты 1-ші Белорус майданы 3-ші армияға қарасты 150-ші атқыштар дивизиясының лейтенанты, қазақстандық жауынгер Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа алғаш болып ту тіккенін ресми түрде растады. Осылайша арада алпыс жылдан астам уақыт өткен соң тарихи шындықтың беті ашылды. Р.Қошқарбаевтың бұл ерлігі бұған дейін де оқулықтарда жазылып жүргенімен, ресми тарих Рейхстагқа ту тіккен батырлар ретінде Егоров пен грузин Кантарияны танып келгені белгілі.
Осы тарихи оқиға туралы батырдың өзі естеліктерінде былай деп жазады:
--Комбат Давыдов мені терезенің алдына әкеліп, («Гиммлердің үйінің» терезесіне) қолыма оралған туды ұстатты да «Өзіңе қажетті адамдарды ал. Рейхстагқа барып ту тігуің қажет» деген тапсырма берді.
Мен бір топ барлаушыларды алып, Рейхстагқа беттедім. Бірақ жаңбырша жауған оқтан олардың көпшілігі қалып қойды. Соңымнан Григорий Булатов қана ілесті. Ол маған «Жолдас лейтенант енді не істейміз?» деген сұрақты үнемі қоюмен болды.
Біз су толған шұңқырда біраз уақыт аялдадық. Осы кезде мен Булатовқа «Жалауға өзіміздің есімдерімізді жазып қойсақ қайтеді?» деген ұсыныс айттым. Осыдан кейін менің қалтамдағы карандашты алып, «674-ші полк. 1 баталъон, лейтенант Қошқарбаев, қызыләскер Булатов» деп жаздық.
Шұңқырда біз қараңғы түскенге дейін жаттық. Бір кезде арртерлерия дүрсілдете оқ атты. Осы сәтті пайдаланып, Рейхстагқа қарай жүгірдік. Ғимаратқа жеткен соң Булатов менің иығыма шығып, екінші қабатқа қызыл туды тікті».
150 атқыштар дивизиясының ұрыс қимылдары туралы журналға да тарихи шындық осы қалыпта берілген. Онды былай дейді: «1945 жылдың 30 сәуірінде сағат 14.25-те лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов Рейхстаг ғимаратының кіре беріс бөлігіне қызыл жалауды қадады». Ал, Кеңес Одағының батыры И.Клочков өзінің «Рейхстагқа шабуыл» деген кітабында: «Лейтенант Қошқарбаев бірінші болып қызыл жалауды ғимараттың колонасына тікті» деп жазған.
Осындай ерлігі үшін Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовқа Кеңес Одағынығң батыры атағын беру туралы ұсыныс болғанымен, қос батыр тек қызыл Жұлдыз орденін алумен ғана шектелді.
Рақымжан Қошқарбаевтың тарихи ерлігін мұрағат құжаттармен дәлелдеуге қазақстандық ғалым Болат Асановтың қосқан еңбегі зор. Ғалым Қошқарбаев пен Булатовқа кеш те болса Кеңес Одағының Батыры атағына беру туралы Ресей президентіне хат жазғанымен, одан әзірге жауап жоқ.
Көпшілік Рақымжан Қошқарбаевтың жеке өмірі туралы да біраз шындықты біле бермейді. Ақмола облысында туыс-өскен батырдың әкесі Қошқарбай Мусин отыз жетінші жылдары «халық жауы» ретінде қуғын-сүргін ұшыраған. Рақымжанның өзінің де кезінде «халық жауының» ұлы ретінде талай қиындықты бастан кешіргені енді ғана айтыла бастады. Соғыстан кейінгі жылдары ол «Алматы» қонақ үйінің дриекторы қызметіне атқарып, зейнеткерлікке шықты. 1988 жылы қайтыс болды. 1999 жылдың 7 мамырында оған Қазақстандағы ең жоғарғы белгі—«Халық қаһарманы» атағы берілді. Қазір батырдың аты Алматыдағы, Астанадағы көшелерге, мектепке берілген.
Ал, Григорий Булатовтың тағдыры аянышты көрінеді. Соғыстан кейін өзі туып-өскен Киров облысы Слобода қаласындағы зауытта жұмыс істейді. Ұзақ жылдары бойы өзінің жасаған ерлігі туралы ешкімге жақ ашпапты. Бірақ арада жиырма жыл өткен соң Рейхстагқа алғаш болып ту қадағанын дәлелдемек болады. Бірақ онысынан ештеңе шыға қоймаған. Тіпті, бертінде мазаққа айналып, жолдастары оған «Гриша-Рейхстаг» деген лақап атты да таңады.
1973 жылдың 19 сәуірінде ол өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған.
"Рейтинг" газеті №16, 6 мамыр 2010 жыл